Басты бетЖаңалықтарҚазақстан ең...

Қазақстан ең мықты жоғары білім жүйесі бар елдердің рейтингінде 37-орында тұр

Бұл туралы Ресей халықтар достығы университетінде өтіп жатқан QS Worldwide халықаралық конференциясында мәлім болды. Британдық Quac-quarelli Symonds компаниясының рейтингі – әлемдегі ең ықпалды тізімнің бірі. ТМД елдері бойынша Ресей көш бастап, жалпы көрсеткіште 15-орынға жайғасқан. Украина – 44, ал Беларусь 45-орында. Ал әлем бойынша ең үздік үштіктің қатарында АҚШ, Ұлыбритания және Австралия бар. Рейтинг 2004 жылдан бері жарияланып келеді. Құрамына сегіз қазақстандық университет кіреді. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті бар. Әлемдегі ең үздік университеттер оқыту сапасы, академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы бедел, сондай-ақ шетелдік студенттер мен оқытушылар саны сияқты көрсеткіштер бойынша анықталады.

Елбасы Қазақстанның жоғары оқу орындарына әлемдегі ең үздік 200 ЖОО қатарына кіру міндетін қойып отыр. ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойындалған еліміздің жетекші университеті ретінде осы маңызды мемлекеттік тапсырманы іске асыруда мақсатты жұмыс атқаруда. Соңғы бес жылда университет «QS WUR» рейтингісінде 400-ден астам позицияға көтерілді. Әлемдік тәжірибеде бірде-бір университет осындай өсу динамикасына қол жеткізбеген!

QS Quacquarelli Symonds компаниясының негізін қалаушы Нунцио Кваквареллинің айтуынша, мемлекет білім саласына ерекше көңіл аударып отырғандықтан, Қазақстан университеттері рейтингте жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Соңғы 14 жылда қазақстандық ЖОО өз қызметін дамытуда жақсы серпіліс жасады.

«Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны осы рейтингке еніп отыр. Рейтингке кірудің өзі үлкен шаруа. Ал оның ішінде алға жылжу дегеніміз қиын. Мыңның ішіне кіріп алсаңыз, топқа кірді деп есептелінеді. Біздің алдымызда да үлкен жауапкершілік тұр. Қазіргі көрсеткішімізді әрі қарай дамытып, жоғарылатуымыз керек», — деді Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры.

Бүгінде ҚазҰУ-дың таңғаларлық тәжірибесін әлемнің жетекші университеттері зерттеу үстінде, бұл университеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болып табылады. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орнының әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі артып келе жатқан рөлін ескере отырып, «QS Worldwide» Атқару кеңесі 2019 жылдың қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде бүкіләлемдік форум және жоғары оқу орындарының халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылдады. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу Қазақстанның өсіп келе жатқан беделін айғақтайды және елдің жоғары білім беру жүйесін әлемде алға жылжытуға ықпал ететін болады.