1-курста оқып жүргенімде кәсіп бастауға бел будым

Жамбыл облысы, Шу ауданында туып-өстім. Мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне жер ресурстары және кадастр мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуға түсіп, қалаға келген жастар табыс табудың, ата-анасының қалтасына салмақ салмай, күнделікті шығынын өзі жабудың жолын іздейтіні жасырын емес. Қатарластарым түрлі жұмыстар істеп, өз ақшасын өздері тауып жүрді. Осылайша, 1-курста оқып жүргенімде кәсіп бастауға бел будым.

Қазір жастар көп уақытын бос шығындайды. Әсіресе 1-2 курстарда бос уақыт көп болады. Сол кезде ойға алған жоспарларыңды жүзеге асырып үлгеру керек деп ойлаймын. Алғашында «17 жастағы жігіт қандай кәсіп жүргізе қояр дейсің?» деп сенімсіздік танытқандар да болды. Басты мақсатым бос уақытымды тиімді жұмсап, табыс табу болды. Бос уақытыңда немен айналысасың деген сауалға әркім әр түрлі жауап береді ғой. Ал мен бос уақытымда жаным қалаған кәсіппен айнлалысқанды ұнатамын дер едім.

Кәсіпкер Ерлан Мейірқұлов
Ерлан Мейірқұлов, кәсіпкер ©Айгүл Хожантаева

«Gentlemen Club» қалай ашылды?

Алғашында азын-аулақ қаражатқа ойын орталығы болатын ғимарат пен PlayStation құрылғыларын жалға алдық. Ойын орталығының тұтынушылары — өзімнің қатарластарым мен достарым. Демек, алдымен оларды қандай ойын түрлері қызықтыратынын, нені ұнататынын ескеру керек деп ойладым. Жарнама жасауды да солардан бастадым.

PlayStation ойнауға келетіндердің көпшілігі ер балалар. Сондықтан, ойын клубының атын «Gentlemen Club» деп атадық. Ойын орталығы Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында орналасқан. Зерттеуім бойынша, тұрғындар ең жиі баратын орындар Абай мен Байтұрсын және осы Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында орналасқан екен. Жақын жерде оқу орындары, сауда орталықтары жиі кездеседі. Демек, жер таңдаудан, аудиорияны зерттеуден қателескен жоқпын.

Кәсіпкерлікті ешкім оқып тумайды

18 жасқа толмағандықтан алғашында көп қиындықтар кездесті. Кейін кәмелеттік жасқа толған соң жеке кәсіпкерлігімді тіркеттім. Осы кезде қажетті заңдар мен есептеулердің барлығын меңгеріп алдым. Негізі кәсіп бастау үшін арнайы білімнің, қолдаудың қажеті жоқ. «Тәуекел түбі — жел қайық, мінесің де өтесің» дегендей, бастысы тәуекел ете білу керек. Кәсіпкерлікті ешкім де іштен оқып тумайды. Ол уақыт өте келе тәжірибе арқылы шыңдалады.

Ерлан Мейірқұлов, кәсіпкер ©Айгүл Хожантаева

Кез келген нәрсені қолға алмас бұрын оның халыққа қаншалықты керек екенін, тұтынушылар арасында сұраныс ие ме соны зерттеп алу керек. Ойын орталығынан бөлек, жақында кальян орталығын аштық. Қоғамда мұндай орындарға деген дұрыс көзқарас қалыптаспағанын білеміз. Алайда, кез келген нәрсе сұранысқа байланысты. Нарықта сұранысқа ие тауардың құны жоғары болады.

Достық — достықпен, қызмет — қызметпен

«Gentlemen Club-тың» жұмыс істегеніне 3 жылға жуық уақыт болды. Мұндағы қызметкерлердің барлығы өзімнің достарым мен жерлестерім. «Достық — достықпен, қызмет — қызметпен». Алайда осы күнге дейін ешқандай келіспеушілік пен түсініспеушілікке бой алдырып көрмеппіз. Әркім өз міндетін жақсы білсе, мұндай кедергілер кездеспейді деп ойлаймын.

Онға жуық қызметкерді жұмыспен қамтып отырмыз. Олардың барлығы да қосымша табыс тауып жүрген студенттер. Сабақ кестесі мен жұмыс уақытын ақылдасып, ыңғайлап аламыз. 24 сағат бойы демалыссыз жұмыс істейміз. Себебі, тұтынушыларымыздың жұмыс уақыты әр түрлі.

©Айгүл Хожантаева

Ойын клубын үнемі таза ұстауға, дамытып отыруға тырысамыз. Fifa, UFC, Mortal Combat сияқты ойын түрлері сұранысқа ие. Маусым сайын олардың жаңа нұсқасы шығып отырады. Мысалы, FIFA футбол ойынында жыл сайын команда құрамы өзгеріп отырады. Футболсүйер қауым үшін ойын орталығындағы футбол құрамасының да заман талабына сай өзгеріп отырғаны маңызды. Әр тұтынушының сүйікті құрамасы, футболшысы, кейіпкері болады.

PlayStation — құмар ойын емес

PlayStation — Sony фирмасының сегізінші ұрпақ ойын приставкасы. Ол геймерлер мен ойындарға бағытталған. Қазіргі нарықтағы ережелерге байланысты тек үй медиацентрі болып қарастырылады. Оны құмар ойынға жатқызатындар бар. Бұл — қате пікір. Біздің ойын орталығы ешқандай да казино, құмар ойындар клубы емес. Бұл жерге адамдар демалу үшін, эмоциясын шығару үшін келеді. Кейде туған күн кешін ұйымдастыратындар да бар. Оларға арнайы ойын бөлмесін, мерекелік атмосфера жасап береміз. Сусындар мен тағам түрлерін де ұсынамыз. Тіпті тұрақты қонақтарымыздың арасында PlayStation ойнайтын қыздар да бар.

Кәсіпкер
Ерлан Мейірқұлов, кәсіпкер ©Айгүл Хожантаева

Ойынның тәжірибесін өмірде қолдануға болады

Мұндай ойындар бұрын да болған. Тек атауы басқаша. Dendi, Sega, Sony playstation деп аталып жүрді. Соңғы жылдары жастар арасындағы танымалдылығы күрт артып кетті. Соның нәтижесінде Gamer деген жаңа ат пайда болды. Геймер ағылшынша «game» сөзінен шыққан. Қазақша баламасы «ойын». Ал, «геймер» — «виртуалды ойыншы» мағынасын береді. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, компьютерлік ойындардың да пайдасы мен зияны қатар жүреді. Оның денсаулыққа зиян екенін, тәуелділікке алып келетінін бәріміз білеміз. Алайда, виртуалды ойыннан да үйренетін жақсы нәрселер бар. Мысалы, геймерлердің ойлау жүйесі, интеллектісі, техникалық түйсігі жақсы дамиды. Басқа адамдар білмейтін технологияларды жылдам меңгеріп алатын болады. Көлік жүргізуді үйренгісі келетіндер, жылдамдықты жақсы көретіндер де алдымен виртуалды ойын арқылы өз-өзін дайындап, дамыта алады.