Басты бетЖаңалықтарМемлекеттер арасында...

Мемлекеттер арасында келісімге келу қиындап бара жатыр — Нұрсұлтан Назарбаев

«Астана экономикалық форумына қатысу жақсы дәстүрге айналып келеді. Осы орайда осында келген қонақтарымызға, жалпы біздің азаматтарға зор рахметімді айтамын. 11-ші рет форум әлемдік экономиканың инвестициялары мен инновацияларының ең маңызды мәселелерін талқылау алаңы болып отыр. Былтырғы форумнан бері біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Жаңадан текетірес, конфронтациялар пайда болуда, мемлекеттер арасында келісімге келу қиындап бара жатыр. Әсіресе, үлкен мемлекеттер арасында. Өзара сенбеушілік, қарсыластықтың ұстанымын түсінуді қаламау жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күрделі кезең», — деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Н.Назарбаев осы қиындықтарға қатысты мәселелерді әділ және объективті түрде талқылаудың әр мүмкіндігі адамзат үшін өте маңызды екенін қадап айтты.

«Сол себептен биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге тиімді жауап іздеуге бағытталған. Сәйкесінше, форумда осы салалардағы білікті мамандар жиналып отыр. Олардың сөзін тыңдауға, ұсыныстарын пайдалануға біз асығамыз», — деп атап өтті Президент.

Айта кетейік, XI Астана экономикалық форумы елордада 17-19 мамыр күндері өтеді. Бұған дейінгі форумдарда жаһандық экономика, цифрландыру және тағы басқа мәселелер қаралса, биылғы форум барысында ресурстар, роботизация, адамзаттың өзгеруі, агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктер, денсаулық саласының мәселелері талқыланады. Биыл форумға әлемнің түрлі елдерінен 500-ге жуық спикер қатысады. Бұл АЭФ-тің рекордтық көрсеткіші.

Дереккөзkazinform.kz