Тазалық

Он екі айдың ең ұлысы саналатын қасиетті Рамазан айына дайындықты тазалықтан бастау керек. Тазалықты өзіңіздің үйіңіз бен айналаңыздан бастаңыз. Рухани жағынан да тазаруға тырысыңыз. Құрметті қонақ келерде үйіңізді қалай жинайсыз, қасиетті Рамазан айы келерде де сондай тазалық жұмыстарына кірісу керек. Үйдің ішін ғана емес, ауланы да тазалап, ескі заттардан арылған абзал. Құрылыс, әктеу, сырлау жұмыстарын да Рамазан айына дейін аяқтағаныңыз дұрыс.

Дәрет алу
©ahlisunnet.kz

Рамазан айында дәретпен жүру керек. Егер бұрын мұндай әдетіңіз болмаса, дәрет алу әдебін қазірден бастап үйренгеніңіз жөн.

Ниет

Алдын ала ниет етпей, ешбір нәрсе қабыл болмайды. Рамазан айында ораза ұстауға, ауыз бекітуге бел бусаңыз, шынайы түрде ниет етіңіз. Бір ай бойы оразаның амалдарын мүлтіксіз орындауға дайындалыңыз. Оразаны салмақ тастап, арықтау үшін, денсаулықты қалпына келтіру үшін, диета үшін немесе жұрттан қалмау үшін емес, Алланың разылығы үшін ұстауға ниет ету керек.

Артық ойдан арылу

Рамазан айы Аллаға құлшылық ететін ай болғандықтан, оған дейін көңіліңізді алаңдататын, көп күш-қуатты қажет ететін шаруаларыңызды тындырып қоюға тырысыңыз. Адамдар мен оқиғалар туралы жаман ойламауға, жаныңызды тыныштықта сақтауға тырысыңыз. Өкпе-реніш, ашу дегенді ойдан шығарып, жан-дүниеңізді тазалаңыз. Сананы артық ойдан арылтып, арыңызды мазалап жүрген іс-әрекеттер болса, алдын ала әрекет жасаңыз.

Уақытты үнемдеу

Кітап, Құран
©kuran.muftyat.kz

Көп адамдар тамақтан тыйылған соң бос уақыт көп болады, оны ұйқымен, демалумен өткізу керек деп ойлайды. Бұл қате пікір. Рамазан айы адамның нәпсісін тыюға, өз-өзін дамытуына таптырмайтын уақыт. Сондықтан, бос уақытыңызды ғаламтор мен әлеуметтік желілерде емес, дұға жасап, Құран оқумен, тым болмаса кітап оқып, ізгі іс жасаумен өткізуге тырысыңыз. Кез келген нәрсені ысырап етпеу керек. «Судың да сқрауы бар». Сондықтан, уақытыңызды үнемдеп, ұтымды пайдалануға қазірден бастап дағдыланғаныңыз жөн.

Қарызсыз кіру

Егер былтырғы жылғы оразада түрлі жағдайларға байланысты ауыз бекітпей қалған күндеріңіз болса, олар сіздің мойныңызға қарыз күндер ретінде жазылатынын ұмытпаңыз. Қарыз күндерді келесі Рамазан айы басталғанға дейін өтеу керек. Егер қарыз күндеріңіз болса, ораза басталмай тұрып, ауыз бекіту әдебі бойынша өтеп тастаңыз.

Ауыз бекітуге дайындық

Егер сіз биыл алғаш рет ораза ұстауға ниеттеніп отырсаңыз, ағзаңызды бұл процесске алдын ала дайындап, «жаттығу» жұмыстарын жүргізуге кеңес береміз. Дәл ораза күнін күтпей-ақ, алдын ала ауыз бекітіп дағдыланып көріңіз.

Ұйқыны реттеу

Ораза кезінде сәресін ішкенге дейін құптан намазаныңы уақытынан кейін бір ұйықтап тұрған абзал. Рамазан айында тек тамақтан ғана тыйылмай, ұйқы режимін де реттеу маңызды. Осы айдан бастап ерте ұйықтап, ерте тұру тәртібін қалыптастырып алғаныңыз жақсы. Сәресіне тұруға ерініп, түнде ауыз бекіте саламын деуге болмайды.

Сөзді түзеу

Тамақтан тыйылып, ұйқыны азайтып қана ораза амалдарын толық орындадым деп айтуға болмайды. Қасиетті Рамазан айында тек дүние жағынан ғана емес, рухани жағынан да, тәрбие жағынан да түзелу керек. Ауызы берік адамға жаман сөз айтуға, адамдармен ұрсысып, ренжісуге, балағаттауға, өсек айтуға болмайды. Ауыздың беріктігі тек тамақпен ғана емес, сөзбен де есептелетінін ұмытпаңыз.

Ас мәзірі

Ауызашар, ифтар

Ораза ұстаған адамды ауызашарға шақыру — сауап. Кейбір адамдар оразаны аштық деп түсінеді де, ауызашарға тонналап тамақ алып дайындалады. «Оразаға дайындығың қалай?» дегендерге: «Тоңазытқышты тәтті-дәмдімен толтырып қойдым» деп жауап беретіндер де кездесіп жатады. Ауызашарды үлкен мереке, той қылып өткізетін қазақтардың тойшылдығы әлі де болса азаймай тұр.

Ауызашардағы ас мәзірінен газдалған сусын, тым майлы, ащы тағам түрлерін алып тастаңыз. Оның орнына құнарлы, пайдалы тағамдар тізімін көбейтіңіз.

Өзіңіз ғана ораза тұтпай, жақындарыңыз арасында насихат жүргізуді де ұмытпаңыз. Қасиетті Рамазан айында ауыз бекітуге ниет етіп жүрсеңіз, ниетіңіз қабыл болсын!