Биыл іздеу жасағының құрылғанына он жыл толуына және Сталинград шайқасының 75 жылдығына орай іздеу жұмыстары Ресей Федерациясы Волгоград облысының аумағында жүргізілді. Оған іздеуші жасағымен бірге қазақстандық журналистер де барған болатынбыз.
Сталинград шайқасы
Сталинград шайқасы — Екінші Дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі.
«Барбаросса» жоспары жүзеге аспағаннан кейін 1942 жылы Германия Кеңес Одағын басып алу мақсатында жаңа жоспар қабылдаған. Оған «Блау» деген ат қойды. Ол бойынша фашистер негізгі күшін Сталинград пен Кавказды басып алуға бағыттады.
Жау 1942 жылдың шілде айында Сталинградқа 42 дивизия, тамызда – 69, ал қыркүйекте – 81 дивизиясын аттандырған екен.
Сталинград шайқасының қалай болғанын Волгоград облысы бойынша І санатты экскурсовод-гид Тарасова Ольга Олеговна баяндап берді.
«Сталинград қаласына фашистер келеді деп ешкім ойламаған. Бұл бейбіт қала еді. Бірақ 1942 жылдың 23 тамыз күні сағат 16:18-де немістердің Люфтваффе №4 әскери әуе күштері қалаға күтпеген жерден шабуыл жасады. Бір апта бойы фашистер әуеден 12 мың снаряд тастаған. Сол кезде 40 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Қала ол уақытта мұндай төтенше жағдайға дайын емес еді. Әскер шоғарланып үлгермеді, қару-жарақ санаулы… Ал фашистер болса, бұл қаланы екі себеппен басып алмақ болған: бірі — бұл КСРО басшысының атымен аталатын қала, оны басып алса, КСРО халқының еңсесін түсіреді; екіншісі, бұл қала «Блау» жоспары бойынша Кавказға апаратын ірі транспорт аймағы еді. Жоспар бойынша, қаланы бір аптада алуы керек болды, бірақ шайқас 1943 жылдың ақпан айына дейін созылды»,- деді Ольга Олеговна.
Фашистер қаланың батыс аймағынан кіреді. Кеңес әскері мұндай жойқын күшке төтеп бере алмай, Волга өзеніне қарай шегінген. Сонда «біздің» әскерге Батыс Қазақстан өңірінде жасақталған дивизиялар көмекке келген. Себебі Қазақстанның батысы Сталинград облысымен 500 шақырым шектесіп жатқандықтан, соғыстың оты Батыс Қазақстан өңірін де қамтыды.
Сталинград шайқасындағы Қазақстанның үлесі
1942 жылы 1 қыркүйекте осыған орай Гурьевте қорғаныс комитеті құрылып, 15 қыркүйекте облыста соғыс жағдайы мен қатерлі жағдай енгізілді. 1942 жылы 9 қазанда Қазақ КСР үкіметі Сталинград майданының ең жақын тылы Қазақстан екенін, сондықтан бұдан артық шегінетін жер жоқ екенін айтып, Сталинградты қорғаушы жерлестеріне үндеу тастады.
Батыс Қазақстан жерінде алты қорғаныс шебі, Сайхан, Орда, Чапаев, Тайпақ аудандарында арнайы аэродромдар салынды. Ақтөбе облысында да қорғаныс құрылыстары салынды.
Сталинград майданының көптеген әскери бөлімдері, материалдық, техникалық базалары Батыс Қазақстанда орналастырылды. Орал қаласында әскери байланыс торабы орналасты. Батыс Қазақстан жерінде 20-ға жуық әскери госпиталь жұмыс істеді.
«Осы Ұлы Отан тарихындағы ірі шайқастардың бірі — Сталинград түбіндегі шайқастан Батыс Қазақстандағы Жәнібек ауданын бөліп қарастыра алмаймыз. Себебі фашистер Жәнібек және Орал аудандарына әуе шабуылын жасап, теміржол бекеттерін, мектептер мен ауруханаларды, үйлерді, өндіріс ошақтарын қиратты»,- деді гид ханым.
Ольга Олеговна бізді «Сталдинград шайқасы» музей-панорамасына ертіп әкелді. Ол 1982 жылы салынған екен. Мұнда қаһарман-қаланы қорғап қалуға ат салысқандардың ерлігін еске салатын заттар сақталған.
Көзсіз ерлік немесе Сталинград шайқасындағы қазақстандықтар
Сталинград түбіндегі майданда ерлігі үшін төрт қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алған. Олар: ұшқыш Нұркен Әбдіров, полк командирі Тимофей Позолотин, взвод командирі Гаяз Ромаев және минометші Қарсыбай Сыпатаев. Жалпы Кеңес Одағының батыры атанған 450 қазақстандықтың әрбір оныншысы бұл батыр-қала үшін болған шайқасқа қатысқан. Тарихшылардың айтуынша, Сталинград шайқасында оқ пен оттың ортасында жүріп, Отан қорғағандардың 60%-ы майданға қазақ жерінен аттанған сарбаздар мен офицерлер болған.
Нұркен Әбдіров
Әскери ұшқыш-штурмовик, сержант, Кеңес Одағының батыры. Ол Сталинград шайқасында 16 рет әуе шайқасына қатысып, фашистердің 12 танкісін, 28 жүк автомобилін, 18 оқ-дәрі тиеген машинасын, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін жойып, 50-ден астам неміс солдаты мен офицерін жер кұштырған.
23 қазан күні тұңғыш рет әуе шайқасына аттанар алдында Нұркен былай деп жазған екен: «Егер біз фашистерді құртпасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп қуанышты, бақытты өмірмен қоштасамыз…»
1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш бірнеше дзотты, зенит артиллериясының 2 нүктесін, 6 танкті жойды, бірақ өзінің ұшағы да зақымданды. Ұшағы өртеніп бара жатқанына қарамастан, оны жау техникасы шоғырланған тұсқа бағыттап, қаһармандықпен қаза тапты. Бұл кезде Нұркен бар-жоғы 23 жаста еді. Кеңес Одағының батыры атағы оған қаза болған соң берілді.
Қазіргі кезде Ростов облысының Вешенск ауданының Коньки хуторында, Волгоградтағы Мамаев қорғанында ескерткіш қойылып, сондай-ақ батырдың туған жері Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы бұрынғы 5-а ауылына есімі берілген.
Бір өкініштісі, Волгоград қаласындағы «Сталинград шайқасы» музей-панорамасында Нұркен Әбдіровтің бірде-бір суреті, жеке заттары жоқ.
«Музей — архив емес, оған құжаттарды тапсыруға ешкім мәжбүрлемейді. Бұл жерге заттарды батырлардың ұрпақтары, жерлестері, көзін көрген таныстары өздері әкеліп береді. Мұндағы заттардың көбі солай жиналған. Ал Нұркен Әбдіровтың бірде-бір суреті жоқ. Оның ерлігін қонақтарға тек ауызша айтып беруге мәжбүрміз. Көрсететін бірде-бір көрнекі заты жоқ. Ол сіздердің жерлестеріңіз ғой, мүмкіндік болса, оның туысқандарын тауып немесе Қазақстанда туған ауылында музейі бар деп естідім, сол жерден бір суретін болса да, жіберсеңіздер жақсы болары еді»,-деді музей қызметкері.
Қарсыбай Сыпатаев
Минометші. Ол Сталинград шайқасында асқан ерлік пен батырлық көрсетті. «Красный герой» ұжымшарының маңында болған шайқаста фашистердің бір взводқа жуық жаяу әскерінің көзін жойды. Шарнумовский ауылының түбінде 36 танкімен айқасқа түсті. Сол кезде қасындағы миномет расчеттері істен шығып, Қарсыбай қолында қалған жалғыз минасымен танкінің астына түсті. Осылайша, танкті тоқтатып, өзі ерлікпен көз жұмды.
24 жасар Сыпатаевқа жасаған ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы 1943 жылы берілді.
Қазіргі уақытта оның туған ауылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Көктөбе ауылы мен Шымкенттегі №7 орта мектепке есімі беріліп, ескерткіш қойылған. Ленин орденімен марапатталған.
Тимофей Позолотин
1908 жылы Солтүстiк Қазақстан облысындағы Явленка ауылында туған. Ол 17-ші гвардиялық танк полкiнің командирi, гвардия подполковнигi болды.
Оның полкi Донда екі румын және 62 немiс жаяу әскерлерi дивизияларының тылына шығып, күйрете соққы берiп, 10 мың солдатын жойып, қалғандарын тұтқынға алды. Осы операция үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілдi. Ленин, Қызыл Жұлдыз, І дәрежелi Отан соғысы ордендерiмен марапатталды.
«Кеңес Одағының Батыры полковник Т.С. Позолотин үлкен жауынгерлiк жолдан өттi. Ол танк батальонының командирi, одан кейiн танк бригадасы командирiнiң орынбасары болды. Шайқаста бригада командирi қатардан шығып қалған кезде Позолотин жолдас оның орнын басып, операцияны жiгерлi күшпен басқара бердi. Өзi жараланған кезде де қатардан кетпей, ұрысқа басшылық жасады. Талап қоя бiлетiн, бiлiктi, жiгерлi командир қазiр де қарсыластың iрi күшiн талқандау барысындағы операцияға шебер басшылық жасауда» /«Правда» газетiнің 1942 жылғы 27 желтоқсандағы Қызыл Армияның шебер әскер басшыларына арналған «Жеңе бiлу» деген бас мақаласы/.
1943 жылғы мамыр айынан бастап Позолотин Белгород Харьков операциясына қатысқан 19-шы гвардиялық танк бригадасына басшылық жасады. Олар барлық шабуылдарды тойтарып, немiстердiң жоспарын iске асырмады. Шiлде-тамыз айларында Курск иiнi түбiндегi қанды шайқастарға қатысты. 1943 жылғы 21 тамызда жараланған ол ұрыс даласын тастап кетпей, шайқасты басқара бердi. Позолотин 1943 жылғы 19 қыркүйекте Бабанск аймағындағы бiр қатты шайқаста жау оғының жарықшағынан жауынгерлiк жұмыс үстiнде ерлiкпен қаза тапты.
Бүгінде Петропавлдың бір көшесi батырдың атымен аталады.
Гаяз Ромаев
Батыс Қазақстан облысының тумасы Ұлы отан соғысында взвод командирі болған. 1942 жылдан бастап майдан даласына шығып, жауға қарсы күрескен. 1943 жылы 128-ші атқыштар дивизиясы взводы мен Дон фронтының 64-ші әскерінің 29-шы атқыштар дивизиясын басқарды. 1943 жылдың 15-16 қаңтарында Сталинград шайқасында Ромаевтың взводы Песчанка ауылының маңындағы жау тылына кіріп, бірнеше солдаты мен офицерлерінің көзін құртып, 60 адамын тұтқынға алған. Арада он күн өткенде Жоғары Ельшанка ауылы үшін шайқаста немістің төрт қаруын қолға түсіріп, ерлікпен қаза тапты. Кеңес Одағының батыры атағын ол да қаза тапқаннан кейін алды. Оның денесі Волгоград қаласындағы Мамай қорғанында жерленген.
Сталинград фронтында бұл батырлардан өзге С.Қожекенов, А.Ибрашев, Ж.Нұрекешев, В. Сорокин, Р.И. Ачкурин, Г.И. Мановицкий, Н.И.Котельников, П.Е. Бунтькин, Г.А. Абрамичев, Г.Ф. Прудников, М.И.Богатырев, И.С. Крымов және өзге де мыңдаған сарбаздар қатысқан.
Шайқастан кейін…
«Сталинград қаласы санитарлық қызметінің мәліметінше, Сталинград шайқасы аяқталғанда қала маңында 150 мыңнан астам адамның, 16 мыңнан астам жылқының мәйіттері жерленбей жатқан. 1992 жылы бізге «Германия КСРО-ға қарсы» деген фотокөрме келді. Ондағы суреттердің 70%-і неміс фотохроникасынан жинақталған еді. Сонда «1943 жылдың қаңтары. Мамай қорғаны» деген сурет болды. Жердің бетінде ине шаншар орын жоқ. Адамның мәйіттері, танктер, техника… Қарау мүмкін емес еді. жантүршігерлік…»,- деді «Сталинград шайқасы» музей-панорамасының қызметкері.
Сталинград майданына Қазақстанда жасақталған дивизиялардың үштен бірі қатысты. Олар: 27, 72, 73 гвардиялық атқыштар дивизиясы, 292, 387 атқыштар дивизиясы, 81 кавалерлік дивизиясы, 74 теңіз атқыштар дивизиясы, 129 миномет полкі мен 156 жеке көпір құрылысы батальоны және тағы да басқалары.
Олардың ішінен отанына, отбасына аман-есен оралғандары да, майдан даласында оққа ұшып, із-түссіз жоғалғандары да қаншама…
Іздеу жасағымен бірге өткен күн
Отан үшін жанын пида еткендердің есімін жаңғыртып, тарихқа қайтару үшін ерікті іздеу жасақтары жұмыс істеп жатыр. Сапарымыздың екінші күні журналистер «Майдан жолы» іздеу жасағымен бірге Волгоград қаласынан 30 шақырым жердегі Балка-Татарка деген аймаққа келдік. Біз келгенде іздеу жасағы бір солдаттың мәйітін тапқан екен. Сүйегін біздің көзімізше жерден аршып алатын болды…
«Келгенімізге екі күн ғана болды. Бір батырдың денесін таптық. неге батыр? Себебі олар — біздің бейбіт өміріміз үшін, отанымыз үшін жанын қиғандар. Олардың қараусыз, көмусіз қалғаны дұрыс емес. Дұрыстап жерлеу керек»,-деді іздеу жасағының басшысы Александр Шитов.
Біз келгенде адамның мәйіті етбетімен жатты. Топырақтан тек бас сүйегі мен омыртқасы ғана көрініп тұрды. Жанында бас киімі мен оқ-дәрі салатын қорабы жатыр. Киімінен тек етігінің қалдықтары мен түймелері ғана қалыпты…
Іздеу жасағындағылар сүйекті аршып алып жатты. Мәйіттің сол аяғында «жгут» байланған екен. Жаралы болыпты. «Осы жарасынан қайтыс болған болуы мүмкін»,-деді бір іздеуші. Мәйіттің аяқ тұсын арши бастаған кезде, «Бір адамда мұнша сүйек болуы мүмкін емес»,-деді ол тағы да. Расында, астынан тағы бір адамның мәйіті шықты…
Іздеушілер сүйектерді мұқият түрде аршып алды. Әр адамдыкін бөлек қаптарға салды. Александр олардың бас сүйектері мен жамбас сүйектеріне қарап, жаралы сарбаздың шамамен 35-40 жаста болған еуропалық екенін, оның астынан шыққан сарбаздың жасы 50-ден асқан азиат болғанын айтты. Айтпақшы, қазба кезінде мәйіттердің жанынан снаряд қалдығы табылды.
«Бұл авиаснаряд қалдығы сынды. Бәлкім, еуропалық жарақат алғанда азиат оның аяғын «жгутпен» таңып, жаралы досын арқасына салып, қауіпсіз жерге апара жатқан болуы мүмкін. Сол кезде оның қасына снаряд түскен шығар»,- деді Шитов мырза. Әрине, бұл тек болжам ғана.
Өкінішке орай, мәйіттердің жанынан олардың кім екенінен хабар беретін бірде-бір зат табылмады. Әдетте ол не медаль, не сарбаздың аты-жөні жазылған қағаз салынған темір құты болады.
«Табылған сарбаздың аты-жөнін анықтасақ, бұл туралы оның соғысқа шақыртылған жеріне хабарлама жібереміз. Ұрпақтарын іздейміз. Олар келіп, аталарының сүйегін алып кетуіне не болмаса осы Волгоградтағы зираттарға жерлей алады. Ал, кім екенін анықтай алмасақ, қала басшылығымен келісе отырып, оны ортақ қабірге (Братская могила — авт.) апарып жерлейміз»,-дейді Александр Шитов.
Іздеу жасағындағылардың айтуынша, соғыс кезінде сарбаздан алған медальдарын майданға тағып шықпауға тырысқан екен. Бұл туралы оларға соғыс көргендер айтып берген көрінеді. Сарбаздар үшін бұл жаман ырым саналған. «Медальмен шықсаң, тірі қайтпайсың» деп ырымдаған. Сол себепті олар аты-жөндері жазылған қағаздарын темір құтыға салып, етіктерінің табанына шегемен қағып немесе қалталарына салып, мойындарына тағып жүретін болыпты…
Жалпы, іздеу жұмысы метал іздейтін құрылғылар арқылы жүргізіледі. Құрал белгі берген кезде, сол жерді қазу басталады. Кейде ол жерлерден күрек, темір шелек, тіпті жай ғана шеге шығуы мүмкін. Ал кейде жарылғыш заттар да табылып жатады екен. Өте қауіпті жұмыс.
«Іздеу кезінде минаға, снарядқа жолыққан кездеріңіз болды ма?» деген сауалымызға Шитов мырза: «Әрине»,-деп жауап берді. Бірақ олардың жарылған кезі болмапты.
«Жарылғыш заттарға бірнеше рет кездестік. Оларды арнайы өз ісінің мамандарына қалдырамыз. Ал, жерді қазып жатып, жарып жіберетіндер — «черные копатели». Олар сарбаздардың мәйітін емес, медальдарын іздейді. Кейін оларды қара базарға апарып сатады»,-деді ол.
Айта кетейік, «Майдан жолы» патриоттық іздеу жасағы Еуразиялық Топ құрамындағы алюминий өндірісі дивизионының «Қазақстан Алюминийі» АҚ және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жұмыскерлерінен жасақталған. Жасақ құрылып қызмет ете бастағаннан бергі он жылда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 200-ден астам сарбазды тауып, оларға 20-дан астам ескерткіш орнатты.
Биыл да сол жұмыстарын жалғастырып, Волгоград қаласындағы Мамай қорғанына Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық сарбаздарға арналған ескерткіш тақта орнатты.
Қазір де іздеу жасағының жұмыстары жалғасып жатыр. Олар тағы екі сарбаздың мәйітін тапқан. Бұл жұмыстар Ұлы Жеңіс күні мерекесіне дейін жалғаса бермек. Ал келесі жолы аталған жасақ Беларусь Республикасындағы Брест қамалына баруы мүмкін.
Автордан: Менің жасым 22-де. Соғыс туралы тек кітаптан оқып, кинодан көргендер қатарынанмын. Осы сапардан кейін Ұлы Жеңіс күніне деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бұрын ол мен үшін жай ғана күнтізбедегі «қызыл» күндердің, демалыстың уақыты еді. Енді біздің осы бейбіт күніміз үшін жанын қиған батыр бабалардың ерлігін есіме салатын күн. Осыдан 77 жыл бұрын басталып, бес жылға созылған қанды шайқаста миллиондаған отандастарымыз бейбітшілік үшін жанын қиды. Олар келмеске кетті, бірақ халқымыздың есінде мәңгілікке қала бермек… Әйгілі қолбасшы Александр Суворовтың «Соңғы сарбаз жерленгенше соғыс бітпейді» деген сөзі бар. Ұлы Отан соғысында жан тапсырған барлық сарбаз табылып, жер қойнына тапсырылса екен…