Шығармашылық бағытта жұмыс істегім келді

Қарағанды қаласының тумасымын. Алматыға оқуға келіп, Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде аудармашы мамандығы бойынша білім алдым. Ағылшын тілін жетік меңгергендіктен, оқу бітірген соң мамандығым бойынша шетел инвесторларының дизайнерлік компаниясында жұмыс істедім. Кейін тұрмыс құрып, бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым. Бала тәрбиесіне, отбасыма көбірек уақыт бөлу керек болды. Бірақ үйде отыра беретін әйелдердің қатарынан емес екенімді түсіндім (күліп). Және бұл жолы аудармашы емес, шығармашылық бағытта жұмыс істегім келді. Сол үшін визажист курсын оқып, бұл салада жарты жыл уақыт жұмыс істедім. Түсірілімдерге барып, әртістердің бет-әлпетін әрлеп жүрдім. Бірақ бұл салада жұмыс істеген ұнамады. Мені әртістер, жаңа адамдар, режиссерлер, түрлі локацияда өтетін түсірілім алаңы қаттырақ қызықтырып, түсірілім алаңында жұмыс істегім келді. Бірақ ондағы менің рөлім қандай болатынын білмедім.

Стилистика саласына қалай келдім?

Бірде бәріміз грим жасайтын бөлмеде отырғанымызда, басты визажист киімдерді бір-бірімен қалай үйлестіретінін білмей тұрғанын айтты. Мен киімдерге қарап, өз ойымды білдірген едім, сол киім үлгісі бәрінің көңілінен шықты. Содан бастап: «стилистика саласында жұмыс істеп көр. Сенің қолыңнан келеді. Өзің де сәнді, стильді киінесің», — деп айтатындар көбейді.

Райхан Досмакова
Райхан Досмакова ©Айгүл Хожантаева

Әдемі және стильді киіну бір бөлек, ал стилист болу мүлдем басқа.

«Хит тв» арнасы стилист маманын іздеп жатқанын естідім. Бұған дейін кейбір жобаларда костюмердің көмекшісі болып жұмыс істегенімді ескеріп, бар тәжірибеммен «хит тв» арнасына жұмысқа тұрдым. Алғашында тек 2-3 жобаның ғана жүргізушілерін киіндірдім. Кейін барлық жобалардың жүргізушілерінің киімдері менің жауапкершілігімде болды. Күніне 10-20 шақты жүргізушіге киім үлгісін таңдап, олардың эфирден сәнді көрінуіне жұмыс істедім. Шыны керек, жұмысым өзіме қатты ұнайтын. Сол кездері өмірде өз орнымды тапқаныма қатты қуандым. Тіпті жүргізушілер: «Райхан әдемі кадр жасау үшін, үстіндегісін де шешіп беруге дайын», — деп айтатын (күліп).

Осы уақыт аралығында екінші балам дүниеге келді. Баламды емізу үшін жұмыс пен үйдің арасында шапқылап жүрдім. Оның үстіне үлкен балам балабақшаға баратын. Жұмысым қатты ұнағандықтан, оны тастай алмадым. Адам болған соң, мінездері де әртүрлі болғандықтан, кей жүргізушілер әкелген киімімді ұнатпайтын. Сондай кезде: «Жәй ғана киіп көріңіз. Ұнамаса басқасын әкелемін», — деп айтып, ақырында киюге көндіретінмін. Ал киіп көрген соң киімді қатты ұнатып қалатын.

Киімді киіп көрмейінше, жарасады не жараспайды деп айту қиын.

Райхан Досмакова
Райхан Досмакова ©Айгүл Хожантаева

Уақыт өте келе телеарнада жүрген жүргізушілер көп ауысатын болып кетті. Мен үшін ұжымның тұрақты, әрі тату болғаны өте маңызды. Жобалардың саны көбейіп, мойныма көп жүк артылғандықтан, жұмыстан қатты шаршайтын болдым. Сөйтіп, «Хит тв» арнасынан кетіп қалдым.

Кейін НТК арнасына жұмысқа шақырту түсті. «Ревю» бағдарламасының жүргізушісі, әрі продюсері Әділ табиғатынан өте ерекше адам және арналардағы ең стильді киінетін жүргізушілердің бірі. Ол «Ұят-мендердің» қатарынан емес.

Қызық оқиға

Сол уақытта «НТК» арнасында Киевтен келгендер ролик түсіруге дайындалып жатты. Олар кәсіпқой мамандар. Бұл ролик тәжірибемді өтеуге берілген сынақ еді. Роликте барлық жүргізушілердің өз рөлдері бар. Тәуекел Мүсілім  — пультты басқарып тұрады, Әділ — дирижер, Салтанат Бекжігітова әдемі қызыл көйлекпен жүреді, т.б. Маған бір күн ішінде Салтанат Бекжігітоваға арналған әдемі, бір иығы ашық, 3 метрлік шлейфі бар, қызыл түсті ұзын көйлек және қалған жүргізушілерге ерекше, креативті костюм тауып әкелуге тапсырма берілді. Салтанаттың бойы 1.75 – 80. Оған 3 метрлік шлейфі бар көйлекті қайдан табамын деп әбден басым қатты. Біткен жерім осы шығар, сынақтан өтпеймін, мені жұмысқа алмайды деп ойладым. Барлық таныстарыма хабарласып, көйлек сұрастырдым. Ақырында дизайнер құрбым бір түн ішінде көйлекті тігіп шықты. Келесі күні көйлекті алып барғанымда, бәрі таңғалды. Осылайша бұл жобаны сәтті аяқтап шықтық. Әділ маған: «Жарайсың! Сынақтан өттің», — деп айтқанда қуанғанымды көрсеңіз (күліп).

Райхан Досмакова
Райхан Досмакова ©Айгүл Хожантаева

Бірінші орынға жұмысты емес, отбасын қоятын сәт келгенін түсіндім

«НТК-да» жұмыс істеген сәттерімді, ұжымымды қатты сағынамын. Тіпті балаларым ауырып қалса да, өзіммен бірге жұмысқа алып баратынмын. Олар сонда емделіп, тамақ ішіп, ойнап, сонда ұйықтайтын (күліп). Тұңғыш балам мектепке баратын болған соң, жұмыс пен үйді бірге алып жүру мүмкін емес екендігін түсіндім. Себебі баланы мектепке дайындау, үйірмелерге апару, мектепке апарып-әкелу, оның сабағын оқыту секілді дүниелер көп уақытты талап етеді. Осылай жалғаса беретін болса, балаларым ер жеткен соң, мені керек қылмайтынын білдім. Осы кезде бірінші орынға жұмысты емес, отбасын қоятын сәт келгенін түсіндім. Осылайша, «НТК»-дан кеттім.

Қазір жеке жұмыс істеймін. Уақытым өзіме тәуелді. Қазіргі жұмысым — адамдарға киім таңдаудан кеңес беру. Клиенттерім әртүрлі, олардың басым бөлігі — әйелдер. Құрбыларымның өзі менен кеңес алу үшін бос уақытымның болғанын күтеді. Адамдарға өзгеруге, жаңа образдарын ашуға, киім үлгілерін жаңартуға көмектесемін. Бұл іс маған қатты ұнайды. Клиенттер мені Instagram желісі арқылы табады немесе бір-бірінен естіп хабарласып жатады. Бірақ кейбір адамдар стилистің көмегіне жүгінгенін жасырып қалғысы келеді. Бұл қиын жағдай, бірақ оларды да түсінуге болады. Себебі адамдар айтарлықтай өзгергеннен кейін, өздерінің бұрынғы қалпын еске түсіргілері келмейді.

Райхан Досмакова
Райхан Досмакова ©Айгүл Хожантаева

Стилистер психолог секілді

Әр клиенттің өз оқиғасы бар. Стилистер психолог секілді. Алдымен клиентпен кездесіп, киім таңдауға бармас бұрын «не үшін өзгергісі келеді, толықтай өзгеруге келді ме, әлде жәй ғана мейрамға бару үшін образ таңдау керек пе, әлде жұмыстағы лауазымы өзгеріп, соған сәйкес киім таңдау керек пе, жасы қаншада, мәртебесі қандай, тұрмыс құрған ба, балалары бар ма» сынды сұрақтарға жауап аламыз. Себебі бізге клиентіміздің не үшін өзгергісі келгендігі маңызды.

Кейбір әйелдерге бет-әлпетін өзгерту керек болса, басқаларына тек киімін өзгерту ғана жеткілікті.

Кейбір клиенттер кеңес алмай-ақ, шоппингке бірге баруымды сұрайды. Ол әрине клиенттің қалауы, бірақ бұлай істеуге болмайды. Себебі мен қандай жағдайға образ таңдағалы жатқанымды білуім керек.

Қазақ қыздары ұятқа байланып қалған

Мен Ұят-мендердің қатарынан емеспін. Егерде киім маған жарасымды, сәнді әрі креативті болып тұрса, мен қалағанымды киемін. Қазақ қыздары ұятқа байланып қалған. Олар өзгеруге қорқады. Көбісі ашық түсті киімдерді киюге де ұялады. Олар да әдемі, сәнді киініп, денесінің пішінін көрсеткісі келеді. Бірақ тағы да ұят қысады. Дүкенге барып, үйреншікті «қара жейде, қара көйлек» сатып алады.

Райхан Досмакова
Райхан Досмакова ©Айгүл Хожантаева

Қазақ қыздары әдемі фигураларын көрсете алмайды. Себебі ұят.

Әйел адам ана атанғаны үшін ғана, өзін шектеп тастамауы қажет. Себебі, біз әдемі әйел статусын жоғалтпауымыз керек. Бізде қит етсе, «адамның ішкі жан дүниесі маңызды» деп айтады. Бірақ ол -өтірік сөз. Себебі адам бірінші көзімен жақсы көреді. Ер адамдар әйелінің көзіне шөп салса, өзі кінәлі. Себебі бала туған соң әйелдердің басым бөлігі өзіне мүлдем көңіл бөлмей кетеді. Шынымен де ішкі жан дүниесі бірінші орында болса, ерлері неліктен басқа сұлуларға көз салады? Әйелінің сыртқы мүсіні өзгергендігі болмаса, ішкі жан дүниесі өзгермей, сол қалпында қала береді ғой. Себебі бойдақ кездегі сұлу әйелдің сырт-пішіні жоғалып кетеді. Ер адам жанында үнемі әдемі, тартымды әйелдің болғанын қалайды.

Әдемі көріну үшін ашық-шашық киінудің қажеті жоқ. Бір әйелге әдемі үйлесіп тұрған көйлек, барлығына солай әдемі болып тұрмайды. Әр адамға өзіне жарасымды киім үлгісі, түсі, матасы болады. Осыны бәрі түсінсе ғой…