Жұмыс орнында қауіпсіздігіңнің сақталуын бастығыңнан қалай талап ету керегін білгің келе ме? Ендеше, әңгімеме құлақ түр.

Біріншіден, ешкім әйелдерді, жасы 18-ге толмаған жастарды және денсаулығы келмейтін адамдарды ауыр жұмысқа тарта алмайды. Ал ауыр жұмыс деген не? Оны еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi. Яғни арнайы сараптама жасалуы керек, одан соң барып «мынау ауыр жұмыс» деп анықтауы керек.

Егер жасы 18-ге толмаған таныстарыңның бірі зиянды, қауіпті өндірістік орында жұмыс істеп жүрсе, мынаны білсін: олар медициналық тексерістен кейін ғана жұмысқа алынуы керек. Ал тексеріске кететін шығындардың барлығын оның бастығы өтеуі тиіс.

Барлық жұмысшылар мынаны білуі керек: сен жұмыс істейтін жерде еңбек қауіпсіздігі сақталмағандықтан жұмыс тоқталса, жұмыс орның (лауазымың), жалақың сақталуы тиіс. Ал егер жұмыста сенің немесе басқа біреудің өміріне қауіп төнетінін байқасаң, дәл сол жұмысты істемеуге құқылысың. Бұл үшін сені жазаламай алмайды. Яғни айлығыңды қысқарту деген сияқты әрекеттер жасауға құқығы жоқ.

Егер жұмыс істеп жүріп, қандай да бір жарақат алсаң, медициналық көрсеткіштеріңе байланысты сені басқа жұмысқа ауыстыруы тиіс. Келісімің бойынша әрине. Сондай-ақ сен инфекциялардың табиғи ошақтарында (энцефалит, сібір жарасы, оба, т.б.) тұратын және жұмыс істейтін болсаң немесе медицина, яки кәріз тазалау құрылыстарында жұмыс істесең, екпені тегін салдыртуға құқығың бар.

Жұмыс беруші қандай жағдай жасауы керек?

  • Бастығың саған өндірістік, қауіпті орындарда жұмыс істегенің үшін, арнайы киімдер беруге міндетті.
  • Сондай-ақ ол киімдерді жууға, химиялық тазалаудан өткізуге және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге міндетті. Тіпті сүт, денсаулыққа пайдалы тағамдар беруі тиіс.

Егер жұмыс істейтін өндірістік жұмыс орындарында қызметшілер саны 100-ден асса, онда арнайы еңбек қауіпсіздігін сақтайтын қызмет құрылуы керек. Дәл осы орынға барып, өтінішіңді немесе шағымыңды айтып, оны ретке келтіруді сұрай аласың.

Қауіпсіздік сақталмаса, кімге жүгінемін?

«Мемлекеттік еңбек инспекторы» деген бар. Ол қауіпсіздікті тексереді. Тексеріс шарасына сен де қатыса аласың. Егер бастығың жұмыс орнын тексеруге қарсылық білдірсе, оны мемлекеттік жауапкершілікке тартады. Ал сен қызметкер ретінде қауіпсіздіктің сақталмағандығы туралы оған шағым жасай аласың. Инспектордың өзі тексермей жатса, сотқа шағым түсіре аласың.

Бірақ бастығыңа «менің қауіпсіздігім сақталмады» деп айтардан бұрын, ережелерге бірінші өзің бағынуың керек. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды ұмытпа!

Материалда «Еңбек қауіпсiздiгi және еңбекті қopғay туралы» Қазақстан Республикасы Заңының мына баптары қолданылды: 

  1.  9-бап.
  2. 10-бап, 3-тармақ;
  3. 11-бап, 4-тармақ;
  4. 11-бап, 2-тармақ;
  5. 11-бап, 3-тармақ;
  6. 11-бап, 6-тармақ;
  7. 16-бап, 6-тармақ;
  8. 22-бап;
  9. 26-бап;
  10. 13-бап, 6-тармақ;
  11. 16-бап, 11-тармақ