2-13 сәуір аралығында Ішкі істер министрлігі өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру жүргізіп, 6081 ережебұзушылықты анықталды. Соның ішінде KeruenCity сауда үйі де бар. Одан былтыр 16 бірдей олқылық шыққан екен, алайда түзету туралы талаптар орындалмаған. Осыны ескерген ІІМ мамандары істі сотқа жіберді.
«Енді әкімшілік айыппұл сала ма, әлде жауып тастай ма, оны сот шешеді»,-деді ҚР ІІМ-нің орынбасары Юрий Ильин.
Мұнымен сауда орталығының өрт қауіпсіздігі инженері келіспей отыр. Оның айтуынша, былтырғы жылдың ескертулері толықтай дерлік дұрысталған.
«Қайтара тексеру барысында тек екі ескертпе ғана орындалмай қалған болатын. Дайын өнімдер қоятын алаңқайымыз бос болмай және шығу жолдарында кедергілер болған. Қазір олар да түзетілді. Сондықтан, бізде ешқандай кемшілік жоқ»,- дейді ол.
Ішкі істер министрлігінің бұйрығы бойынша, жалпы ауданы мың жарым шаршы метрден асатын нысандар тексеруге жатады. Ал көлемі одан кіші, бірақ жұрт көп шоғырланатын жерлерді ешкім тексере алмайды. Осыған байланысты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев шағын бизнес нысандарын бақылаудың екі нұсқасын ұсынды. Бірі – мемлекеттік бақылауды қолға алу. Екіншісі — өз-өзін реттеу механизмі. Яғни, шағын кәсіпкерлер ғимараттың өрт қауіпсіздігін өзі реттеп отыруы керек.