Ақмола облысында мемлекеттік қызметкерлер аттестациядан өтті

Ақмола облысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы институционалдық реформасын іске асыру мәселелері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг тақырыбына айналды. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің өкілдері брифинг спикері болды.

Еске сала кетейік, Ұлт жоспарының бірінші қадамы бойынша мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі жаңғыртылды.

«Бұл кадрды таңдау сапасына және өткізілетін байқаулардың нәтижелі болуына, сондай-ақ қызметкерлердің тұрақты жұмысына оң әсер етті. Өткен жылдармен салыстырғанда, жас мамандар көп келе бастады: 2015 жылы – 23,8%, 2016 жылы – 22,5%, ал биыл – 24,5%. Жыл басынан бері байқау қорытындысы бойынша 688 адам, олардың ішінде 360 қызметкер төменгі лауазымдарға ие болды», — деп мәлімдеді департамент басшысының орынбасары Райхан Братаева.

Ұлт жоспарының екінші қадамына сәйкес, төменгі лауазымдарға және алдағы уақытта мансаптың өсуіне үміткерлер құзыреттілік негізінде таңдалады.

«Осы жылы қаңтар мен қыркүйек аралығында 247 мемлекеттік қызметкер ішкі байқау қорытындысымен тағайындалды, олардың жартысынан көбі (52%-дан астам) жоғарғы лауазымдарға қабылданған», — деп хабарлады спикер.

Өткен жылдың қаңтар айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді. Еске салсақ, ол Заң барлық мемлекеттік органға, соның ішінде құқық қорғау органдарына да таратылған.

«Жыл басынан бері алғашқы рет мемлекеттік қызметке орналасып жатқан 639 ақмолалық мемлекеттік тіл мен заңнаманы білу деңгейін анықтайтын тестілеуден сәтті өтті. Ұлт жоспарының 15-қадамына сәйкес, облыста 3 887 мемлекеттік қызметкер аттестациядан өтті. Сонымен бірге 91%-дан астам қызметкер өз жұмысының тиімділігін растады. Осы жылдың 1 қазанына дейін аттестация қорытындысы бойынша 56 мемлекеттік қызметкер жоғарғы лауазымға тағайындалды», — деп толықтырды Райхан Братаева.

Брифинг барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру кәсіби мемлекеттік аппарат құруға жағдай жасайтындығы айрықша айтылды.