Қазақ тілі – әдемі тіл

Аты-жөнім – Файсал Гүлзат. 1997 жылы Ауғанстанда өмірге келдім. Мектепті Кабул қаласында оқыдым. Бірақ, мектеп бітірген соң ЖОО-на грантқа түсе алмадым. Сосын университеттің экономика факультетінің ақылы бөлімінде 1 жыл оқыдым. Осы кезде министрдің азаматтарды шетелде оқыту туралы хабарландыруын көрдім. Мұсылман мемлекеті болғандықтан Қазақстанды таңдадым. Сөйтіп, бір жыл бойы қазақ тілін үйрендім. Шығармашылық емтихан тапсырып, Қазақстанның Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне грантқа түстім. Қазір бакалаврдың 1-курсында оқимын. Әлі үш жыл осында оқимын.

Шынымды айтсам, оқуға тапсырмас бұрын Қазақстан туралы естімеппін. Бірақ, бастысы мұсылман мемлекеті болғандықтан, бірден осы елге барғым келді. Ғаламтордан Қазақстан туралы ақпараттар іздеп, тауып, оқып жүрдім.

Жеті тілді қалай меңгердім?

Қазақ тілін жылдам үйреніп алдым. Тіл үйреткен апайым өз ісін өте жақсы білетін. Маған қазақ тіліндегі видеолар мен фильмдерді көруге кеңес берді. Кез келген тілді грамматикасынан бастап ұйренеді ғой. Маған қазақ тілінің әдемілігі ұнады. Сөздері, адамдарының сөйлегені әуезді болып келеді екен. Бір жыл бойы жаттығып, дайындалып, Қазақстанға келгенде қазақша сайрап тұратын болдым.

Файсал Гүлзат
Файсал Гүлзат ©Айгүл Хожантаева

Негізі, осыған дейін де бірнеше тілдерді меңгергенмін. Бізде, Ауғанстанда пуштун және парсы тілдері мемлекеттік тіл болып саналады. Өзімнің ұлтым – пуштун. Ана тілімді және дари тілін білуім заңдылық. Ал оқушы кезімде ағылшын және араб тілдерін үйрендім. Аздап ұйғырша, түрікше және французша сөйлей аламын. Қазақ тілі мен орыс тілін аз уақыт ішінде меңгеріп алдым.

Қазақстан мен Ауғанстанның ұқсастығы

Алғашында Қазақстанға баруға жүрексінгенім рас. Шетелге тұңғыш рет барайын деп отырмын. Оның үстіне, саяхаттауға, аз уақытқа емес, табандай төрт жылға. Алайда, Қазақстан мен ойлағаннан әлдеқайда жақсы деңгейде екен. Ауғанстанның тәуелсіздік алғанына бір ғасыр болса, Қазақстанның тәуелсіздігіне ширек ғасыр ған болды. Бірақ, елдің даму деңгейі 25 жылдық көрсеткіштен анағұрлым жоғары екен.

Екі елде де мұсылмандар мекендейтіндіктен болар, аса көп айырмашылықтар байқалмады. Біз де Наурыз, Жаңа жыл тойлаймыз, ет жегенді жақсы көреміз (күлді). Алайда, тамақтану жағынан аздаған айырмашалықтар бар екен. Алғашында үйренісе алмай жүрдік. Қазақтардың ұлттық тамағы бешбармақты жеп көрдік. Ұнады. Бірақ, қуырдақ менің сүйікті тамағыма айналды.

Қазақ қоғамында не ұнады?

Қазақтар сондай қонақжай халық дегенді ел аузынан жиі еститінмін. Алматыға келгенде, толық көзім жетті. Бұдан бөлек, достарыммен қасиетті Түркістан қаласына барып қайттық. Қазақстанның тұрғындарының бәрі тез тіл табысады екен. Бізді әңгімеге тартып, мән-жай сұрасқандар көп болды. Маған ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі: «Үндісің бе?». Түрім үнділерге ұқсағандықтан, бәрі осылай сұрап, қызық көріп жатады. Мен ұлтымның пуштун екенін, ауған азаматы екенімді айтамын.

Қазақтар қазақша сөйлейтін адамды қатты құрметтейді екен. Қазақша жауап берсем, түрлі сый-сияпат көрсетіп жатады.

Маған Алматының табиғаты, әсемдігі ұнады. Адамдарының мінезі сияқты қала тіршілігі де жайдары, көңілді екен.

Файсал Гүлзат
Файсал Гүлзат ©Айгүл Хожантаева

Не ұнамады?

Айтсам ба екен, айтпасам ба екен деп ойлап отырмын. Бірақ, кейбір қазақ жігіттерінің жалқаулығы ұнамады. Негізі Қазақстанда жастарға жақсы жағдай жасалған. Оқуға, үйренуге, өз-өзін дамытуға тегін ресурстар көп. Бірақ, кейбір жастар ұйқыны жақсы көреді екен. Сосын қазақ жігіттері тамақ жасай алмайды. Мен өзім жатақханада тұрамын. Асханада тамақ жасап жүрген жігіттерді кездестірмеймін. Сөйтсем, бұл міндет тек қыздарға тиесілі деген түсінік бар екен.

Тағы бір ұнамағаны адамдардың екітілділігі. Қазақ тілімен қатар орыс тілі де халық арасында кең тараған екен. Алайда, мен орысшадан қарағанда қазақшаға жүйрікпін. Себебі, Қазақстанға оқуға келгендіктен, қазақ тіліне баса назар аударып, көбірек үйрендім. Алайда, қала тұрғындары маған алдымен орысша сөйлейді. Сосын мен: «Кешіріңіз, қазақша айтасыз ба, мен қазақша білемін» деп жауап беремін. Олар шетелден келген азаматтар тек орысша немесе ағылшынша біледі деп ойлайды.

Алматыда 700-ге жуық ауған бар

Қазақстан мен Ауғанстан жақсы қарым-қатынаста. Алматы қаласының өзінде оқитын, жұмыс істейтін 700-ге жуық ауған бар. Бәріміз бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз. Айына бір рет кездесіп, әңгімелесіп тұрамыз. Ұлттық тамағымызды жасап, бас қосып, мәселелеріміз болса бірге талқылаймыз.

Ауғанстанда 100-ге жуық ұлттар мен ұлыстар тұрады. Ал Қазақстанда одан да көп. Қазақтар — өте қонақжай, қолы ашық, ақкөңіл адамдар. Біз де оларға солай жауап бергіміз келеді.

Ауғанстан кітаптағыдай емес

Файсал Гүлзат Ауғанстан азаматтарымен
Файсал Гүлзат Ауғанстан азаматтарымен ©Жеке мұрағатынан

Менен Ауғанстан туралы сұрайтындар көп. Мен Ауғанстан — бейбіт ел деп айтамын. Бірақ, көп адамдар әлемдік бестселлер саналатын Халед Хоссейнидің кітаптарын оқиды. Халед Хоссейни Ауғанстанда тұрмаған. Америкада өмір сүрген. Сондықтан, оның әдеби шығармасындағы кейбір детальдар мен оқиғалар ойдан шығарылған болуы да мүмкін. Аз адамның болса да Ауғанстанға деген көзқарасын өзгерткім келеді. Өмір кітаптағыдай немесе кинодағыдай емес. Қазақтарда «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра», «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген жақсы сөздер бар ғой. Мен осыған толық қосыламын.

Болашақ — жастардың қолында

Ауғанстан мен Қазақстанның жастар саясатына қатысты ұстанымдары ұқсас. Жастарға жағдай жасау керек. Ал Қазақстан жастарына жақсы жағдай жасалған. Қазіргі таңда адамдар арасында негізгі байлық білім екені баршамызға мәлім. Бұрынғыдай қиын заман, соғыс, аштық деген уайым-қайғы қазірде жоқ. Сондықтан, барлық уақытымызды тек білім алуға, үйренуге арнауымыз керек деп ойлаймын.