1942 жыл — суыт жүріс, ақ түтек қар, үскірік аяз, темір қарған саусақ. Қарияға өткен ғасырдың өткір күндері осылай елестейді бүгінде.

Ересек өмірге ерте қадам бастым

1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында дүниеге келдім. Анам мен ағамнан ерте айырылдым. Мектеп, комсомол, ересек адамдармен шет алаңындағы жұмыстармен балалық шағым зымырап өтті. Бұл қиын жылдардың бірі еді. Мектепті бітіре салысымен «Когерту» колхозында бухгалтер, кассир болып жұмыс істедім.

1941 жылы маусым айында соғыс басталып, мені 1942 жылдың ақпан айында фронтқа жіберді. 2 айдай Свердоловск қаласында әскери дайындықтан өтіп, Беломорск әскери округіне мерген болып бардым.

Ұлы Отан соғысының ардагер
Ағабек Артықбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері ©Айгүл Хожантаева

Жолым қанды майданға түсті

Соғыстың боларын бәрі де сезді. Бірақ ол сонда да күтпеген жерден келді. Соғыс уақыты қаншама жастарды балалықтың бал дәмінен ерте айырып, арқаларына жауапкершілікті талап ететін ауыр күндерді жүктеп қойды. Бірі мылтық асынып соғысқа аттанса, енді бірі қара жұмысқа, тылға жегілді. Менің жолым сол уақытта қанды майданға түсіпті.

Екінші дүниежүзілік соғыстың негізгі бұрылысы Сталинград шайқасы болды (1942). Бұл шайқаста Ресейдің оңтүстігіндегі Сталинград (қазіргі Волгоград) қаласын қоршау, қаладағы қарсыласу белең алды. Нәтижесінде неміс әскері және Сталинград шегінде, оның айналасында Германияның одақтастарының басқа күштері құрылды және жойылды. Бұл шайқаста екі тараптың жалпы шығыны 2 миллион адамнан асты. Кеңес Одағы үшін Сталинградтағы жеңіс елдің босатылуына және Еуропадағы жеңіс маршына негіз болды. Бұл 1945 жылы нацистік Германияның соңғы жеңілісіне жол ашты.

Ұлы Отан соғысының ардагері
Ағабек Артықбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері ©Айгүл Хожантаева

Өлім аузынан аман қалдым

Соғыс уақытында сенің өміріңе ешкім жауап бермейді. Барлығы Отан үшін, жер үшін небір оқиғаларды басынан өткерді. Өлім аузынан аман қалған сәтім де болды.

Мерген болғаннан соң бір ойын ойнағандай күй кешеміз. Таңертең күн атпай тұрып, кешке дейін бір жерде тапжылмай отырасың. Бір күні бір неміспен қатты тіресіп қалдық. Ол да берілмейді, мен де берілмеймін. Неміс маған көздеп атса, мен оған қарап атамын. Бір-бірімізге тигізе алмай әлек болдық. Содан менің аяғым талып, сүйеніп тұра қалған бетте аяғым сырғып кетті. Дәл сол сәтте немістің атқан оғы тура құлағымның жанынан сырғып өтіп, шахқа тиді. Сөйтіп шах сынып, бір өлімнен аман қалдым. Сол құбылыс бойыма үлкен қуат беріп, өзіме «осы немістің көзін қалайда жоямын!» деп серт бердім. Сөйтіп немісті көзімнен бір сәтке таса қылмай, қимылын күттім. Кенет ағаш арасынан біреу қимылдағандай болды. Сол сәтте шапшаң қимылмен мылтықты дәлдеп қозғалған жерге оқ жаудыртқанымда неміске дәл тиіпті. Сөйтсем, осы неміс екеуміз бір-бірімізді бір айдай уақыт аңдып жүрген екенбіз.

Бір шабуыл барысында бірден он бес әскери фашистің көзін жойып, әскери марапатқа ие болдым. Сол уақыттағы майдан шебіндегі «қызыл жұлдыз» газетінің бетіне мақала шықты.

Ұлы Отан соғысының ардагері
Ағабек Артықбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері ©Айгүл Хожантаева

Көптеген жастар сұрапыл соғыстың құрбаны болды

Соғыстың басты құрбандары жастар болды. Қаншама жалындап тұрған рухты жастарымыздан айырылдық. Соғыстың боларын, балаларының сұрапыл соғыстың куәсі болатынын аналарымыз күткен жоқ! Жас сарбаздар шабуылда болды. Бұл қорқынышты сәт: қару, мылтық асынған жастардың қан майданда аман қаларын не өліп кететінін білмейтін, өмір мен өлім арасындағы қиын күндер. Олардың көпшілігі балалықтың бал дәмінен ерте айырылған, ерте есейіп ересек өмірге ерте қадам басқан құрметті азаматтар. 19-20 жас — адам өміріндегі ең жақсы, тәтті жас…

Қазіргі уақытта бейбітшілік орнаған тыныш заманда, оқу және жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Біз егде жастағы адамдар мұны ұмытпаймыз. Ең маңыздысы жастардың ұмытпауы. Кез келген сәтте адамдар өмірдің қиын сәттеріне дайын болуы керек. Әрине, Алла басқа салмасын, бірақ жастарымыздың Отанға деген махаббаттары жоғары болып, рухтары биік болғаны жөн.

Отқа оранғандағы соғыс ерлігі тек тактикамен ғана сарапталды. Яғни  әр күнгі ұрыста жайратқан жауымызды мылтықтың түбіне белгілеп отырдық. Сол белгілер арқылы командир қанша немістің көзін жойғанымызды біліп отыратын.

Ұлы Отан соғысының ардагері
Ағабек Артықбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері ©Айгүл

Отан алдындағы борышымды бәрінен биік қойдым

Соғыстың барлық қиындықтарын көрдім. Ауыр шайқастар, окоптағы ұзақ сағаттар. 1944 жылы тамыз айында соғыс аяқталмаса да, әкемнің қазасына байланысты, сонымен қатар өте жақсы қызмет еткенім үшін үйге демалып қайтуға жіберді (елге барғандағы және қайтқандағы уақытты есептемегенде). Өзім жаяу жүргенді ұнататынмын. 40 км жолды Өзбекстаннан бері жаяу жүріп келгенмін. Соғыстан формамен келе жатқан уақытта, көшеден көріп қалған апа-аталар «соғыстан келе жатырсың ба? менің баламды көрдің бе?» деп сұрақтар қоятын. Сөйтіп мені көріп көздеріне жас алатын. Берілген демалыстың 30 күнінің жиырма күні жолға кетті. Жеңіс кілтін алмағаннан кейін ауылдағы демалысым 2-3 күнге ғана созылды. Сосын бірден майданға қайта оралдым.

Отан алдындағы борышымды бәрінен асқақ деп санап, майдан шебінде соғыстың соңғы күніне дейін соғыстым.

Кеңес әскерінің ерекшелігі ұйымшылдығында болды

Соғыста Кеңес Одағының әскерлерге ұйымдастырған шаралары өте жоғары деңгейде болды. Бір жақсысы сені ешкім, еш жерде аш қалдырмайды. Әр станцияда әскери комендант болады. Осындай қызыл әскерде қызмет атқарамын деп қолымыздағы құжатты көрсеткен кезде тамақ та, жататын орын да дайын тұратын. Қай жерге барсақ та барлық жағдаймен қамтамасыз етіліп отырдық. Кеңес әскерінің ерекшелігі осы ұйымшылдығында болды.

Ұлы Отан соғысының ардагер
Ағабек Артықбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері ©Айгүл Хожантаева

Соғыс уақытында адамдар бойында үреймен қатар үміт сезімі басым болды. Дегенмен, олардың біреуі де сезімге беріліп, әлсіреп қалған жоқ, керісінше жанарларында әрдайым от тұратын. Барлығының Отанға деген сүйіспеншіліктері мен құрметтері жеңіске жеткізді.

Соғыс аяқталғанымен елге бірден оралмадым

Соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес Одағының шекараларын қайта қалпына келтіру мақсатында көптеген жауынгелер шекара әскерінің қатарына жіберілді. Соның арасында мен де болдым. Соғыста да соғыстан кейін де тынбай еңбек етіп, 1949 жылға дейін елге қайтпадық. Сол кезде тек коммунистер мен комсомолшыларды алып қалған. Сөйтіп шекараны қалпына келтіріп, күзетіп қайтқаннан соң, соғысқа қатыспай қалған жасы жеткен жігіттерді шекара қызметіне әскерге шақырды.

1947 жылы Бүкілодақтық Коммунистік партия қатарына қабылдандым.

Ұлы Отан соғысының ардагер
Ағабек Артықбаев жанұясымен ©Айгүл Хожантаева

9 мамыр әрдайым қасиетті күн болып қала береді

Үйге қайтып оралып, елдің ұлттық экономикасын қалпына келтіру бойынша жұмысқа орналастым. Тапсырма бойынша бухгалтерлік жұмысты қалпына келтіру ұжымына жіберілдім. Ақтөбе машина трактор-станциясында бухгалтер болып жұмыс істедім. 1957 жылы бітірген Қазақ ауылшаруашылық институтының сырттай бөліміне оқуға түстім. Сонымен қатар сол жылы Г.Мұратбаев атындағы совхоз аумағында бас бухгалтердің орынбасары болып тағайындалдым.

 Соғыстан келгенімде 5 орденім болды. Сол уақыттары мектептен музей ашылған болатын. Музейге сый ретінде бердім. Кейін жаңа мектеп ғимараты салынғаннан кейін  музей орны да ауысып, біраз заттар, соның ішінде медальдарым мен ордендерім де жоғалыпты.

9 мамыр әрдайым қасиетті күн болып қала береді. Осы көктемгі күндерде қара түнектегі өмірдің ащы уақыты аяқталды. Ендігі біздің Екінші дүниежүзілік соғыс адамдарының алдындағы міндетіміз: бізбен бірге тәуелсіз елді көрмесе де, әрдайым ұмытпай, мәңгілік жадымызда сақтау. Дұшпанды жеңуге көмектескен біздің халқымыздың қасиеттері: сабырлық, батылдық, тұрақтылық, Отанға деген сүйіспеншілік. Бұл қаситтер әрдайым бізге еріп жүрсе, жеңіс әрқашан біздікі болады!

Ұлы Отан соғысының ардагер
Ағабек Артықбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері ©Айгүл Хожантаева

Өзінің еңбек жолында бірнеше мәрте медальдармен және облыстық комитеттің құрметті дипломдарымен марапатталған. Ағабек ата 11 баланы тәрбиелеп, өсірген үлгілі отбасы. Оның балалары қазіргі таңда сенімін ақтап жүр. Үлкен қыздары мұғалім, білім беру арқылы жетекші орындарда жұмыс істейді және мұғалімдер ұжымын басқарады. Ал ұлдарының бірі — Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі. Қалған балалары елдің ұлттық экономикасының түрлі салаларында жұмыс істейді. 2007 жылы балаларының өтінішімен Алматы облысына көшіп келген.