Африка континенті екіге бөлінуі мүмкін

Найроби-Нарок автомагистралін талқандап, сейсмикалық белгілері байқалған топырақтың бұл жарылуы әлі де тоқтар емес.

Жер қыртысының жарылуы тектоникалық тақтайшалардың әлсіреуінен болуы мүмкін. Сарапшылар Африка континенті осылайша екіге бөлінеді деп болжап отыр. Жер литосферасы (жер беті топырағы мен мантияның жоғарғы жағы) екіге бөлінген, себебі оның астындағы тектоникалық тақтайшалар астеносферада үнемі баяу қозғалыста болады. Қозғалыс механизмінің себебі әлі де нақты анықталмаған. Бұл күш тек пластиналарды қозғалтып қоймай, оларды жарып жіберуі де мүмкін дейді ғалымдар. Қазіргі таңда Шығыс Африка рифт жүйесінің жарылуы осыған дәлел.

Шығыс Африкадағы Рифт алқабы солтүстіктегі Аден шығанағынан оңтүстіктегі Зимбабвеге дейін 3 мың шақырымға созылып жатыр. Рифт Африка жерін екіге – Сомали және Нубий алқаптарына бөлген.

Ғалымдар литосфера қабатының көлденең бөлінуі созылып, ең соңында жіңішкеретінін айтады. Салдарынан ол екіге бөлініп, жаңа рифт алқаптары пайда болады дейді. Жер қабатының жарылуы вулкан және сейсмикалық әрекеттермен жүзеге асады. Рифтер — континенталды бөлінудің алғашқы сатысы, бұл процесс сәтті өтсе, жаңа мұхит бассейні пайда болуы мүмкін.

Бұған дейін Оңтүстік Атлант мұхиты Оңтүстік Америка мен Африканың бөлінуінен пайда болған екен.

Континенталды рифтинг литосфера қабатының бұзылуы арқылы жүзеге асады, алайда бұл үлкен күш пен ұзақ уақытты талап етеді. Шығыс Африка жерінің бөлінуі өте белсенді түрде жүзеге асуда. Қысым ошағы мантия қабатындағы циркуляциядан бастау алуда. Нәтижесінде температура көтеріліп, жер қабаты созылып, жарылады. Ғалымдар бұл процесті «африкалық жоғарғы жылдамдық» деп атады.

Ғарыштан түсірілген жарылған жер бөліктері бір уақытта пайда болмаған. Эфиопияның солтүстігіндегі Афар ауданында 30 млн жыл бұрын бастау алып, жылына 2-2,5 см жылдамдықпен бөлініп, оңтүстікке қарай жылжып отырған. Жердің бұлайша бөлінуі қазір Зимбабве жеріне дейін жетті.

Ғалымдар ондаған миллион жыл өткен соң, осы жерде жаңа мұхит пайда болады дейді. Салдарынан Африка континенті кішірейіп, Үнді мұхитында жаңа үлкен арал пайда болады деп болжануда. Оған Эфиопия мен Сомалидің бір бөлігі және Африка мүйізі кіруі мүмкін.

Дереккөзbaq.kz