Қасиетті Рамазан айында ораза ұстаудың сауабы көп. Алайда, күні бойы нәр татпастан өзіңді тоқ әрі жеңіл сезіну оңай емес. Оған сәресінде және ауызашарда қалай тамақтанғаның тікелей әсер етеді. Ауызашар уақытына аштықтан келгендей дайындалатындар да бар. Оразаға дайындықты тоңазытқышты түрлі тағам түрлерімен толтырып қоюмен шатастырмау керек. Күні бойы шөлдемей, тоқ әрі қуатты болып жүру үшін төмендегі тағам түрлерінен бас тартқаныңыз жөн.
Кофе
Сергектік сыйлайтындықтан ауызашарға кофе ішіп сәресіне дейін ұйықтамауға тырысатын адамдарды жиі кездестіріп жатамыз. Кофе шөлдететін сусын болғандықтан келесі күні ораза кезінде көптеген қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан, ораза кезінде кофеден бас тартқаныңыз абзал. Оның орнына шәй, көп мөлшерде су ішкен дұрыс.
Газдалған және сергіткіш сусындар
Газдалған сусындар мен сергіткіш сусындарға құмар адамдардың қатары көп-ақ. Тіпті, сусынның мұндай түрлерінен өз еркімен бас тарта алмайтын тәуелді адамдар да бар. Ауыз бекіткен кезде қатты шөлдеп, «шіркін, ауызашарда салқын кола ішсем ғой» деп армандайтын адамдарға газдалған сусындардың бірнеше зиянын айтып өтейік.
Біріншіден, газдалған сусынның құрамындағы элементтер адамды қайта шөлдететін қасиетке ие. Екіншіден, коланың құрамында аз мөлшерде болса да адамды өзіне тәуелді қылатын қоспалар бар. Үшіншіден, кола асқазандағы тамақты жарты сағаттың ішінде қорытып жібереді. Соның кесірінен адам тез ашығады.
Күні бойы сергек, қуатты болып жүру үшін ораза кезінде сергіткіш сусындар ішетіндер де кездеседі. Тек газдалған сусындардан емес, басқа да тәтті сусындардан бас тартқаныңыз өзіңізге пайдалы.
Фастфуд өнімдері
Ауыз бекіткен кейбір адамдар ауызашар уақытының тамақ дайындауға қолайсыз екенін, жұмыстан кеш шығатынын, шаршап келетінін сылтауратып ауызашарда фастфуд өнімдерімен тамақтанғанды қолдайды. Фастфудтың адам ағзасына қалай әсер ететіні біз айтпасақ та белгілі. Тиімді тұстары — тойымды, дәмді, қолжетімді, арзан. Ал оның зардаптарын тізімдеп шықсақ көп болары анық. Тойымды болғанымен асқазанға ауыр, қорытылуы қиын.
Майлы тағамдар
Ауыз бекітушілер «аш қарын майлы ас жемей жұбана ма?» деп ауызашарға ауыр тағам түрлерін дайындап жатады. Белгіленген норма бойынша организм бір тәулікте тұтынатын тағамның 12-15 пайызы ақуыз, 30-35 пайызы май болуы керек. Бұл құрамдағы майға сүт тағамдарының, ет тағамдарының құрамындағы май да кіреді. Сол себепті тек өсімдік майларына пісірілген тамақтарды жеу керек.
Ұн тағамдары
Нан өнімдері ағзаны глюкозаға тез толтырады. Макарон өнімдері, тоқаштар мен нан түрлері тойымды тағам түрлеріне жатады. Алайда, оның құнарлығы ұзақ уақытқа жетпейді. Сондықтан барынша ұннан жасалған тағам түрлерін азырақ қолдануға тырысыңыз.
Тұзды тағамдар
Тұз шөлдеу процесін жылдамдатады. Тұзы ащы тағамдарды ораза кезінде ғана емес, жалпы тамақтану рационынан алып тастау керек. Түрлі дәмдеуіштер мен тұздықтардың құрамында да тұзалмастырғыштар көп кездеседі. Тіпті, соустар мен майонез, кетчуптің де құрамында тұз көп. Сондықтан, мұндай дәмдеуіштерден бас тартыңыз.
Тәтті тағамдар
Құрамында қанты көп кез келген тағамның зияны айтарлықтай. Конфет түрлерінен бастап табиғи деп ойлайтын йогурт пен балмұздаққа дейін адам ағзасына ауырлық әкеледі. Түрлі торттар мен тәтті тоқаштардың құрамында маргариннің мөлшері көп болады. Йогурттың құрамы реттеуіш, қоюландырғыш, иістеуіш сынды қоспаларға өте бай. Балалар сүйіп жейтін балмұздақтың да зияны көп. Балмұздақ ағзадағы зат алмасуды баяулататын күшке ие. Күннің ыстығында балмұздақты қанша аңсасаңыз да, ораза кезінде бұл тағам түрлерін татып алмағаныңыз абзал.