Балқаш қай жерде орналасқан?

Балқаш көлі – Қазақстандағы ірі көлдердің бірі. Ол Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарының аумағында орналасқан. Балқаш жер бетіндегі ең көне көл. Көлдің ең басты ерекшелігі –  батыс бөлігінің суы тұщы, түсі сарғылт-сары, лайлы да, шығыс бөлігінің суы тұздылау, түсі көгілдір, ашық көк.

Балқашта нені көруге болады?

Балқашта суға шомылудан өзге де қызықтар бар. Мәселен, желкенді қайық, байдаркамен және каноэмен есу, спорттық балық аулау сынды спорт түрлерімен шұғылдануға, табиғи ескерткіштерді тамашалауға болады.

Аймақта орналасқан табиғи ескерткіштердің бірі – Бектау ата тау желісі. Оның шыңы 1000 метрге дейін жетеді. Барлығы 4000 га аумақты алып жатқан тау желісінің аумағында түрлі шатқалдар мен құздар орналасқан. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі бар, олардың 45-і сирек кездесетін болса, сегізі Қызыл Кітапқа енгізілген. Бектау ата тауында «Әулие» үңгірі орналасқан. Онда киелі тұзщы су көзі бар.

Көл неге Балқаш деп аталған?

Көлдің қазіргі атауына байланысты аңыз бар. Бұдан көп ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауын бір бай мекендеген екен. Оның Балқия атты ақылына көркі сай қызы болыпты. Бүкіл жұрт қызды еркелетіп Балқаш деп атайды екен.

Жасы он жетіге толғанда Балқия Ерден деген жігітке ғашық болады. Алайда қыздың ата-анасы оны бір байдың баласына атастырып қойған екен. Содан екі ғашық елден қашып кетеді. Ауылдан біраз ұзаған соң, қалың қамыстың ішіне демалуға тоқтайды. Сол кезде олардың аттарына қамыс ішіндегі қабандар тап береді. Ерден қабандармен алысып жүріп жан тапсырады. Ал үркіген жылқылар ауылға қарай тартып тұрады. Қыздың әкесі қатты ашуланып, жігіттерге қашқындарды ұстап әкелуге әмір береді. Балқия болса, қуғыншыларды көргенде қолға түскеннен өлімді артық көріп, биік жардан көлге секіріп кетеді. Содан бері жұртшылық көлді Балқаш деп атап кеткен екен.

Қалай жетуге болады?

Егер, сіз балқаш көліне Алматы қаласынан ұшақ арқылы барғыңыз келсе, алдымен Алматы-Балқаш бағыты бойынша билет аласыз. Оны авиакассаларға бармай-ақ, интернет желісі арқылы алуға болады. Мұнда билеттер комиссиясыз сатылады. Сонымен қатар ұшақ билеттерін неғұрлым ертерек алып қойсаңыз, соғұрлым тиімді бағада ала аласыз. Алматыдан Балқаш қаласына дейін ұшу уақыты 1 сағат 35 минутты құрайды. Қалаға жеткен соң, көлге дейін такси, автобустар арқылы жетуге болады.

Қазіргі уақытта Алматыдан тікелей Балқашқа баратын пойыз жоқ. Бірақ Сары-Шаған, Мойынты бекеттеріне дейін алып, ары қарай такси немесе автобуспен баруға болады. Алматыдан аталған бекеттерге пойызбен 9-13 сағатта жете аласыз. Сонымен бірге пойызбен көлдің тұзды жағалауына баруға болады. Ол үшін билетті Лепсі бекетіне дейін алу керек. Жол ұзақтығы 9-10 сағатты құрайды.

Балқашқа тікелей қатынайтын автобустар бар. Олар күн сайын жүреді. Ол үшін қаладағы автобус бекеттеріне барасыз. Егер таксимен барғыңыз келсе, жолға 9-10 сағатыңыз кетеді. Себебі Алматы мен Балқаштың арасы 640 шақырымды құрайды. Ал көлдің тұзды жағалауы тұщы жағынан жақындау – 420 шақырым. Жеке көлігіңіз болмаса, отбасыңызбен көлік жалдауға болады.

Орналасу құны: Балқашта қонақ үйлерге тоқтауға болады. Олардың бағасы әртүрлі. Қалтасы қалыңдар мен қарапайым қарашаға да нөмір табылады. Сонымен бірге жеке үй-жайларын жалға беретіндер де бар.