Бұқтырма– ШҚО аумағымен ағып өтетін өзен, Ертістің оңтүстік саласы. Бұл өзенде су қоймасы орналасқан.

Бұқтырма су қоймасы Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысы аумағында Алтай тауларының ортасында орналасқан. Ол Ертіс өзені Бұқтырма ГЭС плотинасында түзілді. Оны толтыру 1960 жылы басталды. 1966 жылдан бастап ағынның көп жылғы реттеуі жүзеге асырылады. Су қоймасы 2 учаскеден тұрады: өзендік — Ертіс өзенінің алабы бойынша және Зайсан көлінде, оның орнында кең өзен иірімі пайда болды.

Су қоймасы — әлемдегі жасанды су қоймаларының ішіндегі ең ірілерінің бірі, су көлемі жағынан әлемде төртінші орын алады.

Онда демалған адамдар су қоймасын «көк теңіз» деп атап кеткен. Атаса, атағандай-ақ: аумағы 5,5 шаршы шақырымды, ұзындығы 425 шақырымды, ені 35 шақырымды құрайды. Ең терең жері 60 метр.

Бұқтырма несімен ерекше?

Бұқтырманың оңтүстік және солтүстік жағалаулары туристердің сүйікті орнына айналған. Сол жағалауы енжар туризмге арналса, оң жағалауы белсенді демалыс үшін өте ыңғайлы. Содан болса керек, аталған демалыс аймағында ағылатын туристерідң саны жылдан жылға артып келеді. Жағажай демалысы мен балық аулауды жақсы көретіндер жандар үшін таптырмас орын. Себебі мұнда шортан, көксерке, мөңке балық, нәлім, бақтақ, ақтабан, сазан сынды балықтың көптеген түрлері бар. Сонымен бірге мұнда рафтингпен айналысуға болады.

Қалай баруға болады?

Бұқтырманың демалыс базалары Өскемен қаласынан 80-150 км жерде орналасқан. Сондықтан оған бару үшін бірінші Өскеменге ұшақпен, пойызбен, автобуспен немесе жеңіл көлікпен жетіп алу керек.

Ұшақпен барсаңыз, ұшу уақыты тікелей рейспен 1,5 сағатты, өзге қалалар арқылы болса, 3,5 сағатты құрайды. Қалаға жетіп алған соң, ары қарай демалыс аймағына автобустар, такси және «Защита-Зыряновск» бағытымен «Жаңа Бұқтырма» станциясына пойызбен жетуге болады. Бұл пойыз аптасына үш-төрт рет жүреді. Нақты ақпаратты Защита станциясына хабарласу арқылы біле аласыз (+7 (7232) 50-27-37). Жаңа Бұқтырмадан такси алып кез келген демалыс базасына дерлік баруға болады.

Пойызбен, автобуспен келсеңіз де дәл солай. Өскеменен «Защита-Зыряновск» бағытындағы пойызға отырып, «Жаңа Бұқтырма» станциясынан түсесіз. Бұл — «көк теңізге» жетудің ең тиімді жолдары.

Егер автокөлікпен барғыңыз келсе, Алматыдан Бұқтырмаға дейінгі жол ұзақтығы 17-18 сағатты құрайды. Бұндай қашықтыққа айдап шығуға өз көлігіңізді аясаңыз, оны жалға алуға да болады.

Мақсатты жеріңізге жеткеннен соң, қонақ үйге тұрақтасаңыз болады. Онда сіздің талғамыңызға сай келетін небір демалыс үйлері бар. Кез келген бағада, өзіңізге ыңғайлы, жайлы орын таба аласыз.