Мерекенің тарихын білесіз бе?

Үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары жердің қамқоршысы әйел құдай Майяға табынған. Соның құрметіне көктемнің соңғы айын «май» деп атап, осы айдың бірінші күнінде серуендер өткізіп, тойлар жасады. 1 мамыр мерекесінің тарихы Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде 1889 жылдың шілдесінен атап өтіле басталды.

1886 жылдың 1 мамырында АҚШ-тың жұмысшылары 15-сағаттық жұмыс күніне қарсы ереуіл ұйымдастырып, зауыт басшыларынанжұмыс күнін 8 сағат деп белгілеуді  талап еткен.  Наразылық білдіру әрекеттері 4 күнге созылды. Нәтижесінде, ереуілге қатысқан жүздеген адамдар тұтқындалып, алты жұмысшы мерт болды, 50 жарақат алды. Жұмысшылар үшін тіпті мұның өзі кедергі болмады.

©el.kz

1889 жылдың маусымында Париждегі 2 интернационалдың 1 конгрессі 1 мамырды — 8 сағаттық жұмыс күні үшін Халықаралық күрес күні немесе Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні деп атау туралы шешім шығарды.

Өзге елдерде қалай тойланады?

Кеңестік кезеңде 1 мамыр еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы күні ретінде тойланған. Екі күн бойы халық жаппай шеруге шыққан. Алғашқы күні әскери парадтар өткізсе, мейрамның екінші күнін табиғат аясында жалғастырған.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда еңбек күні қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтеді.

©vpk-news.ru

Көптеген мемлекет үшін бұған дейін де, қазір де 1 мамыр — көктем, жердің жаңғыруы мерекесі саналады. Мысалы, ежелгі кельттер осы күні Бельтайнды атап өткен. Бұл дата олар үшін малды жайлауға шығарумен байланысты боп келеді.

Оңтүстік Африка Республикасында биліктің ұйымдастыруымен бүкіл халық еңбекшілердің мерекесі ретінде көшеге шығады. Кәсіподақ ұйымдары халық шығармашылығының көрмесін өткізеді, кеңінен қолданылатын, халық тұтынатын тауарлардың бағасы төмендетіліп, базарға шығарылады.

Сицилияда бұл күні халық бір-біріне түймедақ (ромашка) сыйлайды. Ежелші римдік аңыз бойынша түймедақ адамға бақыт әкеледі екен. Сондай-ақ осы күні бақытын іздеген жастар сүйген қызының есігіне көмкерілген гүл қыстырып кетеді. Егер оны қыз алған болса, онда жігітіне келісім берген болып саналады.

©calend.ru

Германия 1 мамырда табиғаттың жаңаруына байланысты «Мамыр мерекесін» атап өтеді. Ал Оңтүстік Кореяда бүкіл ел осы күні Будданың туған күнін тойлайды.

Нидерландыда сәуір айының соңғы күнінде Қызғалдақтар фестивалі басталады. Тіпті голланд елінің деревняларында қыздар мен жігіттердің кіммен билейтінін жазып, ағашқа іліп қояды екен. Кешке қарай жастар өз жұптарымен ортаға шығып билеп, от жағып, қызықты көңілді кеш басталады. Бір-біріне тілектер айтып, еңбектің ырыс әкелетінін осылай сездіреді.

Қытайда 1 мамыр күні «Алтын апта» саналады. Бір апта бойы тойланатын бұл «Алтын апта» мейрамы Қытайда 1999 жылы бастау алды. Алайда бұл мейрам жұмыс процесіне кері әсер ететіндіктен «мамыр мейрамы апталығын» билік кейін алып тастаған. Бірақ 1 мамыр бір күндік демалыс күні болып есептеледі.

Италияда ежелгі римдіктер гүл мен көктем құдайы Флореға табынған. Сөйтіп «Флориалия фестивалін» өткізу игі дәстүрге айналды. Кейіннен бұл фестиваль басқа елдерде де салтанатты жағдайда атап өтілетін болды. Бүгінде 1 мамыр Италиядағы ең бақытты күндердің біріне айналды. Храмның айналасы осы күні көмкерілген гүлдерге толып кетеді.

Қазақстан үшін бұл мерекенің ерекшелігі қандай?

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.

©e-history.kz

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне қатысқан адам бұл мейрамның ауқымын біледі. Мерекеге әртүрлі мәдени орталықтар атсалысады. Олардың мақсаты — Қазақстан халқын өзге халықтардың дәстүрлерімен таныстыру. Мейрамға еңбек ұжымдары, ЖОО студенттері, әртүрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері белсенді қатысады.

Мерекенің ең бір жарқын көрінісі — этномәдени көрме. Еліміздегі басты қалалардың көпшілік жиналатын саябақтарында, мәдени орындарында Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық баспаналары тұрғызылады. Шағын музейлерден белгілі бір ұлтқа тән киім үлгілерін, үй заттарын, әшекейлерді көріп, ұлттық тағамдарының дәмін татуға болады.  Сонымен бірге, бұл күні Қазақстан музейлері мен кітапханалары Қазақстанда тұратын халықтарға арналған көрмелер ұйымдастырады. Мейрам Қазақстан халқын ел аумағында тұратын өзге ұлттардың мәдениеті және дәстүрлерімен таныстырып, ұлт тұтастығын нығайта түседі.