«Мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі, тестілеу сұрақтары дайын. Тестілеу жұмыстарын келесі айдан бастаймыз. Бүгінгі күні алпыс мың мұғалім өз еркімен осы тестілеу аттестациясына жазылды. Ол бізге не көрсетеді? Мұғалімдеріміз — білімді, сабақтарын біледі, өзіне сенімді, тестілеуден қорықпайды», — деді Ерлан Сағадиев.
Сонымен қатар министр жаңартылған білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшу жалғастырылып жатқанын айтты.
«Былтырғы жылы 1,2,5,7 сыныптар өтті. Жаңа оқу бағдарламасы мен жаңа оқулықтар кезең-кезеңмен дайындалуда. Алдағы 2018 оқу жылынан бастап 3, 6, 8 сыныптар қосылып, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу 70 пайызға орындалады деп есептеуге болады. Жаңа оқулықтар дайын. «Қоғамдық бағалау» порталында макеттері қойылды және апробация жүргізілуде»,- деді ол.
Министрдің атап өтуінше, 10-11 сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту бойынша да көп дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Ол оқулықтарды, методикалық кешенді дайындау, мұғалімдердің дайындығын арттыру және ата-аналармен, мұғалімдермен талқылауды жалғастырып отырмыз. Оның себебі бізге дайындықты нақты түсіну қажет», — деді Ерлан Сағадиев.
Министрдің айтуынша, өткен жылы 12 мыңнан астам мұғалім ағылшын тілі курстарынан өткен. Бүгінде олардың басым бөлігі өз еріктерімен А2-ден бастап В2-ге дейінгі курстарға жазылған.