Менің ең үлкен арманым — ұлттық құрамаға кіру еді…

Мектеп қабырғасында-ақ қоғамдық өмірге белсене ат салысып, қандай іс-шаралар болсын барлығының басы-қасында жүрдім. Ән де айттым, спортқа да бейім болдым. Бала күнімнен әртүрлі үйірмелерге қатысып, адамдармен жиі қарым-қатынас орнатқандықтан болар, ортам да үлкен болды.

10 жасымнан бастап толығымен спортқа бет бұрдым. «Абылай хан» атындағы спорт клубында бокс бөліміне қатыстым. Әлем чемпионы Серік Сәпиев боксшыларды таңдау үшін клубқа келгенде, ағаммен резервте болған едік. Бірақ құрлыған команда соңына дейін нәтиже бермей өз жұмысын тоқтатты. Содан біз де бокстан үмітімізді үздік. Бәлкім, команданың жұмысы нәтижелі болғанда бокс саласында қалар ма едім…

Серік Есматов
Серік Есматов ©Айгүл Хожантаева

Уақыт өте келе қалалық деңгейдегі әртүрлі жарыстарға қатысып жүлделі орындарды қанжығама байлап жүрдім. Тіпті велошеруге де қатысып, қанжығама велосипед пен бас жүлдені де байладым.  Бірақ, өкінішке орай, бұл команда да соңына дейін бармады. Жаттықтырушымыз кеткеннен соң, топтағы балалар да жан-жаққа кетті. Кейін футбол, волейбол, жеңіл атлетика, баскетболмен айналыстым. Футбол бойынша әуесқой балалар лигасының құрамына да кірдім.

12 жасымнан бастап жүзуді қолға алдым. Алты ай жаттыққаннан кейін, жаттықтырушылар жүзу федерациясына мен туралы барлық мәліметтерді жіберді. Сөйтіп резервке кірдім. Жүзу бойынша белгіленген нормативті тапсырып, командаға қабылданып, Мәскеуде өтетін жарысқа жолдама алдым. Осы жарысқа бар күш-жігерімді салып, қызу дайындала бастадым. Сол уақыттары өмірімнің жартысы жаттығумен өтті.

Серік Есматов
Серік Есматов ©Baribar. Дарын Шөкенов

Менің ең үлкен арманым — ұлттық құрамаға кіру және олимпиадашы болу еді… Бірақ екі аяғымнан айрылған кезде арманым мен мақсаттарыма күлі көкке ұшты.

Мен сол күні екінші рет өмірге келдім

Бір күннің ішінде-ақ өмірім түбегейлі өзгерді. Тағдыр мені қатал сынады. 2011 жылдың 30 тамызы күні қайғылы оқиға болды (ол кезде мен 13 жастамын). Үйім Алматы-1 теміржол вокзалы маңайында еді. Ал жаттығу залым Сейфуллин мен Райымбек көшелерінің қиылысында болатын. Әдеттегідей үш сағаттық жаттығудан кейін үйге қайттым. Қатты шаршағанның, бір жағынан балалық немқұрайлығымнан болар, пойыз кесіп өтетін теміржол трассаларын да тұрып қалыппын. Содан пойыздың соңғы вагонының астында қалай қалып кеткенімді байқамай да қалдым. Сол уақытта жол күзетшісі жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер көмек көрсетті. Мен сол күні екінші рет өмірге келдім .

Рельстің астында аяқтарым қалып қалды. Құдай сақтап, жолдан сол қолымды шығарып үлгердім. Отадан кейін екі аяғымның жоқ екенін көргенде армандарымның барлығы көз алдымнан ұшқандай болды. Сөйтіп, протезбен жүруді үйрене бастадым. Протезбен жүруді үйрену бірнеше айға созылды. Жаяу жүруді үйреніп, араға бір жыл салып мектепке оралдым. Көп ұзамай менің өмірімде күтпеген тосын сый болды. Маған спортпен шұғылдануыма мүмкіндік бар екенін айтты. Екі аяқсыз да, қолсыз да спортшы бола аласың деген жағымды хабарды естігенде өмірге деген құлшынысым арта бастады. Және мұндай үлкен мүмкіндік пен ұсыныстан бас тарта алмадым. Бұл оқиғадан кейін арманымдарыма қайта қанат бітті. Бір сөзбен айтқанда спортты тастамаймын және соңына дейін жаттығамын деп өз-өзіме сөз бердім. Сөйтіп мен бала кезден жаныма жақын спорт түрі волейболмен айналысамын деп шештім. Осы орайда жаттықтырушым, тәлімгерім Сергей Хохловқа алғысым шексіз. Себебі төрт айдың ішінде волейболдан Қазақстан жастар паралимпиадасына қабылдандым. Көп ұзамай 2013 жылы  Малайзияда өткен «Азия жастар паралимпидасында» 3-орынға ие болдық.

Серік Есматов
Серік Есматов ©Жеке мұрағатынан

Жаттықтырушым Сергей Анатольевич Хохлов әкемдей боп кеткен адам. Ол Ауған соғысында жүріп екі аяғынан айырылса да, үмітін үзбей, өмірде өз жолын тапқан. Ол менің мотиваторым. Сергей Анатольевичке қарап үлкен энергия, шабыт аламын.

Бүгінгі таңда волейбол менің өмірім. Одан өзге фитнеспен, жүзумен, баскетболмен және ауыр атлетикамен де айналысып жүрмін. Осылайша өмірімде спортқа арнадым. Қазір Қазақтың спорт және туризм академиясында оқып жүрмін. Сонымен қатар волейболдан паралимпиада жаттықтырушысымын.

Серік Есматов
Серік Есматов ©Жеке мұрағатынан

Өміріңіздің мәнін келтіретін бес себеп:

Ата-ананың қадірін білу керек

Ең қиын сәтте маған қолдау көрсетіп, сүйеніш болған жандар — анам мен әкем. Әкем қиындыққа мойымай батыл болуымды үнемі айтып отырса, анам күнде жанымда болып, бар жағдайымды жасады. Осы сынақтан кейін анам мен әкеме деген құрметім арта түсті. Осы кісілердей сенің жаныңды ешкім ұқпайтынын да түсіндім.

Туыстарыңыз бен достарыңызды қуантыңыз

Біз көп жағдайда туыстарымыз бен достарымызды бағаламай жатамыз. Бірақ өмір деген өткінші. Бүгінгі күніңнің не боларын білмейсің. Сондықтан да жақындарыңызға барынша уақыт тауып, көңіл бөлуге тырысыңыз. Мен басыма түскен осы бір жағдайдан кейін жақындарымның қадірін түсіне бастадым. Қайғылы оқиға менің өмірімді толығымен өзгертті.

Серік Есматов
Серік Есматов ©Айгүл Хожантаева

Мақсатыңызға жету жолында тоқтап қалмаңыз

Өмір бір рет беріледі. Сондықтан бұл дүниеге не үшін келгенімізді түсінуіміз керек. Әрбір адамның арманы өмірден өз орнын табу. Адам қай кезде өзін табады? Адам арманы жолында еш қиындыққа берілмей, алға жүріп, түзу ниетте болған кезде ғана табады. Ешқашан біреуді тыңдамаңыз. Себебі адамдардың саған айтар жағымсыз пікірлері де, жаман энергиясы ешқашан бітпейді. Тек өзіңізді тыңдаңыз және өзіңіздің еңбегіңіз бен ақылыңызға сеніңіз.

Өмір сүруге деген сүйіспеншілік

Әлемге, адамға, жануарларға деген сүйіспеншілігіңіз өшпесін. Әрдайым жан-жағыңызға махаббатпен қараңыз. Арбаға танылдым деп өмірден түңіліп кетуге болмайды. Жақсы нәрсе ойласаңыз, күтпеген тосын сыйдың куәсі боласыз.

Спортпен шұғылданыңыз

Спорт сіздің бойыңыздағы жағымсыз энергияны толығымен жояды деп айта аламын. Күніне бір мезгіл спортпен шұғылдансаңыз мол қуатқа ие боласыз. Спортқа деген махаббат әрбір адамда болу керек.

Серік Есматов
Суреттер жеке мұрағатынан

Болашақта өзімді саясаткер ретінде көремін

Болашаққа жоспарларым көп. Тек спорт саласын ғана емес, сонымен қатар саясат жағын да қолға алсам деймін. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партисының мүшесімін. Әзірше үйленіп, үй болу ойымда жоқ. Әрбір адамның өмірлік мақсаты болады және сол мақсатына жету жолында берілген сынаққа мойынсұнбай, жігерлі болған сәтте ғана көздегеніне қол жеткізеді деп ойлаймын. Егер мен қос аяғымнан айырылмағанда осындай жетістікке жетпес пе едім… Кім білсін?!