Жарапазан — қазақ даласына ислам дінінің келуімен пайда болған тұрмыс-салт жырларының бірі. Оны еліміздің кейбір өңірлерінде «Жарамазан» деп те атайды. Арабтың «Жә Рамазан» деген сөзінен шыққан тіркестің мағынасы «Рамазан келді» дегенді білдіреді. Балалар мен жасөспірімдер оны Рамазан айында сәресі уақыты жақындаған кезде айтады. Ондағы мақсат — адамдарды сәресіге ояту. Еліміздің кейбір өңірлерінде оны оразаның алғашқы үш күнінде, ортаңғы үш күнінде және соңғы үш күнінде ауызашар уақыты кіргеннен бастап айтады. Ал, Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстанның кей жерлерінде бұл салт жойылып кеткен.

Жарапазанның негізгі мақсаты — осы қасиетті айда ислам дінін насихаттау, халықты жақсылыққа шақыру. Ол туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан — Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады»,- деп жазған.

балалар
©Baribar.kz

Ахмет Байтұрсыновтың жазғанындай, жарапазанды балалар мен жастар жиі айтады, дегенмен белгілі бір жастағылар ғана айтуы керек деген талап жоқ. Оны ешкім ерсі деп санамайды. Қайта адамдар жарапазан айтып келгендерге қуанып, батасын алып, оларға түрлі тәттілер мен сыйлықтар үлестіріп береді. Кейінгі кезде ақша да беріледі. Бұл туралы: «Қасиетті Рамазан айында жұмақтың есігі айқара ашылып, тозақтың есігі жабылатын қадірлі күндердің негізі. Сол үшін де халық әрбір дәметуші жанның тілегін қабыл етіп, періштенің құлағына шалынсын деген ниетпен бата алып, қолдарын бос етпей, разылығын алған. Әр үйді ақ сарайдай патшаның, ханның сарайына, ордасына теңеуі де сондықтан», -деп жазады Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының кіші ғылыми қызметкері Тоқмахан Фариза.

Жарапазан негізі үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімін үй иесіне арнап, оның жақсы қасиеттерін мадақтайды. Ол, әдетте, былай басталады:

Үйің, үйің үй екен,

Үйдің көркі ши екен.

Саба көркі бие екен,

Сандық көркі түйе екен.

Ақтөбедей көрінген,

Қандай байдың үйі екен!

Кейін дәстүрлі дінімізді насихаттап, адамдарды ізгілікке шақыратын шумақтар өлеңдетіп айтылады:

балалар
©Baribar.kz

Ассалаумағалайкум, мұсылмандар,

Мойынын хақ жолына ұсынғандар.

Құт орнап отбасыңа, бағың артсын,

Құдайым қабыл етсе, ісіңді оңдар.

Айтамыз жарапазан ауылыңа,

Бақ қонсын бар мұсылман қауымына.

Береке, құт әкелсе, Ораза айы,

Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Бір келген он екі айда ораза иман.

Осы соңғы екі жолы қайталанып отырады. Соңғы бөлімінде үй иелеріне бата беріледі:

Бата
©Baribar.kz

Балалардың мінгені,

Жорға-жорға тай болсын.

Жорғалатып келгенде,

Байдың көңілі жай болсын.

Ай жағыңа қарасаң,

Алтыннан терек орнасын.

Күн жағыңа қарасаң,

Күмістен терек орнасын…

Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол,

Бозторғайдай төлшіл бол.

Бәйтеректей бүрлі бол,

Пайғамбардай нұрлы бол.

Бисмилла, аллаһу акбар!

Бұрама темір, сым темір,

Отқа салса жанбасын,

Суға салса батпасын.

Тәңір берген нәсібе

Тепкілесе кетпесін!

Әумин!

Осыдан кейін үй иесінің отбасы «Әумин!»-деп бетін сипап, жарапазаншыларға сый-сияпатын үлестіріп береді.

балалар
©Baribar.kz

Бұл жерде батаны өзгертіп бере беруге болады. Мәселен, Р. Мустафина «Представления, культы, обряду у казахов» деген кітабында жарапазан батасын былай деп жазады:

Жарапазан айтайын eciгiңe, 

Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе, 

Осы үйде бip жеңгем бар аппақ қана, 

Шаңырағы өзіне шап-шақ қана. 

Ак тауық, көк тауық, қырман шашар, 

Осы үйде бip жеңешем бар теңге шашар, 

Теңге шашпай: тура қолыма бер,

Қасымдағы жолдасым ала қашар.

Жарапазанның алдыңғы екі бөлімі өлеңдетіп айтылады. Мұның сырын М. Әуезов былай деп жазған екен: «Қазақ ортасына ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Жарапазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып, бері келген соң қыдырма жарапазаншылар әнге салып айтатын болды».

Жарапазан айту дәстүрі тек қазақ халқында емес, Орта Азиядағы ислам дінін ұстанатын мұсылман мемлекеттерінде де бар. Мысалы, Ташкенте оразаның бірінші күні 8-12 жасар қыздар мен ер балалар көршілерін, таныстарын, туыстарын аралап, Рамазан өлеңін айтады. Түрікмендерде де 12 жасқа толмаған балалар осылай өлеңдетіп, түрлі тәттілер алады. Оларда бұл салт «Ярамазан», өзбектерде «Ерамазан» деп аталады.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.