Ең алдымен Ө. Шөкеев Еңбекшіқазақ ауданына келіп, мұнда егіс алқаптарын, «АПК АДАЛ» АҚ-ның сүт-тауарлы фермасы мен сүт өңдеу зауытын аралады. Бұл кездесуде облыста «Адал» сияқты ірі кәсіпорынның маңайына шоғырланатын 100-200 басқа арналған шағын отбасылық сүт-тауарлы фермалар ашу қажеттілігі туралы сөз болды. Компанияның жұмысы туралы бас директоры Серік Смайылов айтып берді.
«Адал» компаниясы 4 бағытта жұмыс істейді. Атап айтқанда сүтті-етті бағыттағы мал өсіріліп, күніне 25 тоннаға дейін сүт өндіріледі, оған қоса мұнда 2500 бастан астам мал ұстап отыр. Екінші бағыты – сүт зауыты, мұнда тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін 2 цехы бар. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, қаймақ, айран, сүзбе, сары май – жалпы сүт өнімдерінің 56 түрі шығарылады. Сол сияқты компания өз фермасы үшін мал азығын даярлайды. Кәсіпорынның өнімдері Алматы қаласы мен Алматы облысының 5 мыңдай сауда нүктелеріне жеткізіледі.
Бұдан соң делегация «Амал Био» ЖШС-ның интенсивті бағына барды. Мұнда жеміс ағаштарын кесуге арналған заманауи арнайы техника көрсетілді. Серіктестік директоры Асқар Сабыровтың айтуынша, шаруашылық жаңа технологияны қолдана отырып, көкөніс пен жемістер өсірумен шұғылданады. Бүгінде кешенде 80 га жеміс бағы бар, алдағы уақытта ол 300 гектарға дейін кеңейтілмек. Мұнда сыйымдылығы 6 мың тонна жеміс-жидек және көкөніс сақтау қоймасы бар. Сол сияқты биылғы жылы жалпы алаңы 750 шаршы метр болатын көтерме-бөлшек сауда павильоны ашылады.
Жуық уақытта Алматы қаласында 5 «AmalBiomarket» сауда нүктелерін іске қосу жоспарланған. Осы орайда «Амал Био» ЖШС-ның «Рухани жаңғыру» бағдарламасының белсенді қатысушысы екенін айта кету керек. Өткен жылы компания басшылығы жеке қаражатына Ащыбұлақ ауылындағы саябақты жаңғыртып берген еді, бүгінгі күні де ауылды абаттандыруды, маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыруды жалғастырып келеді.
Өз кезегінде Өмірзақ Шөкеев қазіргі кезде бақ өсіруді дамытуда жүйелі жұмыс қажет екенін, зәкірлі кооперация қалыптастыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар бақ өсірушілердің бірігіп бірлестік құруы, тәжірибе алмасуы, бір-біріне қолдау көрсетуі керектігін де айтты.
Қапшағай қаласында вице-премьер «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-ның салынып жатқан зауыты мен «Green Land Alatau» жылыжай кешенінде де болды.
Жылдам дайындалатын кеспе шығаратын зауыттың құрылысын «Mareven Food Holdin» трансұлттық холдингі жүзеге асыруда. Бұл компания негізінен кең қолданыстағы тағамдар мен полуфабрикаттар дайындауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге маманданған.
Серіктестіктің бас директоры Александр Вязников биылғы жылдың 10 сәуірінде өнім өндіру ісі тестілеу түрінде жүргізілгенін айтып, іске қосылған желінің жұмысын вице-премьерге таныстырды. Қазіргі кезде өндірістік процестердің параметрлері өңделіп, кадрлар оқытылуда. Жалпы құрылыс жұмыстары 90 %-ке аяқталып, инженерлік желілер жүргізіліп жатыр.
Атап өтсек, жобаға салынған инвестиция көлемі 50 млн. АҚШ долларын, ал жобалық құны – 10,5 млрд. теңгені құрайды. Өндірістік қуаты – жылына 98 мың тоннаға дейін, 500 жұмыс орны құралды. Өнім отандық нарықпен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз, Түркіменстан, Моңғолияға экспортталатын болады.
Ауыл шаруашылығы министрі жұмысымен танысқан «Green Land Alatau» ЖШС 2009 жылдың желтоқсанында құрылған. Бұл — өңірдегі аса ірі, техникалық жабдықталу жағынан озық жылыжай кешендерінің бірі. Жалпы алаңы 10,5 гектар. Кешен туралы баяндаған ЖШС бас директоры Алмас Даутовтың сөзіне сүйенсек, жылыжай кешені соңғы үлгідегі жүйелермен жабдықталған. Олардың ішінде тамшылатып суару, гидропоника, жарықтандыру, тұмандату жүйелері және тағы басқалары бар. Сонымен қатар климатты бақылау жүйесі де орнатылған. Кешен ішінде өлшеу және қаптау станциясы бар.
Оған қоса А.Даутов кешеннің өндірістік қуатына сай жылына 6 мың тонна көкөніс өсіре алатынын айтты. Өнім түрлерінің арасында қиярдың 2 түрі, қызанақтың 2 түрі, салат шөптерінің де түрлері өсіріледі. 232 жұмыс орны құрылған.
«Бұл жылыжай кешенінің даму деңгейі өзгелерге үлгі бола алады, сондықтан мұндай озық тәжірибені тарату керек», — деді Ө. Шөкеев.
Вице-премьер сапарын Іле ауданындағы «Сарыбұлақ» ЖШС құс фабрикасында жалғастырды. Кәсіпорын құрамында жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы, соя зауыты, бройлерлік құс фабрикасы бар. Шығаратын өнімдері: тауық жұмыртқасы, құс еті, соя майы, шрот. Компанияның бас директоры Жеңіс Смайыловтың айтуына қарағанда, кәсіпорында 600 адам жұмыс істейді. Жылына 220 мың дана жұмыртқа, 20 мың тоннаға дейін ет өндіріліп, 75 мың тонна соя мен бұршақты дақылдар өңделеді. Өнімдері өз елімізде және шет елдерге саудаланады.
«Империя Фуд» ЖШС-ның 3 мың басқа арналған бордақылау алаңы да Өмірзақ Шөкеевтің назарынан тыс қалған жоқ. Жамбыл ауданына келген делегация алдымен осы нысанда болды. ЖШС президенті Арман Жавада жобаға 1,8 млрд. теңге инвестиция салынғанын айтты. Қазіргі кезде шамамен 2700 бас мал бордақылануда, өткен жылы 618 тонна ет өткізілген. Жылдық айналамын ұлғайтып, өндірістік қуатын 10 мың басқа жеткізу алдағы жоспарда бар.
Мұнан соң ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Алматы облысындағы жұмыс сапарының қорытындысында Қарасай ауданы Қаскелең қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында Өмірзақ Шөкеев облыс басшылығының ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстарына оң баға беріп, Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенінің даму жетістіктерін атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Баталов көрсетіліп отырған қолдаулар үшін ризашылығын жеткізіп, өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуын әлі де белсенді түрде жалғастыра беретіндіктерін жеткізді.