Саяхатқа неге жалғыз шықтым?

2017 жылы ЕҰУ-ды бітірген соң, тамыз айында еңбек шарты бар жұмысқа тұрдым. Оған дейін әр жерде штаттан тыс жұмыс істегендіктен, еңбек демалысы деген түсіме де кірмейтін. Алғашқы еңбек демалысымда міндетті түрде басқа мемлекетке барамын деген мақсатым болған.

Ауылда жүргенде «отпуск» деген сөзді мұғалім мен дәрігердің аузынан ғана еститінбіз. Бірақ бұл уақытта олардың бірде-бірі емделуге, не демалуға бір жаққа бармайтын. Алған ақшаны үйін жөндеуге, тұрмыстық заттар алуға, той-томалаққа, қарыздарын жабуға жұмсайтын. Сол кезде «адамдар неге демалыста рақаттанып демалмайды?» деп ойлайтынмын.

Негізі Үндістанға барғым келген. Холи мейрамын көремін деп ойладым, бірақ сонда болған таныстарым: «Жалғыз жүру, әсіресе қыздарға жалғыз жүру қауіпті»,- деп айтты. Сөйтіп жалғыз саяхаттауға болатын, турфирманың қажеттілігі жоқ, орысша түсінетін, алыс емес елді таңдайын деп шештім. Әу бастан миым «соло трип» бағдарламасын қабылдап қойған сияқты. «Кеттік» деп 2-3 адамға ғана айттым-ау деймін 🙂 Былтыр жиһанкез Қуат Болатовпен сұхбаттасқанымда оның әңгімелері Үндістан мен соло трипке қызықтырып еді. «Неге байқап көрмеске?» дедім. Бірақ бұл жолы Үндістан емес…

Назерке Абибулла
Назерке Абибулла, ©Сурет жеке архивтен

Саяхат маршруты

Бір күні таңертең ояна сала лэптобымды қосып, ұшақ билетін қарап шықтым. Саяхат туралы түс көрмеген сияқты ем, көзімді ашқанда миыма «қазір билет аламын» деген сигнал жетті. Ұшуға 4-5 апта қалғанда болуы керек. Грузия жақын ғой, алғашқы демаласыма жарайды дедім де Тбилисиге билет алдым. Енді баратыным анық. Грузияның көршілері Армения мен Әзірбайжанға соға кетсем қалай болар екен деген ой келді. Бір барғанда Кавхаз елдеріне нүкте қояйын деп шештім. Бір аптаға үш елді қалай сыйдырмақпын? Арменияны қойып, Бакуден қайтатын болдым.

Жиһанкез Альберт Поделл «Әлем адамының төлқұжаты» кітабында әлемнің 196 еліне қалай табаны тигені туралы жазады. Ол адамдар шетелге шығар кезде екі нәрсені ғана: бірі ол елге виза керек пе, жоқ па, екіншісі жергілікті банк картасының ол елде жарай ма, жоқ па екенін ескеретінін айтады. Ал қалған сұрақтар адамдарды көп ойландырмайды. Мен де Қазақстанмен визасыз режимге қол қойған елдердің тізімін қарап Грузия (90 күн) мен Әзірбайжанды (30 күн) таңдадым.

Саяхатқа дайындық

Саяхатқа дайындалмаймын. Шын. Қызылды-жасылды киімдері салынған әдемі чемоданын неше күн бұрын дайындайтын, guidebook алып, валюта ауыстыратындардың қатарынан емеспін. Ұшақ билетін алып, booking.com-нан жатын орынға бронь жасағаныма мәз болып жүрдім. Disorganised person екенмін. Баратын ел, қала туралы зерттемедім.

Астанадан ұшатын кезде рейс уақыты төрт рет өзгерді. Сол кезде жалғыз саяхаттаймын деп бірнәрсеге ұрынбасам болғаны деп аздап уайымдадым. Ұшақ өз уақытынан 6 сағат кешіккенде «Мүмкін елде қалып қойғаным дұрыс па еді?» деп ойладым. Тбилисиге жеткен соң артқа шегінуге жол жоқ. Өзіме «қалауың саяхаттау болса 7 күн шыдап бақ» дедім. Жаныңда адам болмаса өз-өзіңмен сөйлесіп жүре бересің 🙂

Тбилиси

Бірінші қолымдағы долларды грузин лариіне айырбастап алдым. Әуежайда wifi-ына қосылып, баратын адресімді картадан көріп алдым. Автобуспен жетсем әрі қарай жаяу 20 минут. Түнгі 1-де алғаш келген жерде жаяулатпақпын. Басында таңның атуын күтуді ойлағанымын. Алайда терминалдан шығып кеткен соң, такси ұстадым. Олар бағасын 50 лари, 30 лари деп саудаласа кетті. Турист деген таксиді байытатын адам ғой 🙂 Астанада әуежайға такси ұстаса, көп сұрайды, мұнда да сол.

Тбилиси
©Сурет жеке архивтен

Тбилисиде әуежаймен қаланың орталығы арасында тәулік бойы №37 автобус жүреді. Түнде интервал 30 минут. Аялдамаға барған сәтімде автобус келе қойып, мініп кеттім. Жолақысын картамен төлеуге болады немесе салондағы терминал жарты лари қабылдайды. 1-2 лари салсаңыз қалған ақшаны қайтармайды, соған келетін бірнеше билет шығарып береді. Менің 2 лариімді қабылдамаған соң міз бақпай тұра бердім, себебі жанымдағы кісіде де сондай жағдай болды. Қала орталығына келгенде салонға билет тексеруші кіріп келді. Мен қипақтап терминалға тиынымды салып әлекпін, ол болса қабыламайды. Маған мән бермеді ме, жанымдағы билеті жоқ кісіні келесі аялдамадан түсіріп, өздерімен алып кетті. Қайда әкеткендері беймәлім. Мен соңғы аялдамадан түстім.

Қап-қараңғы. Тек «Метро» деген жазу көрінеді. Жаяу тауып барамын деген батылдығым сол жерде өшті. Қайда жүргенімді, қалай баратынымды такси ғана білетін болған соң көмекке жүгіндім. Таксист 5 лари сұрайды, мен 4 ұсынамын. Сондағысы 500-600 теңге айналасында саудаласып тұрмыз. (Әуежайдан такси ұстасам, минимум 4000 теңгеге келетін едім). Такси көшені таппай қойды. Бір қонақ үйдің ресепшнінде тұрған қыздан сұрап жүріп, әйтеуір тауып алдық. Таксимен 5 лари деп келіскенбіз, ол 10 лариімді алды да: «Мен көп жүрдім ғой, айтқан жеріңді айналып жүріп тауып бердім»,- деп қалғанын алып қойды. Таксист машина айдауды ғана емес, туристерді мәдениетті түрде тонауды біледі :). Жарайды, түнде тауып бергеніне рахмет айттым да, хостеліме барып рахаттана ұйықтауға кірістім.

Тбилиси
©Сурет жеке архивтен

Тбилисиде түнде үйлер қорқынышты. Таксимен қуыс-қуыс көшелер мен граффитиі көп үйлердің жанынан өткенде «Құдайым-ау, қайда келдім өзі?» деп аң-таң болдым. Таңертең сол көшелердің аса үрейлі емес екенін көріп күліп алдым. Ескі қабырға мен есік «бұл үйде адам тұрмайды» дегенді меңзеуі мүмкін, бірақ тұрғындар өмір сүреді.

Түнде Тбилисиде қайда баруға болатынын зерттеп, сол бойынша қаланы аралап шықпақ болдым. Таңертең көпірден өтіп бара жатсам Михаил деген тұрғын сөзге тартып, қайда бара жатқанымды сұрады. Нарикалаға бет алғанымды айтсам, бірінші Мтацминда саябағына көтеріліп, кейін Нарикала қорғанына баруға кеңес берді. Қарапайым туристердің қалтасына сай грузин асханасының дәмін қайдан татуға болатынын айтты. Ә дегеннен грузиндер қонақжай көрінді.

Бірінші ұлтық музейіне бардым. Есіңізде болсын, турист барлық музейге кіріп шығуға міндетті емес.

Содан соң аспалы жол арқылы саябаққа көтерілдім. Көтерілуге және түсуге билет алсаңыз болады, бірақ мен төменге баспалдақпен түстім. Көп адам баспалдақтың барын біле бермейді. Паркте уайфай бар. Ол елдерде жүргенде сим-карта сатып алмадым, қоғамдық орындардың, хостелдің тегін уайфайын пайдаландым.

Күн жылы ғой деп барған Тбилисиде алғашқы күні жаңбыр жауып, қатты жел соқты. Сол себепті кез келген ауа райына дайын болуыңыз керек. Көңіл-күйіңіз табиғи факторларға тәуелді болмасын.

Тбилиси – мәдени орындары көп шағын қала. Сондағы шіркеу, храм, соборларды түгендеп шықтым. Қала маңындағы Мцхета, Кахати деген шағын қалаларға баруға болады. Транспортта жолақысы біздікінен арзан, метро мен автобуста 0,5 лари, бұл дегеніміз шамамен 62 теңге.

©Сурет жеке архивтен

Жергілікті тұрғын маған: «Хинкали жемеген, күкіртті моншаға бармаған, грузин шарабын ішпеген қонақ Грузияда болдым демесін»,- деді. Алғашқысын ғана орындадым 🙂

Тбилисиде кешке қарай қаладан 25 км жердегі ескі астана Мцхетаға қарай шықтым. Мцхетаның жанында Джвари монастырі бар. Таксимен бардым. Қас қарайып келеді, жел үдей түскен. Қайда барамын, қандай жолмен жүріп келеміз түсініксіз. Жүргізушінің сөздері жол алыстаған сайын біртүрлі болып барады. Интернет жоқ. Тбилиси мен Мцхета арасындағы жолда жарық жоқ, қорқынышты. Күн жарықта шықпағаным үшін өзімді жазғырдым. Бірінші рет амандығымды тілеп, жақындарымды еске алдым. Оларды құшақтап, жақсы көретінімді айтқым келді. Қазақстанға тез арада қайтқым келіп кетті. Өзіме өзім ғана жауап беретінімді, бар болуым да, жоқ болуым да өзіме байланысты екенін ұқтым.

Өзге елде жүргенде сенетін бір адам ғана болады, ол – тек өзің. Эмоциясыз, ішімдегіні сыртқа шығара бермейтін мен сол күні 2-3 сағаттың ішінде біраз нәрсені түсіндім. Саяхат деген – ел көру, жер көру ғана емес, өз-өзіңді тану.

Ереван

Тбилисиді бірінші күні жаяу аралаған соң «Ертең не істеймін?» деген сауал болды. Батумиге барамын, болмаса жоспарыма кірмей қалған Ереванға жолға шығамын. Ресепшндағы қамқор Мэриге жоспарымды айтқанмын, ол түсте екі француз қыздың Ереванға кетіп бара жатқанын айтты. Дәл сол уақытта сөмкемді асынып Арменияға барамын деп шештім.

Ереван
©Сурет жеке архивтен

Авлабари метро станциясына барып жолақысы 35 лари (4500 тг) болатын таксиге отырдық. Бір жақсысы тегін wifi бар. Екі қыздан кейінгі артқы орынға отырдым. Кеденге келгенде менен қайда тоқтайтынымды сұрады. Мен брондаған хостелдің адресін жазып алуды ұмытып кетіппін. Көре қояйын десем wifi машинада қалып кеткен. Кедендегілер сұрақтың астына алып, штамп қоймай ұзақ бөгеді. Таксист келіп не үшін бөгелгенімді сұрады. Одан француз қызды шақыруын өтіндім. Танысқанымызға 2-3 сағат болса да қыздар кеден қызметкерлеріне біздің дос екенімізді, Ереванда пәтерде тұратынымызды, сол жерге бірге баратынымызды айтып шекарадан алып өтті. Алғысымды жаудырып, осындай жанның жолыққанына қуандым. Шекарада қалып қойсам «В» жоспарым жоқ еді. «Ереванға не үшін келе жатырмын?» деген ой жол бойы маза бермеді.

Қалаға түнде жеттік. Валюта айырбастау есімнен шығып кетіпті. Қыздармен бірге грузин лариін армян драмына ауыстыратын exchange іздедік. Шофер бір супермаркетті айтты, онда барсақ алғашында лариді айырбастамаймыз деді. Ларидің өзін көрсеткенде ғана ақшаны драмға ауыстырып берді. Қыздар хостелге дейін апарып тастады.

Тбилисидегі экстрим есімнен кеткен жоқ, сол себепті түнде қаланы араламаймын деп шештім. Ертеңге күш жинайын деп қала орталығындағы хостелімде болдым.

Ереван
©Сурет жеке архивтен

Ереванға жеткенде ғана паспортта армян штампы болса Әзірбайжанға өту қиын екенін білдім. Оған дейін тек Таулы Қарабаққа байланысты екі елдің шекарасы жабық деп оқығанмын. Тіпті тікелей әуе рейсі жоқ. Сол себепті Арменияны маршрутқа қоспаған едім. Бірақ «күнде келмеймін ғой» деген ой мен екі француз қыз жоспарымды күрт өзгертті. Ереваннан қайта Тбилисиге барып, Тбилисиден Бакуге машина не пойызбен барамын деп шештім. Интернеттен кедендік бақылаудан өте алмағандар туралы оқып қатты уайымдадым. Дереу Тбилисиден Бакуге ұшақ билетін алып қойдым. Бастысы Бакуге жетіп алсам болды, себебі елге қайтар билетім осы қаладан.

Бірнеше елге барамын десеңіз визамен бірге саяси ахуалын біліп алыңыз. Баратын елдеріңіздің саяси жағдайын, көршілерімен қатынасын білу артық етпейді. Әлемде бейбітшілік болса да бір-біріне қабағы жазылмаған елдер бар. Мысалы, Солтүстік және Оңтүстік Корея, Үндістан мен Пәкістан, Әзірбайжан мен Армения және тағы сол сияқты…

Бір мәнісі болар деп таңертең must see орындарын көруге шықтым. Республика алаңын, Вернисаж базарын, Мать Армения мүсінін, Үлкен каскадты көрдім. Мать Арменияға автобуспен тез жетесің, бірақ мен жаяу бардым. Бұл жерден қала алақандағыдай болып көрінеді. Алыстан Арарат тауы менмұндалайды. Қала кішкентай болып көрінді. Каскадпен төменге түсейін десем жолды таппадым. Көк мешітке бара алмасам да, Армениядағы ең үлкен шіркеуге бас сұқтым.

Ереванда су сатып алып әуре болмаңыз, қоғамдық жерлерде ішуге болатын кішкентай субұрқақтар қойылған.

Ереван
©Сурет жеке архивтен

Тұрғындар мейірімді, жол сұрасам жауап береді. Тбилисиге қайту үшін кешегі таксиге хабарласуым керек. Бір дүкенге кірдім де сатушыдан визиткадағы нөмірге хабарласып, Ереван-Тбилиси бағытындағы таксиге тапсырыс беруін сұрадым. Ол еш ойланбастан көмектесіп, такси шақырды. Қолымда армян нөмірі болмаған соң күтіп отыратын нақты орынды айттым. Біздің елге келген туристер қандай да бір орынға қалай баруға болады деп сұрағанда I don’t know демей мүмкін болса көмектесу керек деген ой келді 🙂

Баку

Әзірбайжанға ұшақпен жетіп, кедендік бақылауға келдім. Не үшін Арменияға барғанымды сұрады. Туризм. Төлқұжатымды алып кетті де 5 минуттан соң әкеліп берді. Өттім. Сол кездегі қуанышымды көрсеңіз… Ерлік жасағандай мәз болдым. Оған дейін Қазақстанның Әзірбайжандағы елшілігіне Әзірбайжанға өте алмасам не істейтінімді сұрап, хат жазған едім, «Қорықпаңыз, Таулы Қарабаққа бармасаңыз кедендік бақылаудан қиындықсыз өте аласыз» деп жауап берді. Бұл мені аздап тыныштандырды. Сол кезде елшілік қызметінің сондай маңызды екенін, қайда жүрсем де мені қорғайтынын түсіндім.

Баку әуежайы жап-жаңа, кең, музей секілді. Жағдайдың бәрі жасалған. Қала орталығына дейін тәулік бойы қатынайтын экспресс автобус бар. «Бакикарт» алып, картаны толтырыңыз. Мен бір реттік карта сатып алдым. Автобус «28 мамыр» деген метро бекетіне дейін барады. Әрі қарай хостелімді жаяу тауып алдым. Қаланы жаяу араладым.

Қаладағы ескі қала Ичери-шехер, Қыз мұнарасы, Ширваншах сарайы, Кілем көрмесі, (Мен барғанда жоғарыдан тексеріс келіп жатыр екен, сол үшін ешкімді кіргізбеді, жүйе біздікіндей), Фонтандар алаңы (Баку фонтандар қаласы, парк те, фонтан да көп), Кішкентай кітаптар музейі, Али суретшінің шеберханасы, «Алау мұнаралары», Гейдар Әлиев атындағы орталық, Теңіз жағасындағы бульвар мен мешіттерді көруге кеңес беремін.

Бакудегі кішкентай кітаптар музейі
Бакудегі кішкентай кітаптар музейі ©Сурет жеке архивтен

Кішкентай кітаптар музейіне кіру тегін. Ол ескі қалада Ширваншах сарайының дәл жанында орналасқан. Онда Зарифа Салахова жинаған көлемі 100 мм-ден аспайтын 8000-ға жуық кітап қойылған. Ең кішкентай кітаптың көлемі — 2х2 мм. Ең кішкентай және ең қымбат, көне кітаптарды таныстырған соң гид маған қазақстандық авторлардың кітаптарын көрсетті. Абай, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиевтің кітабын көргенде мәз болдым. Зарифа Салахова кітапты жинап қана қоймай шығармаларды өзі бастырған. Кейіннен музей қонақтары кішкентай кітаптарды сыйға тартып, өз үлестерін қосып отырған.

Осы маңайда суретші Әлидің шеберханасы бар. Кез келген турист бұл жылы орын туралы біле бермейді. Бакуде күн салқын әрі жауынды болған соң ғимараттарды паналап жүрдім. Ескі қала Ичери Шехердің қақ ортасында шеберхана орналасқан. Сыртына қарап-ақ суретшінің үйі немесе шеберханасы екенін аңғаруға болады. Ішке кіріп келгенде суртеші ағаш кесіп жүр екен. Бірінші картиналарын, жұмыстарын көріп шықтым. Содан соң әңгімелесіп кеттік. Қабырғада жазылған тілектер, бірге түскен суреттер ілініп тұрды. Ішінен Даниал Ахметовты көзім шалды, қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімі екенін айттым. Әли суретші: «О-о, әкіммен фотоға түсіппін ғой»,- деп күлді. Бір бұрышта әр елдің валютасы ілініп тұр, ішінде біздің 500 теңге көзіме оттай басылды.

Бакудегі суретші шеберханасы
Бакудегі суретші шеберханасы ©Сурет жеке архивтен

Бакуде елдің бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің есімімен бірнеше ғимарат аталады: Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежай, Гейдар Әлиев даңғылы, Гейдар Әлиев орталығы, Гейдар Әлиев сарайы… Осы тұсын Қазақстанға ұқсаттым 🙂 Гейдар Әлиев орталығы Астанадағы Назарбаев орталығы сияқты, дегенмен ерекшелігі көп. Бірінші, билет алып кез келген адам кіре алады. Билет құны шамамен – 3500 теңге. Екінші, іш пыстырмайды, ішінде көретін дүние көп: президенттің қызметтік көліктері, суретші-мүсіншілердің көрмелері, Әзірбайжан мәдениеті, ұлттық музыкалық аспаптары, бұйымдары, ұлттық киімдері, қуыршақтар көрмесі, сән үлгілерінің тарихы көрмесі және Бакудің маңызды орындары мен ғимараттарының макеттері қойылған. Бакуге барғанда ең бірінші Гейдар Әлиев орталығына соға кетсеңіз осы макеттерді көру арқылы must see орындарды біліп аласыз. Сол себепті осы жерден бастауды ұсынамын. Үшінші, орталық архитектурасы тамаша. Көзбен көретін ғимарат.

Қыздарға жалғыз саяхаттаған өте қиын

Армения мен Грузияда болғанымда жігіттер қайдан келгенімді сұрап, небір жылы сөздер айтып, жол көрсетіп, өздерінің қонақжай, джентльмен екенін көрсетуге тырысып бақты. Түрім аңқау, алданып қалатын туристке ұқсай ма, білмеймін, қонаққа шақырып, тегін гид боламын дегендер болды. Алғашында: «Сен қонақсың, мен сенің еліңе барсам мені қонақ қыласың»,- деп сыпайы үн қатады. Егер оларға сеніп қаланы араламақ болсаңыз бұл ойыңыздан тез арада қайтыңыз. Мұның бәрін бүгін мен естісем, ертең тағы бір турист естиді. Одан кейін тағы біреу. Алданып қалмау керек, өзіңнен басқа ешкімге сенудің қажеті жоқ. Иллюзия сияқты олар алғашында қауіпсіз адам болып көрінгенімен әңгіме ауаны өзгере бастағанда ойларының қандай екенін білесіз. Бар мақсатым саяхат болды, киімім жабық, артық қылық көрсетпедім, жігіттерден жол сұрамадым.

Назерке Абибулла Ереванда
Назерке Ереванда, ©Сурет жеке архивтен

Тбилисидегі алғашқы күнде іші-бауырыма кіріп кете жаздаған тұрғыннан құтылдым. Ереванға бара жатқанда машинада жанымда отырған армян жігіт тиісіп қоймайды. «Тұрмысқа шыққанмын»,- деп едім: «Ереванға дейін жол ұзақ, екеуміз бірге көңіл көтерейік, мұны күйеуің білмейтін болады»,- дейді. Санасының жеткені сол болса оны кінәлап, жек көруге аядым. Назар аудармауға тырыстым. Алдымда отырған француз қыздар машина тоқтағанда жаныма ауысты. Тағы бір жігіт Арменияның қонақжайлығын айтып, әйелі, бала-шағасы бар екенін алға тартып, өз үйіне қонақ болуға шықарды. «Қаланы тегін аралатамын»,- дейді. Мұның соңы жақсы болмайтыны белгілі, бірақ алданып қалатындар жоқ емес, бар ғой. Сексист еркектер бізде де бар.

«Қыздарды пайдаланып қалуды ғана ойлайтын» жігіттердің әлемнен жойылып кеткенін қалаймын, сол кезде қыздарға қорықпай саяхаттай беруге болады 🙂 Жойылып кетуі мүмкін емес шығар, ой-өрістері өзгеріп, мұндай көзқарастан арылса екен.

Осы 7 күндік саяхатыма барлық жол шығынын қосқанда 185 мың теңге кетті.

Саяхаттаушыларға кеңестер

Билетті ұшуға 5-6 апта немесе 1 ай қалғанда алған тиімді деп жатады. Алдымен tickets.kz, chocotravel.com деген сайттардан екі бағытта билет құнын, қандай әуе компаниясы екенін қарап алыңыз. Содан соң ең арзан билетті көрсеткен компанияның ресми сайтына кірсеңіз tickets.kz, chocotravel.com-нан көрген билетіңіз аздап болса да арзанырақ бағада тұрады. Арзан билет көрсеңіз тезірек алуға тырсыңыз.

Қазір саяхаттау адамдардың өмір салтына, хоббиіне айналды. Бұрын шетел асып ел көру, жер көру қарапайым адамға қол жетпестей көрінсе, бүгінде кез келген адам үшін қолжетімді және орындалмайтын «асқақ арман» емес. Бюджетті саяхатқа шығамын десеңіз жайлылық іздеп әуре болмаңыз. Алыс сапарға шыққанда тамақ бермейтін әуе компаниялардың бар екенін де ұмытпаңыз :).

Booking.com сайты арқылы үйден шықпай-ақ, турфирма көмегіне жүгінбей-ақ әлемнің кез келген елінде орналасқан қонақ үйлерден өзіңізге қажетті орынды онлайн-брондай аласыз. 1996 жылы Амстердамда негізі қаланған бұл жүйе несімен тиімді? Біріншіден, қаланы таңдаған соң сіздің қалтаңызға сай келетін қонақ үйлер мен хостелдер тізімін шығарады. Қала орталығына қаншалықты жақын орналасқанын, таңғы астың, интернеттің бар-жоғын сол жерден біліп алыңыз. Бұрын сонда болған адамдардың пікірін оқыңыз. Таңдау жасаған соң онлайн-бронь жасап, қонатын жеріңіздің адресін телефоныңызға немесе қағазға жазып алыңыз, себебі кедендік бақылаудан өтер кезде сізден қандай мақсатта келгеніңізді, қайда тоқтайтыныңызды сұрайды. Онлайн-брондағанда банк картаңыздың нөмірін жазып алатын қонақ үйлер бар, бірақ бұл «бірден картамен төлейсіз» деген сөз емес. Төлем сол жерге барғанда ғана жасалады.

Хостелге қону қорқынышты емес. Оның қонақ үйден айырмасы – жатақхана секілді бір бөлмеде бірнеше адам тұрады және жағдайдың бәрі бола бермейді. Десе де бағасы арзан. Хостелден виза ала алмай жүрген, бірнеше айлап өмір сүріп жатқан немесе 2-3 күнге қаланы аралауға келген шетелдіктерді көрдім. Бір-біріне кедергі келтірмейді, күні бойы қыдырып, болмаса шаруасын бітіріп хостелге түнеуге ғана келеді. Мен тоқтаған орындарда жанымдағы адамдар әдепті, сыпайы болды.

Танымайтын адамдардың ортасына түсу қорқынышты емес. Керісінше жан-жақтан саяхаттауға келген адамдармен танысып, олармен әңгімелесу арқылы қажетті білім жинауға болады. Жақын араласып кетсеңіз келесі саяхатыңызда танысқан шетелдіктің еліне саяхаттап баруыңыз бек мүмкін.

Маған жаяу жүрген ұнайды, ол ақшамның аздығынан емес. 25 минуттық жердегі жұмысыма жаяу барып, жаяу келемін. Басқа елде жүргенде баратын орным қаланың ішінде болса, жаяу жүріп тауып аламын. Автобуспен, керісінше, адасып кететін секілдімін. Такси қызметін өз елімде де сирек пайдаланатын адаммын. Сол себепті «Қаланы немен аралаймын?» деген сұраққа әркім өзі жауап береді. Бірақ әуежайдан қаланың орталығына қалай жетуге болатыны туралы кеңес айтайын. Кез келген әуежай қаланың сыртында орналасатынын білесіздер. Қонақ үйге немесе хостелге «трансфер керек» деп алдын ала жазсаңыз олар сізді күтіп алып, қалаға жеткізетін көлік дайындап қояды. Егер хостелді өзіңіз таба алатыныңызға сенімді болсаңыз, сол елдегі транспорт жүйесі туралы біліп алыңыз. Мысалы, Тбилиси мен Бакуде әуежай мен қала орталығы арасында 24 сағат автобус қатынайды. Күндіз жиілігі 15-20 минут болса, түнде кемінде 30 минут болуы мүмкін. Такси ұстасаңыз алдын ала максимум қандай сома беруге болатынын біліп алыңыз, әйтпесе елдегі таксистер секілді олар да турист екеніңізді біліп «әкесінің құнын» айтады.

Қаланы жаяу аралауды ұсынар едім. Тек алыста орналасқан туристік орындарға автобуспен, метромен, таксимен жетуге болады. Автобуста жолақысын төлеу механизмін біліп алуды ұмытпаңыз. Кейбір елде карта сатып алып оны толтыру арқылы, енді бір елде терминалға тиын салу арқылы төлеуге болады.

PS: Жалғыз саяхаттағанды қолдамайтындар табылады, табылды да. Баку әуежайынан Ақтауға ұшатын кезде бір ағайдан бұрын естімеген ең жаман сөзді естідім. Ішімідікке масаң адам: «Бұлай «қаңғып» жүргенше ата-анаңа көмектесіп, тұрмыс құрып, бала тап»,- деп ақылын айтты. Содан соң әлеуметтік желіде танымайтын бір адам «Қайран бос кеткен ақша, одан да бай тауып алмадың ба Бакуге барғаныңа мәз болмай» деп менің жиған-тергенімді санап шыға келді. Оларға жауап беруге еріндім. Мән бермедім. Пікір, көзқарас, құндылық сәйкес келмесе, үндемей қоя салуды жөн көремін. Мен үшін саяхаттың үлкен-кішісі болмайды.

Саяхат бұрын көп адамның арманы болса, қазір кез келген адамның қолынан келеді. Менің жасағанымды басқа да жасай алады. Қандай елге барсаң да ең бастысы сен әлемді көрдің, ал әлемді көру – өз-өзіңді танудағы ең құнды әрекет. Мақсатым алғашқы еңбек демалысымда саяхаттап келу болды, орындадым 🙂