Оның айтуынша, жыл сайын аудандық, қалалық судьялар миллионнан астам қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істі қарайды. Әрбір іс бойынша тиісті шешім, үкім, қаулы қабылданады. Мысалы 2017 жылы аудандық, қалалық судьялар 1 млн 200 мың іс қарап, соншама шешім, үкім, қаулы қабылдаған.
«Ал енді көп жағдайда осындай шешімдермен, үкімдермен көбісі келіспей жатады. Өздерінің наразылықтарын Жоғарғы сот сатыларына білдіреді. Әрине, оның бірнеше себебі бар. Басты себептің бірі — сот шешімдерін, үкімдерін түсінбеу. Біз осы жөнінде бір ай бұрын үлкен талқылау жүргіздік. Азаматтық істер бойынша қабылданған сот шешімдері қандай болуы керек? Сол жөнінде бірнеше нормативтік талаптар туралы қаулы қабылдадық», — деді Жақып Асанов.
Мысалы, оның сөзіне қарағанда, сот шешімі мазмұны бойынша оңай, жеңіл, түсінікті тілмен жазылсын деп шешім қабылданған. Арыз иесінің әр уәжін нөмірлеп, сот шешімінде оларға жауап беру де міндеттелген.
«Сонымен қатар біздің заң терминдеріміз көп. Неше түрлі кәсіби терминдер бар. Оны қарапайым адам түсіне бермейді. Бірақ оны сот шешімінде пайдалануға міндеттіміз. Бірақ, оны пайдалану барысында қарапайым тілге аудару талап етіледі», — деді ол.
Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, азаматтық істер бойынша судья шешімінің нақты құрылымы да болуы керек.
«Қарап отырсақ, шешімдердің көлемі үлкен. Бірақ керек нәрсені оның ішінен табу көп жағдайда мүмкін емес, өте қиын. Сондықтан біз қандай шешім қабылдадық? Біз әрбір шешімнің логикалық құрылымы болуы тиіс деп талап қойдық. Шешімдерде абзац, интервал жоқ, көп жағдайда кішкентай шрифтпен жазылады. Оны адамдар түсінбейді, оқи алмайды, көзі ауырады. Сондықтан біз техникалық талапты да қойдық. Бұл нормативтік талаптар 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді», — деп атап өтті Жақып Асанов.
Осы ретте ол нормативтік талаптарды енгізу мерзімінің неліктен 4,5 айға шегеріліп отырғандығын түсіндіріп өтті.
«Осы уақытта бізге аудандық, қалалық судьяларды түсіндіру әдістемелеріне, шешімді қалай жазу, қалай сөйлеу керектігіне, шешендікке үйретуіміз керек», — деді Жоғарғы сот төрағасы.