1990 жылдары қазақтілді БАҚ-тар махаббат символының құрметіне белгілі бір күнді мереке ретінде тойлау туралы бастама көтеріп, ол көпшілік тарапынан қолдау тапқан еді. Алайда 15 сәуір ешбір құжатпен белгіленбеген, ешбір тарихи оқиғаға да байланысты емес. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешбіріне сәйкес келмесін деп дәл осы 15 сәуір таңдалған болуы керек.

Қозы Көрпеш — Баян сұлу күнін алғашқы болып республика көлемінде атап өтуді Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай ұсынған. Ол жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын қазақша ғашықтар күнін атап өтуге шақырған.

Алайда ғашықтар күніне қатысты қоғам пікірі екіге бөлінеді. Біреулер қазақ халқы ежелден-ақ қыз бен жігіт арасындағы сезімді, махаббатты  өзгелерге жария қылмай, жасырын ұстаған, сондықтан, оны жалпақ жұртқа жариялайтын арнайы күннің қажеті жоқ дейді. Ал енді біреулер бұл күнді сезімін білдіруге, ұсыныс жасауға таптырмайтын күн деп есептейді. Сондай-ақ, бұл күні қазақтың селтеткізер, ұйқыашар, бастаңғы сияқты дәстүрлерін жаңғырту керек деп біледі.

Абдусамат Қасым Islam.kz-те махаббат күніне қатысты діни тұрғыда мынадай пікір білдірген:

Шариғатқа келер болсақ, «ғашықтар күні» дейтін нәрсе шариғатта жоқ. Құран Кәрімде: «Алла сендердің араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік салып қойды»,- дей келе, ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен мейірімділікті анық білдірген. Ғашықтық, махаббат — ол көңіл мәселесі, адамның табиғатында бар құбылыс. Алайда, ғашықтықты насихаттауға адамзат мұқтаж емес. Ал «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырында екі жастың махаббаты немен аяқталғаны белгілі. Сондықтан, мұндай мерекені насихаттау жастар арасында махаббат жолында құрбан болуды арттыруы мүмкін.

[totalpoll id=»57112″]