Елді мекендер маңына мұқият зерттеу жасау керек – Амандық Баталов

Бүгін облыс əкімі Көлсай сайына ұшып келіп, жедел штабтың жұмысына қатысты.  22 сəуірдегі жағдай туралы облыс əкіміне ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтар Баймолдаев баяндады.

Алматы облысы
©Өңірлік баспасөз

“Опырылған жер Көлсай көлінің арнасына жетті. Топырақтың қозғалысы сағатына бір метрден жылжуда. Топырақ өзеннің арнасын жауып тастауы мүмкін. Ал өзен жаңа арна жасап ағуы да ықтимал. Қазір өзеннен екі куб су өтіп жатыр. Мамыр айының аяғы мен маусымның басында өткізілетін су көлемі 30 кубқа жетеді. Топырақ массасы өзен суы арқылы шайылады. Бірақ бұл өзен түбінде кішкентай бөліктердің пайда болуына ықпал етіп, бұл өзен сағасының шайылуына алып келуі мүмкін. Біз су өткізуді эвакуациялық канал арқылы қамтамасыз етсек дейміз. Бұл орайда жарылыс жұмыстары қолданылуы мүмкін, – деді Тоқтар Баймолдаев.

Сарапшылардың пікірін тыңдай келе Амандық Баталов бірқатар тапсырмалар берді. Ең алдымен өзеннің түбін тереңдету үшін өзен сағасына шынжыр табанды экскаваторлар қолдану керек. Егер тау массасы өзенді жауып тастаса, суды сарқып алу немесе сифондық əдіс арқылы морена көліне су құю тəсілін қолдану керек.

“8 сəуірде бұл жерде жер сілкінісі болған, оның артынан жауын жауды. Мұнда тектоникалық жарылу сызығы бар. Осының бəрі жинақтала келе, қалыптасып отырған жағдайды туғызуы мүмкін. Қазір тау бөктерлеріне, əсіресе елді мекендер маңына мұқият зерттеу жасау керек», – деді  Амандық Баталов.

Сонымен қатар, облыс əкімі электр желілерінің айналма жолын жəне геологиялық жағдайларды ескере отырып жол салу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Қазір оқиға орнына барлық қажетті техника жұмылдырылған, тау массасының қозғалысы сағат сайын бақыланып отыр. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Сондай-ақ облыс əкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, кейбір БАҚ-та жарияланған Саты ауылына апаратын жол жабылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жол жабылған жоқ, ашық. Тау массасының қозғалуы «Көлсай көлдері» Ұлттық саябағы кардоны маңында орын алған.