1950 жылы АҚШ Әуе-теңіз қызметінің ұшқышы Боб Баргер (Bob Barger) Толедо университетіне түскен. Үш жылдан кейін ол сабаққа баруын тоқтатады. Өйткені отбасының қамы мен жұмысы оған университетке баруға уақыт қалдырмайды. Бірнеше жыл бұрын бұл туралы оқу орнының қызметкері біледі. Оған ардагердің өзі кездесу барысында айтқан.
Содан соң университет қызметкері мұрағаттағы құжаттарды ақтарып, Баргер оқыған курстар оның диплом алуына кедергі болмайтынын анықтады. Себебі қазір студенттер бұл оқу орнының дипломын екі жыл білім алғаннан кейін де ала алады. Ал 1950 жылы мұндай диплом болмаған.
Енді 96 жастағы қарт Толедо университетінің тарихындағы жасы ең үлкен түлек болды.
«Мен бұл туралы армандаған да жоқпын», — деді Баргер.
Ардагер диплом алғаннан кейін жақсы жұмыс тауып, ол жерде гольф ойнай алсам ғой деп қалжыңдап қояды.