«Бүгінгі күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мәселесінің бірнеше тарапын орындап келеміз. Бес саладан тұратын бағдарламаның ішіндегі ең маңыздысының бірі – дүниетаным жөнінде 100 кітапты қазақ тіліне аудару. Кітаптарды парақтап, қарап шықтым. Бұл — біз оқыған шақта қолымызға тимеген құндылық. Президент ретінде жұмыс істеген кезде, амалсыз солардың барлығымен біліп-танысып шықтық. Ғылым салалары жөнінде, психология мәселесі жөніндегілерді салыстырып қарасақ, біз кейбірімен танысқан жоқпыз. Ағылшын тілінде осы күні жастарымыз оқып жатқан шығар. Бірақ, мұндай кітаптармен қазақтың баласы таныспаған. Сондықтан, бір жағынан қазақ тілін байытып, екінші жағынан, білімді одан әрі дамытамыз деген үлкен үмітіміз бар, соны орындап отырмыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шара барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылып, жарық көрген алғашқы 18 оқулықтың тұсауы кесілді.
Айта кетейік, осы жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылған болатын. Бюроның атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының мәлімдеуінше, аталған оқулықтар қоғамдық талқылаусыз, мамандардың құптауынсыз басылымға жіберілмеді. Өткен жылдан бастап жоба аясында беделді қоғам қайраткерлерінен, білікті мамандардан тұратын арнайы редакция алқасы құрылып жатыр.
Еске салайық, Ұлттық аударма бюросы тәржімалаған 18 кітап туралы толық ақпарат 100kitap.kz сайтында берілген.