Желіде әркімге әртүрлі естілетін аудиожазба пайда болды. Адамдардың бірі Янни (Yanny) деп естісе, басқалары Лорел (Laurel) екенін айтып даусалады. Сонымен, кімдікі дұрыс?
Көбі аудиожазбаның дауысын қатайып, төмен түсіріп көргенімен, ешқандай өзгерісті байқамайды. Әуелде қандай атты естіді, сол қалпы қалады.
Шындығында, жазбада тек бір есім бар. Ол — Лорел. Ал Янни — ми жұмысының жанама әсерінен пайда болатын иллюзия.
Аризон университетінің профессоры, тіл, есту аппараттарының маманы Брэд Стори (Brad Story) кішігірім зерттеу жүргізіп көреді. Нәтижесінде жазбада тек бір есімнің бар екенін анықтаған.
Жоғарыдағы суретте үш толқын көрсетілген. Сол жақтан біріншісі — аудиожазбаның түпнұсқасы. Мұнда «л» және «р» дыбыстары бар. Осыдан-ақ бастапқыда «Лорел» сөзінің жазылғанын білеміз. Ал «Янни» қайдан келді?
Осы суреттің төменгі бөлігінде аудиожазбаның ойнатылуы көрсетілген. Мұнда «л» дыбысынан көтеріліп, «р»-ға төмендегені, одан кейін қайтадан «л» дыбысына көтерілгенін байқайсыз. Осы дыбыстарды шығару арқылы біз дыбыс толқындарын тудырамыз. Спектрограммада дәл осылар көрсетілген.
Сапасы төмен аудио жоғары жиілікте акустикалық қабылдаудың екі ұштылығын, яғни тұрақсыздығын пайда болдырады. Сол себепті адамдар «Лорелдің» орнына «Янниді» естиді.
«Янни» сөзінің дыбыс толқындарының сипаттамасы «Лорелдікімен» ұқсас. Бірақ акустикалық сипаттамасы өзгеше. Төменгі сападағы жазбаның әсерінен, 4,5 кГц жоғары жиіліктің себебінен адамдар «Янни» деп естиді.
Сондай-ақ екі түрлі есімді есту мидың жұмысына байланысты. Сіз нені күтсеңіз, соны естисіз.
Ми қай уақытта болмасын энергияны үнемдеуге тырысады. Оған жаңасын анықтағаннан гөрі, таныс дыбысты қабылдау жеңілірек.
Дыбыс фильтрациясының жұмысын да ескерген жөн. Мысалы, біз шулы кафеде бөлек отырған адамдардың әңгімесін ести аламыз. Бұрын да аңғарған боларсыз: қандай сөзге назар аударсаңыз, соны естисіз. Мұның да зейінге байланысты екенін айта кету керек.
Кейбір адамдар Янни деп те, Лорел деп те ести алады. Олардың миы жоғары жиілікке де, төменгіге де дайын тұрады.
[totalpoll id=»61212″]