«Содан бері 17 жыл өтіпті»,- деп бастады әңгімесін Клара Ни.

Клара Ни
Клара Ни, ©Айгүл Хожантаева

«Гинекологқа қаралуға барғанмын. Ол маған сүт безін тексертіп көруге кеңес берді. Әдетте, солай. Бір аурудың туындауына екіншісі себеп болып тұрады ғой. Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына келдім. Бір үміт, бір күдік. Қатты қобалжыдым. Гинекологтың кеңесімен бірден маммология бөлімінің меңгерушісі Әлия Жаңалыққызына келдім. Ол кісі мені толықтай тексеруден өткізді… Бар екен…»

Диагнозын естігенде Клара бірден операция жасатамын деп шешеді. Неге олай асыққанын білмейді, «Ішімнен бір нәрсе солай итермеледі»,-дейді.

«Бірден операция жасатамын деп шештім. Білмеймін, ана нәрседен құтылғанша асықтым. Бәрінен тез-тез тазарғым келді. Ішімнен бір нәрсе солай итермеледі. Сөйтіп, бір аптаның көлемінде тексерулерден өттім де, осында операция жасаттым. Репродуктивті мүшелерім мен бір төсімді алып тастады… Кейін биопсия нәтижелері келді…»

Шынымен де, Клара асықса асыққандай-ақ екен. Қатерлі ісік ешқайда тарап үлгермепті. Оны дәрігерлер дер кезінде алып үлгерген. Түп-тамырымен. «Мені сол асығыстығым құтқарды»,-дейді Клара.

Клара Ни
Клара Ни, ©Айгүл Хожантаева

«Бір жағдай болған. Операциядан шыққан соң, палатама көңілімді сұрап туыстарым келді. Бәрі қобалжып тұр. Әрине, онкология дегенді естігенде адамдардың көздері шарасынан шығып, ажалдың тырнағына ілінгендей күй кешеді… Әсіресе, қайын сіңілім қатты жылады. Ал мен соның бәріне қойылым көріп отырғандай қарадым. Бұл жағдайдың маған қатысы жоқ сияқты еш алаңсызбын. Көңілімді сұрап келгендерді керісінше мен жұбаттым (жымиды). Достарым да сондай күймен келді. Олар келгенде де дәл сондай көңілді күймен шығарып салдым. Себебі бойымда сондай әкетіп бара жатқан ауру жоқ екеніне сендім. Оның үстіне өте мықты маманның қолына тап болдым. Бұл да маған үлкен күш берді. Кейде көп нәрсе адамның ниетіне, психологиясына байланысты. Диагнозымды, химия алып жатқанымды — ешбірін бейнет емес, жазылып келе жатқанымның белгісі деп қарадым. Бұл менің ағзама қатерлі ісікті жеңуге күш берді. Бір жағынан маған сондай диагноз қойылғаны болмаса, еш жерім ауырмайтын. Ал кішігірім ауырсынулар мен үшін түк емес еді. Бәлкім, тым шыдамды шығармын…»

Кез келген ауруды адам позитивті ойымен жеңеді. Клара қазір осындай ойда. Жазыламын деген адам, жазылады. Бастысы оған титтей де күмәнданбау керек. Егер адамға «біттім» деген ой келсе, ауру бірден меңдеп кетеді. Бір-ақ сәтте тамырын жайып сала береді. Соңында жұтып алады. Екі-үш айда ғана.

«Ондай адамдар болды. Бірге емделдік. Берілмегендер жеңіп шықты. Ал әлсіздік танытқандар… Олар қазір жоқ… Күреспеді… Бәріне қолдарын бір сілтеді де, үш-ақ айдың ішінде кете барды…»

Дәрігердің айтқан кеңестерінен, берген емінен бөлек, адамның ішкі сенімі, психологиялық жай-күйі де дұрыс болса, тез айығып шығу мүмкіндігі артады.

Клара Ни
Клара Ни, ©Айгүл Хожантаева

«Аурудың негізгі себебі — отбасындағы жағдай, күйеуіңмен қарым-қатынас. Мен мұны операциядан шығып, өз-өзіме келгенде, өзімді күте бастаған кезде барып түсіндім. Ауру аяқ астынан шықпайды. Оған белгілі бір мөлшерде күйзеліс, стресс әсер етеді. Әсіресе, әйелдердің денсаулығына бұл зиян. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондағы өкпе-ренішіңнің бәрін жинай бересің… Кешірдім деп ойлайсың, бірақ ол ішіңде қала береді. Бір күні соған ұқсас жағдай болса, ескі жараның орны қайта сыздайды. Сөйтіп ол бір күні не жарып шығады, не ауру болып алып тынады екен… Ал мен оның соңы қатерлі ісікке апарады деп ойладым ба? Жоқ, әрине…»

Клара мұның бәрін аурудан толықтай айыққан кезде түсінген. Қазір таңертең аман-есен оянғаны үшін қуанып, Жаратқанға ризалығын білдіреді.

Клара Ни немересімен
Клара Ни, ©Айгүл Хожантаева

«Кейде бәрін ертеңге қалдырып, жақындарымызға уақыт бөлмейміз. Ақшасын, тамағын тауып беріп отырмын, болды деп ойлаймыз. Ал олардың қал-жағдайын сұрауды күнде ертеңге қалдыра береміз. Бір күні аяқ астынан басыңа осындай бейнет түскенде әлгі ертең дегенің алыс сағымға айналып кетеді. Қазір бәрін бүгін істеуге тырысамын. Жақсы көретінімді, сыйлайтынымды сол сәтте айтамын. Сондай-ақ, барлық таныстарыма ренішті іште сақтамау туралы айтып отырамын. Ол адам сізді ренжітемін деп ойлаған жоқ. Жай ашуланған шығар, бүгін күні ауыр болған шығар, көңіл күйі болмаған кезде кім бірінші болып тиіп кетсе, адам ашуын да содан алады ғой. Ешкім ешкімді әдейі ренжітпейді. Бұның бәрі қандай да бір жағдайдың салдары…»

Операциядан кейін бір жылдай Клара дәрігерлердің қатаң бақылауында болған. Себебі, жарты жыл бойы химиотерапия, сәулелі терапия алған. Емі аяқталған соң, өз-өзіне келуге тағы жарты жыл уақыт кеткен.

«Әрине, «ой, бәрі жақсы болды», «түк қиналмадым» десем өтірік болар еді. Басында мен де қайғырдым. Білесіз бе, сондай сымбатты болдым, төсім де әдемі еді. Операциядан кейін ол жоқ болды. Қиын. Өте қиын… Кейін оның бәрін жібердім. Адамдар солай да өмір сүре алады».

Диагноз қойылған кезде Клара 51 жаста еді. Балаларының бәрі ер жеткен кез. Халықта үй салу, бала өсіру, ағаш отырғызу туралы нақыл сөз болса, кейіпкерімізде сол кезде мұның бәрі болған еді…

«Бір қарасаң, артымда қалып барады-ау деп қайғырардай ештеңе жоқ сияқты. Бірақ өмір сүруге деген құштарлық бәрін жеңіп кетеді. «Өмір бәріне беріледі, бірақ қарттық бәріне бұйырмайды» деген сөз бар ғой. Маған қарттық бұйырған екен. Қазір 68-демін. Балаларым, немерелерім бар, шөберемді көрсем деймін (жымиды)».

Қазір Кларада бәрі жақсы. 17 жыл бұрын өмірінде болған қара жолақ бүгінде үлкен сабақ болып артта қалған. Жылына бір рет өзі үшін тексеруден өтіп тұрады. Балалары да бастарын құрап, бір-бір үй болған. Олардан төрт немере сүйіп отыр. Ал жолдасы туралы айтқанда ерекше тебіреніп кетті…

Клара Ни
Клара Ни, ©Айгүл Хожантаева

«Күйеуім өте тамаша жан. Құдай маған әке бермесе де, сондай жақсы адамды жар қылды. Екеуіміздің шаңырақ көтергенімізге жуырда 50 жыл — алтын тойымыз болады (жымиып). Бәрі жақсы. Ештеңеге шағымданбаймын»,-дейді ол.

Осы жағдайға тап болған адамдар Кларадан келіп кеңес сұрап тұрады. «Олардан бар білгенімді аямаймын»,-дейді ол.

«Қанша дегенмен, өзімнің де басымнан өтті. Ол соқпақ маған жақсы таныс. Мен жеңе алған ауруды, ол да жеңе алады».

Клара қазір өмірін жаны сүйген нәрселерге арнайды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Бұрын хорда ән салған, қазір корей биіне қатысады. Корей тілінің грамматикасын да оқып жүр. «Қарттығымды төрт қабырғада қамалып емес, осылай, қоғаммен етене араласып жүріп өткізгім келеді»,- дейді өзі.

Клара Ни
Клара Ни, ©Айгүл Хожантаева

Бұндай жағдайдан қашық болу үшін Клара жылына бір рет кәсіби мамандарға барып, скринингтік тексеруден өтіп тұруға кеңес береді. Себебі, қатерлі ісік пайда болғанда бірден белгі бермейді. Тіпті еш жеріңіз ауырмауы да мүмкін.

«Жастарға айтарым, сүйе білу керек. Жан-тәніңмен. Ешбір шартсыз. Кейде жастар үйленіп алған соң, бір-біріне шарт қойып, мазасын ала бастайды. Солар қыз-жігіт боп жүргенде бір-бірі үшін жанын беруге даяр еді ғой? Ондай жағдайларда өз «мен»-іңнен бас тартып, жұбың ашуланып тұрғанда, қоя салған да артық етпейді. Одан жеңілмейсің. Кешіре білу керек. Егер кешіре алатын болсаң, ақылды адам болғаның. Сонда ешқандай ауру да жоламайды. Сонымен бірге адам өзін күтуі керек. Әдетте қалай? Біз, әйелдер бәрінің жағдайын жасап алған соң барып, ең соңында өзімізге қараймыз. Олай дұрыс емес. Әйелі шаршаған, әйелі ауыратын отбасында жылулық болмайды. Әйелі сау отбасы да сау болады. Сондықтан әйел бірінші өзіне қарауы керек. Әйелі жайнап жүрген азамат та, анасы бақытты бала да бақытты болады»,- дейді кейіпкеріміз.

Клара Ни
Клара Ни, ©Айгүл Хожантаева

Кларамен танысып, сұхбаттасқан соң, оны емдеп жазған маммолог Әбдірахманова Әлия Жаңалыққызына келдік. ҚР онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына келгенімізде Әлия апай екі операция жасап шығып, үшінші пациентін дайындап жатыр екен. Сол аралықта 10 минутын бөліп, сүт безінің қатерлі ісігі, алдын алу жолдары туралы сауалдарымызға жауап берді.

Әлия Жаңалыққызы: Сүт безінің қатерлі ісігі жас талғамайды

Әлия Жаңалыққызы
Әлия Жаңалыққызы, ҚазОРҒЗИ маммология бөлімінің меңгерушісі ©Сурет жеке архивтен

Сүт безінің қатерлі ісігінің пайда болу себебі әртүрлі: гормондарды емдеуге арналған дәрілерді көп ішу, 35 жастан кеш босану немесе мүлдем балалы болмау, бала емізбеу, жасанды түсік жасату, жыныстық қатынас тұрақсыздығы немесе оның мүлдем болмауы, қалқанша без қызметінің бұзылуы, гинекологиялық аурулар, 50 жастан кейін ағзада болатын семіру, қан қысымының артуы бауырдың созылмалы ауруы, омыраудың түрлі аурулары, сүт безінің жарақат алуы әсер етеді. Бұған шектен тыс күйзеліс те себеп болуы мүмкін. Оның үстіне бұл ауру тұқым қуалайды. Сондықтан нақты мынадай нәрсені жасамасаң, бұл ауруға шалдықпайсың деп айту қиын. Қазір күтпеген жерден шығып жатыр. Бұл ауру жас талғамайды. Оның алдын алудың бір ғана жолы бар: жылына бір рет тексеріліп тұру.

Жалпы, рактың екі түрі бар: қатерлі және қатерсіз. Оны қалай анықтаймыз? Негізі, бұл ауру аса қатты ауырып, қай жерде пайда болып жатқаны туралы белгі бермейді. Сол үшін әйелдер үйде өздерін тексеріп тұрғаны жөн.

Үй жағдайында қалай тексереді?

  1. Ол үшін айнаның алдында тұрып, омыраудың пішінін, терісін, ұшын дұрыстап тексеріңіз. Қолыңызды жоғары көтеріп, омыраудың пішінін алдынан, екі жанынан қараңыз;
  2. Тұрған күйіңізде үш саусағыңызбен кеудеңізді ақырын басып көріңіз. Ол үшін бірінші омыраудың үстіңгі жағынан бастап, қолыңызды сағат тілімен айналдырып шығыңыз. Ешқандай түйін, ауырсыну болмауы керек;
  3. Омыраудың ұшын бас бармақ және сұқ саусағыңызбен ақырын қысып көріңіз. Одан ешқандай сұйықтық бөлінбеуі керек;
  4. Енді тегіс жерге шалқаңыздан жатып, 2-тәсілді қайталаңыз;
  5. Жатқан күйіңізде қолтық астындағы лимфа түйіндерін ұстап көріңіз. Қатерлі ісік көп жағдайда қолтық пен омырау арасындағы аймақта пайда болады.

Осы тексеріс кезінде омырауыңызда қандай да бір түйін, ауырсыну болса, терісі қызарып, ісіп тұрғанын байқасаңыз, омыраудың ұшынан сұйықтық бөлінсе, бірден маммологқа немесе гинекологқа барып қаралу керек.

Дәрігер қалай тексереді?

Көп жағдайда әйелдер маммологқа гинекологтың қабылдауынан кейін келеді. Маммолог кейбір патологиялық өзгерістерді байқаса, МРТ немесе УЗИ-ге жібереді. Оның нәтижесі ісік бар деп көрсетсе, онкомаммологқа жібереді. Ол гастологиялық сараптама жасайды.

Айта кетейін, кейде ісікті жүкті немесе жақында босанған әйелдерден анықтап жатады. Бұл гинекологтың жұмысына салғырт қарауынан болады. Себебі барлық әйел жүктілік алдында және одан кейін сүт безінің УДЗ-ын жасауы керек. Ол ана мен балаға зиян емес. Ал маммографияны кез келген әйел жасата алмайды, себебі ол — рентген сәулесінен тұратын процедура. Бала тумаған әйелге одан өтуге болмайды.

Емдеу жолдары

Ракты окнологиялық орталықтарда емдейді. Егер ісіктің көлемі кішкентай болса, операция кезінде сүт безінің пішіні қатты бұзылмайды. Тек кішкене бөлігін ғана кесіп алып тастайды немесе химиотерапия жасалынады. Одан кейін гистолог маман ісіктің орнын тексеріп, қатердің артта қалғанына көз жеткізуі керек.

Ал ісік сүт безіне толықтай тарап кетсе, омырауды түгел алып тастаймыз да, орнына имплант салып береміз.

Сүт безінің қатерлі ісігін емдеуге болады! Ол үшін уақытылы дәрігерге қаралып, толықтай емдеу шараларынан өту керек.

Статистика:

Соңғы деректерге сүйенсек, І-ІІ сатылы қатерлі ісіктің 80,3%-і; ІV сатылы ісіктің 4,7%-і сүт безінде пайда болады.

2015 жылы қатерлі ісіктің 36 438 жаңа жағдайы тіркеліп, 44,6%-і ерлерде, 55,4%-і әйелдерде анықталған. Оның ішінде ерлерде өкпенің қатерлі ісігі кең тараса (19,4%), әйелдерде сүт безінің қатерлі ісігі 1-орында тұр (21,8%). Бұл үдеріс 2004 жылдан бері өзгерген жоқ. Елімізде оған шалдыққандардың саны жыл санап артып келеді. Әсіресе, Алматы қаласы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында бірінші рангалық орын алады.

Аурудың өліммен аяқталуынан аталған түрі 3-орында тұр.

/ҚР онкологиялық қызметінің 2015 жылдық көрсеткіштері (статистикалық мәліметтер) жинағынан/.