Инженер-механик кәсіпке қалай бет бұрды?

Алматы облысының Райымбек ауданында өмірге келдім. 8-сыныптан бастап Алматы қаласында дарынды балаларға арналған мектепте білім алып, мектеп бітірген соң  Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің мұнай-газ саласына оқуға түстім. Мамандығым — инженер-механик.

Бағдат Тоқтарбеков, жас кәсіпкер
Бағдат Тоқтарбеков ©Айгүл Хожантаева

Мұнай-газ саласында жұмыс істеу үшін еліміздің батыс өңірлеріне бару керек. Ал менде ондай мүмкіндік болмады. Сондықтан,мамандық бойынша жұмыс істемей, әр түрлі салаларда бағымды сынап көрдім, түрлі компанияларда қызмет еттім.

Фатима үйретуші қуыршағын қолға алғаныма бір жыл болды. Пайдалы іспен айналысқым келді. Бірде ғаламтордан ағылшын тілінде білім беретін үйретуші қуыршақтарды көрдім. Мұндай сөйлейтін, ән айтып, би билейтін қуыршақтар орыстарда да бар. Қазақ тілінде осындай бір дүние жасағым келді.

Фатима қуыршағы қандай қабілетке ие?

Дін – өте нәзік нәрсе. Сондықтан, мұсылманша үйрететін қуыршақтар шығару үшін көп ойландым. Алдымен «балаларға нені үйрету керек?» деген сауал тұрды. Бірінші мұсылманның «Раббың кім?», «дінің қайсы?», «кітабың қандай?» деген басты сұрақтарына жауаптар дайындадық. Алланың 99 көркем есімдерін жаттаттық. Сондай-ақ, қуыршақ намазда оқылатын негізгі сүрелерді үйретеді және Аллаға мадақ сөздерді және олардың мағынасын түсіндіреді.

Аталған мәтіндердің барлығын дайындаған соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы қаласындағы мүфтиятына тексеруге бердік. ҚМДБ пәтуасын берген соң қуыршақтың денесін жасау үшін Ресейдегі зауытпен келісімге отырдық. Мәтінді оқу үшін кішкентай қыз баланың дауысы керек болды. Қала маңындағы лагерьде 9-10 жасар 30 шақты қыз бар екен. Сол жерде шағын байқау жасап, Фатиманың дауысын салатын адамды таңдап алдық. Оны үйрету үшін Нұр-Мүбәрак мешітінен екі қари қызды жалдадық. Сүрелер мен сөздер араб тілінде болғандықтан, қари қыздар дұрыс дыбысталуын қадағалады. Дайындық жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілгенімен, мәтінді жазбаға түсіру бір-ақ күнде аяқталды.

Қуыршақ қалай Фатима атанды?

Балаға ат таңдау оның тағдырына қалай әсер етсе, бастаған кәсібіңнің қалай жүретіні де оның атауына тікелей байланысты. Алғашында Әмина, Айша, Азиза, Хадиша сияқты таласқа түскен есімдер көп болды. Бізге қазіргі заман мен дінді және қазақылықты танытатын әмбебап есім қажет болды. Әмина немесе Хадиша деген есім халық арасында аса танымал емес. Өз басым мұндай есімді қазақ қыздарын жиі кездестірмеппін. Фатиманың қазақшаланған Бәтима деген аты да, Фатима есімі де көпшілікке таныс. Сондықтан, қуыршағымызға Фатима деген ат қойдық.

Бағдат Тоқтарбеков, жас кәсіпкер
Фатима қуыршақтары©Айгүл Хожантаева

Қуыршақ қанша тұрады?

Қазақстанда атам заманнан қуыршақ өндіретін зауыт жоқ. Алғашында қолжетімді болуы үшін Қытай зауыттарын қарап көрдік. Бірақ, сапасы жағынан көңіл көншітпеді. Қытайдың қуыршақтары еліміздегі сертификаттау стандарттарына сәйкес келмейді. Сондықтан, қымбат болса да Ресейде өндіруді жөн көрдік. Ресейдегі зауыт тек қуыршақтың денесін жасап береді. «Сөйлеуін», киім үлгісі мен қапталуын, тұтынушыларға жеткізілуін өзіміз қамтамасыз етеміз.

Қуыршақтардың бағасы оның киім үлгісіне байланысты. Киімдерін отандық дизайнерлер жасап, арнайы ательеде тігеміз. Қуыршақтардың бағасы 10800 теңгеден басталады. Бойы 43 см болатын көлемді ойыншық болғандықтан, бағасына лайық деп ойлаймын. Иә, кез келген адамның қалтасы көтере бермейтін қаржы. Алайда, киелі істі бастаған соң сапалы болуын, талапқа сай болуын қадағалауды жөн деп шештік. Қарапайым қолданыстағы батарейкамен жұмыс істейді. Демек, жарамдылық мерзімі ұзақ. Қаншама қаражатқа роботтар мен шетелдің ойыншықтарын әпергенше, өзіміздің отандық оқытушы қуыршақтарды балаңызға сыйлаған әлдеқайда ұтымды шығар.

Фатиманы қайдан табуға болады?

Бір ғана қуыршақпен дүкен ашу тиімсіз. Өзімнің зерттеуім бойынша кез келген сауда орталығындағы танымал дүкенге орта есеппен күніне 70-100 адам ғана кіреді. Қазіргі нарық заманында оңай әрі тиімді тәсіл – онлайн-сауда. Instagram, Facebook желілері арқылы, muslimdolls.kz сайты арқылы тапсырыстар қабылдап, Қазақстан бойынша жеткізу қызметін ұсындық.

Қуыршағымызға қызығушылық танытқандар көп болды. Тамара Асар, Төреғали Төрәлі, Сиви Махмуди, Ерғали Әбдірайымов пен Ердос Қанаев сияқты жұлдыздар өздері ықылас танытып, қазақ балаларына пайдалы ойыншықтар бар екенін жарнамалап берді. Біз оларға ақша төлеп, жарнама жасауын сұраған жоқпыз. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай атамыздың сөзіне сүйеніп, игі істерді бірігіп атқарсақ, руханиятымыз жаңғыра түседі деген сенімдеміз.

Қазақстанның басқа қалаларындағы дүкендер, діни дүңгіршектер, тіпті базардағы алыпсатарлар да бізден Фатима қуыршағын жаппай сатып алады. Осылайша үйретуші қуыршақтар қарапайым халыққа қарапайым жолмен тарап жатыр.

Ер балаларға арналған батыр-ойыншықтар жасамақпыз

Өзімнің екі ұлым бар. Қызым жоқ. Қазақта қуыршақпен тек қыздар ойнайды, ер балалар көлік ойыншықтармен ойнайды деген стереотип қалыптасқан. Қандай ойыншық болса да бірінші кезекте оның балаға қандай пайдасы бар, қандай тәрбиелік мәні бар, соған назар аударуымыз керек.

Негізі ұлдарға арналған батыр бейнесіндегі ойыншықтар шығаруға бірнеше рет талпыныс жасап көрдік. Алайда, ойымыздағы ойыншықты жасай алмай жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай ойыншықтар да Қазақстан нарығында пайда болады.

Фатима – Қазақстанда аналогы жоқ жоба

Бағдат Тоқтарбеков, жас кәсіпкер
Бағдат Тоқтарбеков ©Айгүл Хожантаева

Әлемде мұсылман мемлекеттер көп. Олардың барлығында бірдей мұндай қуыршақ жасайтын мүмкіндік жоқ. Мысырда, Ресейде өндірілетін қуыршақтар туралы естуім бар. Олардың бағыттары мен функциялары әр түрлі болғанымен, мақсаты бір. Ал Фатима – Қазақстанда аналогы жоқ жоба. Мұндай әдемі ойыншықтарды әлемнің ешбір елінен таба алмайсыз деп сеніммен айта аламын. Қоғамда қазақы нақыштағы заттар қымбат болады деген түсінік қалыптасқан. Бұл рас. Себебі, ұлттық құндылықтардың құны әрқашан жоғары. Сапасы да құнына сай болады.

Қазақстанда дін мәселесі көптен бері қозғалып келеді ғой. Фатима қуыршағына сенімсіздікпен қарайтындар да кездеседі. «Діннің басқа бір бағытын насихаттамай ма?», «Кішкентай баланың басын дінмен қатырып қайтем?» деушілер де бар. Сұқбаттың басында айтқанымдай, қуыршақта қолданылған материалдардың барлығы ҚМДБ тексерісінен өтіп, пәтуасын алған. Мұнда әрбір мұсылман білуі керек кәлима, қазақ тіліндегі сұрақ-жауаптар, намазда айтылатын ең қарапайым сүрелер ғана бар.

Фатима орысша үйреніп жүр

Жасыратыны жоқ, қазіргі қазақ қоғамында балаларын орыс тілінде оқытып, орыс тілінде тәрбиелейтін отбасылар да бар. Мұсылман мемлекеттердің көпшілігі де осы тілде сөйлейді. Сондықтан, Фатима да орысша «үйреніп» жүр. Келесі жылы орысша сөйлей алатын үйретуші қуыршақтар сатылымға шығатын болады. Осы арқылы Қазақстанның қуыршақтары әлемдік нарыққа шықпақ. Қазірдің өзінде көрші Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Ресей мұсылмандарынан сұраныстар келіп жатыр.

Кәсіпкер табысты ма, шебер табысты ма?

Соңғы жылдары Қазақстанда кәсіп бастаудағы «жарылыс» кезеңі басталды. Бұл — жақсы «жарылыс». Америка халқының 50 пайызы кәсіппен айналысады. Ресейде бұл көрсеткіш 17 пайызды құрайды. Қазақтанда кәсіпкерлердің саны 5 пайызға да жетпейді. Ел экономикасының даму деңгейі кәсіпкерлердің санына тікелей байланысты. Дамыған елдер тек кәсіпкерлердің салығымен экономикасын көтереді. Ал кәсіпкерлер халық үшін қызмет етіп, жұмыс істейді.

Кәсіп бастағысы келетін қазақтардың көбі біреуге жалданып жұмыс істегісі келмейтіндер. Кәсіпкерлер көп табыс табады, бай болады деп ойлайды. Бұл жерде де кереғарлық бар. Кәсіпкер тек жұмыс барысын ұйымдастырып, өнімді тұтынушыға ұсынады. Ал оны жасайтындар — шеберлер. Әр саланың басын бір шалғанша, белгілі бір салада маман болған да табысты. Мысалы, Леонардо Ди Каприоны алайық. Ол шебер әртіс. Бір фильмнен алатын ақысы үлкен бір компанияның табысымен бірдей. Криштиану Роналду да сол сияқты.

Бағдат Тоқтарбеков, жас кәсіпкер
Бағдат Тоқтарбеков ©Айгүл Хожантаева

Өз ісінің маманы өз жұмысын жақсы көреді. Сол жұмыстан ләззат алады. Оның бос уақыты бар. Сүйікті жұмысын істеген кезде миы демалады. Ал кәсіпкерлер өмір бойы жоспар құрумен, қоғамды зерттеумен болады. Кәсіпкер демалыс уақытын да, жұмыс уақытын да өзі белгілейді.

Кәсіпкерлердің, кәсіп түрінің көп болғаны жақсы. Алайда нағыз мамандар болмаса кәсіпті жүргізу қиынға соғады. Кәсіпкер табысты ма, шебер табысты ма деген сауал әлі де болса нақты жауабын таппай келе жатқаны да сондықтан.

Жетістікке жету формуласы

Егер өз-өзін өзгерте алса, кез келген адам кәсіпкер бола алады. Қазақта «ұят» деген шымылдық бар. Сол шымылдықтан шығуға ұялады. «Қазақтар саудаға жоқ» деген сөзді мақтан көретіндер де бар. Егер кәсіпкер болғың келсе, алдыңа мақсат қой да, мақсатқа шымылдықтың артынан сығалап қарап отырма. Талпынып, алдыға қарай жүре бер. Кәсіптің негізгі принципі – сату. Сен бір компанияда жұмыс істейтініңді, не өндіретініңді немесе қандай қызмет көрсететініңді айтқанның өзінде сатумен айналысып отырсың деген сөз.

Бағдат Тоқтарбеков, жас кәсіпкер
Бағдат Тоқтарбеков ©Айгүл Хожантаева

«Адам – әдеттің құлы» дейді. Жалқаулықты жеңіп, жетістікке жету үшін жақсы әдеттерге жақын болу керек. Ол үшін арнайы психологтың көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Әр адамның психологы да, тренері де өзінің ішіндегі «мені».

Менің жетістікке жетудегі басты ұстанымым: еңбек+талпыныс=жетістік.

Оқырмандарға тілек

Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айында тілеген барлық ізгі тілектер қабыл болсын. Ауыз бекіткендердің оразасы қабыл болсын. Еліміздің іргесі тыныш болсын. Барлық Қазақстандықтар бай болсын!