Көп жасаған адам қайтыс болса, қазақ оны тойға балайды. Асын да дүркіретіп өткізуге тырысады. Себебі оның өмір бойы жиған-тергенін осы күнге сақтайды. Егер бір адам науқастанып жатса, о дүниеге аттанар күні жақын қалды деп жақындары алдын ала дайындық жүргізеді. Ал жақыныңыз аяқ астынан қайтыс болса, қайтпек керек? Жаназа мен жерлеу рәсімдерінің шығынын қалай жабасыз? Кейіпкерлерімізден сұрап көрдік.

Алғашқы шаралар

Адам қайтыс болғанда атқарылатын алғашқы шаралар және оның шығындары туралы Бибі есімді Алматы қаласының тұрғыны айтып берді. Осыдан бір жыл бұрын оның енесі өмірден өткен екен.

«Қаза болған адамды шығарып салудың жөн-жоралғылары көп. Алдымен алыс-жақындағы адамдарға хабар беру керек. Жақындары бір-екі күннің ішінде жиналып, қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салады. Жаназа рәсімін өткізу үшін туған-туыс, дос-жаран, алыс-жақын тамыр-таныстың бәрі жиналады. Оларға ақ дастарқан жайып, қайтыс болған адамның соңғы асын беру керек. Әдетте қарапайым жаназаға кем дегенде 100-200 адам келеді. Жаназасын, «үштігін», «жетісін», қырық күндігі мен жылдық асын хатымхана немесе кафеде өткізуге тура келеді»,-дейді қала тұрғыны.

Егер аталған рәсімдерді ауылдық жердегі кафелерде өткізетін болсаңыз, адам басына 500-700 теңге төлейсіз, ал хатымханалардың тарифі адам басына 350 теңге. Қарапайым хатымхананы қанағат етпейтіндер қайтыс болған адамның ақтық асын салтанат сарайында өткізіп, соңғы сапарға зор құрметпен шығарып салуды қалайды. Оның құны той өткізгенмен бірдей. Мысалы, Алматы қаласындағы «Достар сарайы» мейрамханасында мұндай жоралғылар үшін адам басына 6000-8000 теңге төлеу керек екен.

«Дастарқаны жұтаң болды демесін»…

Қайтыс болған адамның асында берілетін мәзір де әртүрлі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты пәтуа кітабында дастарқан мәзірі көрсетілген. Алайда, даңғазалыққа бой алдырып үйреніп қалған қазақ қайтыс болған адамды жоқтап келгендердің алдында «ұятқа қалмау үшін» қолда барын көпшілікке ұсынады. Мұны «Дастарқаны жұтаң болды, ақтық сапарға арулап аттандыра алмады» деп айтпасын деген ниетпен жасадық деп түсіндірмек болады.

Көңіл айтып келетін құрметті қонақтарға қарап дастарқанға тәттінің түр-түрі, табақ-табақ ет, жеміс-жидек, тіпті сусын қоятындар да кездесіп жатады. Тойшыл қазақтың ысырапшылдығына шектеу қоятын қағидаларда қоғамда бар болғанымен, әркімнің «өзім білемі» үстем түсіп отырғаны жасырын емес.

Осы тұста Абай Құнанбаев атаған бес жаман іс: «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» еріксіз ойға оралады. Құран Кәрімдегі Ағраф сүресінде «Ішіңдер, жеңдер бірақ, ысырап қылмаңдар» делінген. Ал, Мұхаммед пайғамбарымыз «Қалағаныңның барлығын жеу – харам ретінде жеткілікті» деп өсиет айтқан.

Жерлеу рәсімдері қалай жүргізіледі?

Жерлеу жаназа
Иллюстрация © Бекзат Исамбергенов

Хош, жақындары жиналып көңіл айтып келгендерді шығарып салды делік. Машақат мұнымен бітпейді. Қайтыс болған адамды жер қойнына тапсыру — мұсылмандық парыз. Ал қала маңындағы адам жерлейтін орындар тегін берілмейді. Алдымен қайтыс болған адамға медициналық сараптама жүргізіліп, анықтама беріледі. Сол анықтаманың көмегімен әкімшіліктен жер алады. Оның құны қалаға жақын-алыстығына, орналасқан ауданына байланысты әртүрлі болады. Алматы қаласының Гүлбағи есімді тұрғыны жерлеуге арналған орындардың бағасы туралы айтып берді.

«Жерлеуге арналған орындардың бағасы әр жерде әртүрлі. Күйеуім қайтыс болғанда әкімшілік қала маңынан жер берді. Ол үшін 60 мың теңге төледік. Бұл – орташа баға. Қалаға жақынырақ жерден алам десеңіз, қымбатырақ болады. Адамды жерлемес бұрын жуындырып, дәуір жүргізу керек. Мәйітке арналған табыт, дін бойынша жасалатын жорылғылар да ақша тұрады. Зират және оның басына құлпытас орнатуға шамамен 150 мың теңге шығындадық. Көр қазушыларға ертеде дәстүр бойынша төрт қабырғасында төрт серкеш беретін. Қазір де солай, төрт серкештің құнын қаржылай береді. Бұл шығындардың барлығын бір адам ғана төлемейді. Туған-туыстары, жақындары тізе қосып, көтеріп алады. Қазақ халқының қуанышта да, қайғыда да ұйымшылдығы жақсы. Осылайша, қайтыс болған адамның отбасы қаржылық қиындықтарды көпшіліктің көмегімен жеңіп шыға алады», -дейді Гүлбағи.

Аза тұту хронологиясы

Қазалы үйде бір жыл бойы бата жасалып, құран оқылады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, аруақты разы ету ұғымы ұрпақтары үшін мәнін жоймаған. Жалпы, қайтыс болған адамды жерлеу және аза тұту хронологиясын қысқаша төмендегідей көрсетуге болады:

  • Адамның қайтыс болуы және өлімді естірту;
  • Жуындырып, оң жаққа салу, ақтық сапарға шығарып салу;
  • Алыстан келген ағайынға кешкі қонақ асын беру;
  • Дәуір жүргізу. Бұл қайтыс болған адамның оқылмаған намазы мен тұтпаған оразасы үшін жасалатын салт.
  • Жаназа шығару.
  • Жаназадан қайтқаннан кейін ас беру.
  • «Үштігін» беру. Адам қайтыс болған соң үш күннен кейін құран оқытып, ас беру.
  • Жеті нәзірі. Қайтыс болған адамды жерлегеннен соң бір аптадан кейін берілетін ас.
  • Қырқы нәзірі.
  • Жылдығын беру.
  • Ас беру.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!