Иіс неден пайда болады?
Аяқ өте көп қимыл-қозғалыстан терлейді. Мысалы, күн сайын аяғыңнан тік тұрып, қызмет етсең немесе күні бойы жаяу жүрсең, табаныңдағы бұлшық еттер қызу жұмыс істейді, қызады. Салқындау үшін терлейді.
Негізі, тердің 98%-і су, ал суда иіс жоқ. Қалған 2%-і тұз, микроэлементтер, қышқылдар, холестерин, гормондардан тұрады. Олардың да иісі болмайды. Сонда аяқтағы иіс қайдан шығады? Ол тері мен киімде болатын бактериялардың кесірінен пайда болады. Аяқ терлеген сайын бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдай туады. Бактерия көбейсе, иіс те аңқи түседі.
Сонымен, бұл иісті қалай кетіреміз?
1) Аяқты жуу керек!
Иә, қарапайым кеңес. Иә, бәрі білетін тәсіл. Бірақ аяқтағы иістен құтылу үшін оны аз дегенде күніне бір рет жуу керек. Тіпті үйден шықпасаң да, аяғың таза болса да, сумен ғана емес, сабынмен жу. Сосын таза сүлгімен құрғатып сүрту керек. Ылғал — бактерияның мекені.
Кепкен соң аяққа арналған тальк немесе иіске қарсы аэрозоль сеуіп қой. Олардың антибактериалдық қасиеті бар. Бактериядан құтылсаң, иіс те кетеді.
2) Шұлықты жиі ауыстыру
Аяқ терлеген сайын шұлықты ауыстырып отыру керек. Сонда ылғал аз болады. Шұлық алғанда оның таза мақтадан болғанын ескер. Олар синтетикаға қарағанда тез тозады, бір-екі жуған соң, өңі кетеді. Есесіне аяғың аз терлейтін болады.
3) Аяқ киімді дұрыс таңдау
Аяғыңды күнде жуып, шұлықты жиі ауыстырсаң да, иістен құтыла алмасаң, мәселе аяқ киімде деген сөз. Ол таза былғарыдан болғаны жөн. Әрине, қазір ондай аяқ киімдер қымбат тұрады, бірақ жасанды теріден жасалған бірнеше аяқ киімнің орнына сапалы біреуін алсаң, иіс мәселесін шешер едің. Себебі аяқ киіміңе сіңген иістен құтыла алмайсың! Тіпті арнайы дезодоранттардың да көмегі шамалы. Ұлтарағын ауыстыру да тиімсіз. Сондықтан жаңа аяқ киім алғанда ішіне иіс сіңіп қалмауын қатты қадағалау керек. Ол қалай? Мысалы, жаңа туфли сатып алдың. Ұнап кеткені соншалық, дүкеннен шықпай тұрып, аяғыңа киіп аласың да, кете бересің. Аяғыңды жумастан, шұлықты ауыстырмастан. Бұл дұрыс емес. Тағы бір мысал: аяғыңды жуған соң, үйге киетін аяқ киіміңді киіп аласың. Оның да ішінде иіс бар. Жуғаннан пайда болмайды. Бұның бәрі жаңа аяқ киімді де «құртады».
4) Аяқ киімді желдетіп тұру
Үйге келген соң туфлидің ішін бірінші ылғал шүберекпен, кейін құрғақ шүберекпен сүртіп, бауын, сырмасын ашып қою керек. Мүмкіндік болса, аяқ киімді 2-3 күн осы күйінде қалдырған жөн. Сонда иіс те кете түседі.
Аяқ киімді батареяда кептіргеннен, ішіне қағаз толтырып қойған тиімді. Ол барлық ылғалды сорып алады. Сонымен бірге аяқ киім кептіруге арнаған арнайы құралдарды қолдан.
5) Аяқ ваннасын қабылдау
Аяқты суық су мен ыстық суға кезек-кезек жуу керек. Ол аяқтағы қан айналымын реттеп, тердің бөлінуін азайтады.
Аяғыңды лимон шырыны қосылған жылы суда 10 минут ұста. Лимон болмаса, орнына 1-2 ас қасық тұз қосуға болады. Процедура біткен соң, құрғатып сүрту керек. Бұндай ваннаны күніне екі рет жасаған тиімді.
6) Спиртпен сүрту
Аяқты салқындатып, кептіру үшін күн сайын спиртпен сүртіп отыруға болады. Бірақ диабетпен ауырсаң немесе қан айналымың дұрыс болмаса, бұны істеуге болмайды.
7) Педикюр жасату
Кем дегенде екі аптада бір рет педикюр жасатып тұр. Ерлерге арналған педикюр жай ғана «өлі» терілерді алып қоймай, аяқтағы түрлі бактерияларды жояды, тырнақ деформациясынан сақтайды.
8) Аз ашулану
Эмоцияға өте қатты берілгенде, күйзелгенде, ашуланғанда адам терлеп кететінін білесің. Табандағы тері бездері қолтықтағы, алақандағы бездер сияқты жұмыс істейді. Сондықтан, аз ашулан.
9) Дәрігерге бару
Аталған тәсілдер еш көмектеспесе, мүңкіген иіс кетпесе, дәрігерге қаралу керек. Бұл аяқтың қышыма қотыры болуы мүмкін.