иллюстрация
Иллюстрация: Бекзат Исамберген

Сәтсіздікке ұшырататын 5 әдет

1. Уәдені орындамау әдеті

Көп адам біреуге берген уәдесін орындауға бар күшін салса да, өзіне берген сөзіне мән бермей жатады. «Жүгіруді келесі апта бастаймын», «бұдан кейін дұрыс тамақтанамын», «денсаулығыма мән беремін», «жұмысымды ауыстырамын», «біліктілігімді арттырамын» дейді. Өкінішке орай көп жағдайда орындалмай қалады. Осы жаман әдеттің кесірінен адам өзіне қатысты бақылаудан ажырап қалады.

Бұл әдеттен арылу мақсатында әр жетістігіңіз үшін өз-өзіңізді марапаттап отырыңыз. Бұл мақсатқа жетуге деген құштарлығыңызды арттырады.

2. Оятқыштың уақытын өзгерте беру әдеті

Оятқышты өшіріп, құлағын тағы да 10 минутқа кейін бұру арқылы «бір күндік сәтсіздікке» жол аштым деп ойлай беріңіз.

Оятқыштағы уақытты қайта-қайта ауыстырсаңыз, ұйқының циклы бұзылады. Нәтижесінде сіз ойлағандай 5-10 минутта ұйқы қанып үлгермейді. Өзіңізді одан сайын шаршаңқы сезінесіз. Сол себепті оятқышты нақ тұратын уақытыңызға ғана қойыңыз.

Сондай-ақ таңғы уақытта жұмыстың өнімділігі артатынын ескеріңіз. Ерте біткен іс сізді жетістікке жетелейді.

3. Ұйқы алдында смартфон қолдану

Бұл әдет алдымен денсаулыққа кері әсер етеді. Смартфонның көкшіл жарығы ағзадағы мелатонин гормонын бұзады. Бұл да ұйқы циклының бұзылуына, семіруге, сананың сергектігіне кері әсерін тигізеді.

Дұрысы, смартфонды ұйқыға дейін бір-екі сағат бұрын қолданбауға кеңес береміз. Оның орнына кітап оқығаныңыз абзалырақ болмақ.

Ойлану — ең қиын жұмыс. Сол себепті де онымен көп адам айналыспайды. (Генри Форд, кәсіпкер әрі өнертапқыш). 

4. Өткен іске өзін кінәлау

Барлығымыз өткен іске өкінеміз. Ал оны жиі ойлап, қайғыға түсу болашағымызға әсер етеді.

«Одан да мынаны істеуім керек еді…» десеңіз, сіз жоспар бойынша жүрмегеніңіз үшін өзіңізді кінәлайсыз. «Мынаны істей алатын едім ғой…» десеңіз, жіберіп алған мүмкіндік үшін өкінесіз. «Мен мынаны істеуге міндетті едім…» деген болсаңыз, жағдайды өзгертуге әсер ететін тәжірибеңіздің, біліміңіздің жеткіліксіздігіне өзіңізді кінәлайсыз.

Мұндай ойлар болашақты елестеткенімен, оның бұлыңғырлығына көбірек себепші болады. Одан да жаңа мақсаттарға қол жеткізуге, өткенмен емес, қазіргі сәтпен өмір сүруге бейімделіңіз. Алдағы ғұмырыңызда осы ісіңізге өкінбейтін боласыз.

5. Барлығына келісу

Көп адам мүмкіндікті жіберіп алудан, үлгермей қалудан қорқады. Сол себепті кез келген жағдайда «иә» деп жауап беруге тырысамыз. Ал оның дұрыс, яки бұрыс шешім екенін барлап жатпаймыз.

Әрине, жаңа оқиғаларға құлшыныс — жақсы қасиет. Дегенмен негізгі құндылықтар мен алдыға қойған мақсаттарды ұмытпаған жөн.

Өмір ұзақ. Тек бір шартпен. Оны ақылмен сүре білу керек.