— Нұрмұхаммед мырза, Кембридж университетінің түлегі болғаныңыздықтан, әңгімеміздің төркінін Қазақстан мен Еуропаның ЖОО-ның білім беру жүйесін салыстырудан бастасақ?

— Бакалаврды Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында, ал магистратураны Ұлыбританияның Кембридж университетінде оқыдым. Екеуін салыстыру қиын. Дегенмен автономиялық басқару деңгейі бойынша айырмашылықтарын айтуға болады. Бірінші, бізде мемлекеттік университеттердің шешім қабылдауда автономия деңгейі өте төмен. Ал Еуропаның университеттерінде керісінше, жоғары. Мысалы, университет бір бағдарламаны мамандық ретінде оқытқысы келсе, оқыта алады. Бізде бір мамандықты оқыту үшін білім министрлігінен лицензия алу қажет. Ал лицензияны алу үшін белгілі бір шарттарға сәйкес келу керек. Методикалық база, инфраструктура, ұстаздардың біліктілігі, сапасы т.б… Осының барлығынан өткеннен кейін ғана сізге құқық беріледі.

Нұрмұхамед Досыбаев
Нұрмұхаммед Досыбаев ©Айгүл Хожантаева

Екінші айырмашылық – қаржыландыру. Бізде білім жүйесін қаржыландыру деңгейі төмен. Мысалы, ғылымға бөлінетін қаржы 0,15 процентті құрайды. Дамыған елдерде бұл 2-3 процентке дейін жетеді. Бұл өз кезегінде университеттің ғылыми дамуына кедергі тудырады. Сондықтан да біздің университеттер тек сабақ берумен ғана айналысады. Ал Кембридж университетінде «алтын үштік» білім беру жүйесін қолданады. Яғни, бірінші студентке білім беру; екінші, ғылыми, зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндік беру (лаборатория, ғылыми мақала, зерттеу жұмыстары); үшінші бұрышында инновация, студенттің жүргізген ғылыми зерттеуін жүзеге асырып, нарыққа шығарады, пайдаға асырады. Арықарай тізбектей берсең, әрине, айырмашылықтар өте көп. Мәселен, ұстаздарға жасалған жағдай, олардың жалақысы, инфраструктура, білім сапасы, ресурс т.б… Мұндағы ең басты мәселе білім мен ғылым саласына бөлінетін қаржыға келіп тіреледі. Ал қаржысы аз салаға білімді, мықты, бәсекеге қабілетті мамандар бара бермейді.

— Қазіргі уақытта ЖОО тәмамдаған түлектердің көп бөлігі жұмыс істегеннен гөрі, магистратураға түскенді жөн санайды. Ғылыммен айналысамын деп емес, екі жыл шәкіртақы алу үшін оқитындар көп. Бұған айтар пікіріңіз қандай?  

— Англияда да бұл мәселе бар. Ғылымға көп адам бара бермейді. Бірі шынымен де ғылым жолын қууға барса, бірі нарықта өзіне керек жұмысты табалмай оқып жатады. Бізде де солай. Бірақ елімізде бұл мәселе жүйелі түрде қалыптасып кеткен. Неге десеңіз, жастар 200-300 мың жалақы беретін жұмыс іздейді, ал нарықта олардың талабына сай ұсыныс жоқ. Мысалы, мен Кембридж университетін бітіріп келіп, Шымкент қаласының білім бөліміне 100 мың теңге көлеміндегі жалақыға жұмысқа тұрдым. Осыны курстастарыма айтсам, «Кембриджде оқып 300$-ға қалай жұмыс істеп, өмір сүріп жүрсің?» деп күледі. Ал қаржылай қажеттілігі жоғары адам, мемлекеттік жұмыстарға бара бермейді. Содан келіп магистратураны қосымша табыс көзі ретінде көріп, оқуға тапсыратындар көп.

Нұрмұхамед Досыбаев
Нұрмұхаммед Досыбаев ©Айгүл Хожантаева

— Шымкентте қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқардыңыз. Қалай ойлайсыз, еліміздің білім саласындағы реформаның табысты жүруі үшін біз қай мәселені елеп-ескергеніміз жөн?

— Мен жергілікті атқарушы органда жұмыс істедім. Оларға университеттер бағынбайды. ЖОО-ы тікелей министрлікке бағынады. Біздің қарамағымызда мектептер, бала-бақша мен қосымша білім беру мекемелері болды. Ал енді педагогикалық тараптан келетін болсақ, ЖОО-мен жұмыс істедік. Әсіресе, мұғалімдерді қамтамассыз ететін пединституттар және университеттермен айналыстық. Жоғарыда айтып өткенімдей, олардың шешім қабылдауы өте ұзақ жүретін процесс. Нарық болса, тез өзгеріп жатыр. Олар нарыққа сай маман дайындау керек. Ал олардың дайындаған өнімі сұранысқа ие емес. Өйткені, олар шешім қабылдап, ойланамыз дегенше нарықтың талабы өзгеріп кетеді. Осыларды көргеннен кейін, біз, автоматтандырылған, жұмысқа қабылдауға іріктеу жұмысын енгіздік. Сол кезде түлектердің әлсіздігіне, маман ретінде біліктілігі төмен екендігіне көзім жетті.

Бұл жағдайға кім кінәлі?

— Бұл жағдайға нақты кім кінәлі екенін айту қиын. Өйткені, мемлекет қаржыландыру керек; университет басшылығының тарапынан дұрыс басқару жүйесі болу қажет; мемлекет тарапынан автономия беріліп, шешімді университеттің өзі қабылдауы керек. Басшылық «мен мына ұстазға мынадай жалақы тағайындаймын» деп айта алуы қажет. Бірақ бізде бюджет алдын ала бекітіледі, сосын олар шеңберден шыға алмайды. Университетке тәуелсіздік пен қаржы берілген кезде ғана өзгеріс болады. Мысалы, басшылық: «әріптес қызымыз Оксфорд университетін бітірген, мықты маман, мен оған 2000$ көлемінде айлық тағайындаймын», — деп айтса, бәсекеге қабілетті ұстаздар сол жерде жұмыс істейтін еді.

Нұрмұхамед Досыбаев
Нұрмұхаммед Досыбаев ©Айгүл Хожантаева

— Еліміздегі жоғары оқу орындарының білім беру сапасы туралы не айтар едіңіз?

— Қазіргі кезде жекеменшік университеттердің сапасы жоғары. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық университеттердің дәурені жүріп, дүркіреп тұрған кезі еді. Кейін жекеменшік университеттер пайда болып, олар трендке, нарықтың сұранысын қанағаттандыратын өзгеріске сай болды. Салдарынан ұлттық университеттердің бәсекеге қабілетті түлектер даярлауы қиындап бара жатыр. Себебі олар өзгеріске дайын болмады. Дегенмен олардың әлі де түлектерінің сапасын арттыруға мүмкіндіктері бар. Мәселен, кезінде ұлттық университеттерді оқыған түлектер, қазір мықты маман. Ал соңғы жылдары аяқтағандардың сапасы қандай? Бұл үлкен сұрақ.

— Сіздің түсінігіңізде білім саласындағы бизнес дегеніміз не? Қазір не көп, бизнеске, өзін-өзі тануға, т.б қатысты тренингтер көп. Бұл бізге қажет пе?

— Бұл сұраққа қатысты нақты статистика жоқ. Тренингтер туралы салыстырып, аналитикалық сараптама жасап жатқан компания жоқ. Бұл ашық нарық. Шетелде де бұл бар. Тренинг сабақтар сұранысқа ие. Мәселен, сіз менен үйренгіңіз келсе, менен сұрап, біліп алуыңыз керек. Тек университеттен білім алу қажет деген қағида жоқ. Бұл бір жағынан жақсы тенденция. Адамдарға қолжетімді білім болғаны жақсы. Мысалы, орта білім бергіңіз келсе, лицензия алам дегенше шашыңыз ағарып кетеді. Одан да ЖК ашып, бір ғимаратты жалға алып, білім беру тиімді. Университет деген жақсы, сапалы. Бірақ қиын. Университетке кім барады, профессор, ғылыммен айналысқысы келетіндер, ұстаздар барады. Олар заң, бухгалтериямен бастарын қатырғысы келмейді. Содан: «мен университетке жұмысқа тұрамын, маған білімімді сатуға көмектессін, айлық төлесін, мен тек аудиторияға сабақ беруге барамын», — дейді. Бұл жерде университет-бизнесмен. Ол барлық құжаттармен, есеп-қисаппен жұмыс істейді. Қарапайым тілде айтсақ осылай. Екінші, университетер белгілі бір сапа мен стандарттың бар екендігін дәлелдеп отырады. Бағанағы бизнесмен студентке: «мына университетті бітірсең, кез келген жерде сұранысқа ие боласың» , — деп кепіл береді. Ал профессор олай айта алмайды. Және мен де «мен мына профессордан білім алдым» деп айталмаймын. Әлем профессорды емес, профессор білім беретін университетті мойындайды. Бұл нарық. Нарықты таңдау тұтынушының қалауына байланысты.

Нұрмұхамед Досыбаев
Нұрмұхаммед Досыбаев ©Айгүл Хожантаева

— Бүгінде ата-анасының қалауымен немес грант үшін ғана мамандық таңдайтын түлектер көп. Нәтижесі әмбеге аян. Сіздің ойыңызша, болашақ маман мамандық таңдауда неге көңіл бөлу керек?

— Орта білім беру жүйесі мамандық таңдауға қолайсыз жүйе. Өйткені оқушы 11 жыл бойы барлық пәнді оқып, 11-сыныпқа келген кезде мамандығы бойынша таңдау жасауға мәжбүр. Ал таңдаған мамандығы бойынша қажет пәнді оқиын десе, жүйе рұқсат бермейді. Айналғанда шешімді бала емес, жүйе қабылдап қойған. Ал халықаралық деңгейдегі мектептерде бұл жағдайдың шешімі оңай. Англияның орта білім жүйесіне де мемлекет тарапынан бақылау орнатылған. Дегенмен де оларда жүйе кішкене реттелген. Бала мектепті бітірген соң, академиялық бағытқа барамын десе, университетке түспей тұрып, қосымша екі жыл мамандығына байланысты білім алады. Пәндер мамандығына байланысты қойылады. Бірақ ақылы оқиды. Егер, біз оқушыға 10-сыныпқа дейін барлық пәндерді оқып, 11-12-сыныпта мамандығыңа қатысты пәндерді оқисың десек, көпшілігі қуанар еді. Алайда таяқтың екі ұшы бар. Мәселен министрлік еркіндік беріп, оқушыларға жақсылық жасайын десе, бір жағында ұстаздар тұр. Мысалы, бір сағат пәнді қысқартсаңыз, жүздеген  ұстазды жұмыссыз қалдырасыз. Демек, білім жүйесінде қандай да бір шешім қабылдау оңай емес.

— Үш тілде білім беру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өзіңіз ағылшын тілінде еркін сөйлейсіз. Жалпы, тіл үйренуге қажет бес әдісті атап берсеңіз?

— Бірінші, сенім керек. Саналы түрде ағылшын тілі не үшін керек екендігін түсінуіңіз қажет. Мысалы, қазір 300 мың теңге жалақы аласыз. Сіз ағылшын тілін жетік білсеңіз, айлығыңыз 600 мың теңге болатынын естіп, оған сенсеңіз тілді екі айда-ақ үйреніп аласыз. Екінші, орта керек. Сені тіл үйренуге шақырып тұратын орта қажет. Мысалы, жұмыс орныңыз философиялық түрде гуглды, яндексті т.б елестету керек. Тек ағылшын тілінде сөйлейтін ортаңыз, тіпті шетелдік компанияда жұмыс істесеңіз тіпті тиімді. Үшінші, уақыт бөлу. Мысалы, неге қызығасыз соны ағылшын тілінде істеңіз. Музыка тыңдасаңыз, кино көргенді ұнатсаңыз тек ағылшын тілінде көріңіз. Төртінші, жүйелі түрде ағылшын тілімен айналысу. Ұстаз жалдап, сол адамнан үйрену керек. Бесінші, қолдану. Төрт деңгейдің нәтижесінде сөздік қорыңыз пайда болды. Енді соны қолданып, дұрыс болмаса да сөйлеп, өз-өзіңізді жеңу керек.

— Сұхбат соңында өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?

— Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласының тумасымын. 11-сыныпқа дейін Шымкентте оқып, білім алдым. 17 жасымнан бастап өмірім өзге қалаларда өтті. Таразда 4 жыл оқып, Қостанай қаласында 1 жыл, Алматы қаласында 1 жыл, Шымкент қаласында 1 жыл жұмыс істедім. Жоғарыда айтып өткенімдей, Кембридж университетінде оқып, Лондон қаласында да тұрдым. Қазір Астанада тұрып жатырмын. Еңбек жолын ұстаз болудан бастадым. 2015 жылы шаңырақ көтердім. Бүгінде «CA Garden Schools» компаниясының директорымын. Компаниямыз білім беру мекемелеріне консалтингтік, яғни жетілдіру қызметін ұсынады.