Жібек Құлымбетова: Ауылымда мені «спортшы қыз» деп атайды

Алматы облысы, Іле ауданы, М.Түймебаев ауылында өстім. №20 орта мектептің 5-сыныбында оқимын. Оқу үлгерімім жақсы. Бос уақытымда анам мен әпкеме үй шаруасына көмектесіп, ініме сабағын оқытамын. Бұрын банктің басшысы болуды армандайтынмын (күліп). Әлі де арманымның болашақта орындалғанын қалаймын.

Жібек Құлымбетова
Жібек Құлымбетова ©Айгүл Хожантаева

Қатарластарым секілді киімге, қуыршаққа, ойындарға қызықпаймын. Ән айтып, би билеген ұнайды. Бірақ бәрінен де жаныма жақыны  — спорт! Ауылымда мені «спортшы қыз» деп атайды. Маған ол қатты ұнайды.

Спортқа бала кезімнен бейім болдым

Спортқа бала кезімнен бейім болдым. Жүгіруді жақсы көремін. Сыныпта спортқа байланысты көрсеткіштерім бәрінен жоғары болды. Шыны керек, кішкентайымнан тұйық болып өстім. Сабақ оқып барсам да, мұғалім сұрамаса айтпайтынмын (күліп). Спортпен шұғылданып бастаған соң, мінезім ашылды.

Жібек Құлымбетова
Жібек Құлымбетова ©Айгүл Хожантаева

Джиу-джитсу спортына анам екеуміз інімді апарып жүретінбіз. Ол жерде бапкерім Нұрсұлтан ағай тек ұлдарды ғана жаттықтыратын. Мен олардың дайындықтарына қызығып қарап отыратынмын. Содан анам менің де бұл спорт түріне қызығатынымды біліп, дайындыққа інім екеумізді бірге апаратын болды. Осылайша спортқа алғашқы қадамымды бастым .

Біздің командада балалар өте көп. Жаттығуларымыз өте қызықты өтеді. Жаттығудан бөлек, кейде ойындар ойнаймыз (жымиып).

Жібек Құлымбетова
Жібек Құлымбетова ©Айгүл Хожантаева

Джиу-джитсу мені ерекше шабыттандырады

Спортпен айналысып жүргеніме бір жарым жыл болды. Джиу-джитсу мені ерекше шабыттандырады. Бапкерімнің командасындағы алғашқы қыз — мен. Кейін осы бағытта айналысып жүргенімді көрген қыздар да топқа жазыла бастады.

Қазақстандағы спортшы қыздардың ішінен Мөлдір Мекенбаева ұнайды.

Бір жарым жыл ішінде көп жарыстарға қатыстым. Әр жарыстың алдында қобалжу деген болады. Жекпе-жек алдында бапкерім маған «өзіңе сен» деп айтады. Анам: «Қиналсаң, бір жерің қатты ауырса немесе бір жеріңе зақым келсе, бірден беріле сал. Әлі талай жарыстарға қатысып үлгересің,» — деп айтып, мен үшін қатты уайымдап отырады. Бірақ осы күнге дейін жарыс барысында жараланып көрмедім.

Жібек Құлымбетова
Жібек бапкері Нұрсұлтанмен ©Жеке мұрағатынан

25-ке жуық медалім бар

Қатысқан жарыстарымның бәрінен жеңіспен оралдым. Қазір 25-ке жуық медалім бар. Жарыстарда бақ сынасқан қарсыластарымның ешқайсын да мықты деп айта алмаймын (жымиып). Бапкерім Абу-Дабиге жарысқа баратынымды айтқанда, қатты қуандым. Бұл менің шетелдегі алғашқы жарысым болды. Қазір бос уақытымның барлығын дайындыққа арнап жүрмін.

Ұлдардан жеңіліп көрмедім

Халықаралық турнирде 10-11 жас аралығында 27 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Бұл салмақта қарсылас болатын қыздардың болмауына байланысты ұлдармен күресуіме тура келді. Финалға дейінгі қарсыластарымды айқын басымдықпен жеңіп, ақтық сында Тәжікстанның намысын қорғап келген Мансурджан Сабуровпен жекпе-жекке шықтым. Ұпай саны бойынша басымдыққа ие болып, күресудің соңғы минутында тәжікстандық спортшының қолына ауырту тәсілін жасау арқылы жеңіске жеттім. Осылайша халықаралық турнирде ер балалар арасында сынға түсіп, чемпион атанып, көпшіліктің көзайымына айналдым. Бұған дейін де жарыстарда ұлдармен күресіп жүрдім. Бірақ ешбір ұлдан жеңіліп көрмедім.

«Arlan Grip Kids» халықаралық турнирінде чемпион атанып, «Ең үздік спортшы — 2017 жыл» номинациясымен марапатталдым.

Чемпион болу үшін тер төгіп, еңбек ету керек 

Мақсатым — әлем чемпионы болу. Ал чемпион болу үшін тер төгіп, еңбек ету керек. Анам мені үнемі «ешкімнен қорықпа, өз күшіңе сен» деп қолдап отырады. Болашақта әлем чемпионы атанып жатсам, бапкерлікпен айналысқым келеді.

Алина Махамбет пен Жібек Құлымбетова
Алина Махамбет пен Жібек Құлымбетова ©Айгүл Хожантаева

Алина Махамбет: Спорт мектебін ашқым келеді

Алматы облысы, Іле ауданы, М.Түймебаев ауылында туып, өстім. Бүгінде №20 орта мектептің 6-сыныбының үздік оқушысымын. Бос уақытымда күреске барамын, кітап оқимын. Сонымен қоса, түрлі іс-шараларға қатысып, ән айтқанды ұнатамын. Бір сөзбен айтқанда жан-жақты болғым келеді.

Алина Махамбет
Алина Махамбет ©Айгүл Хожантаева

Ыдыс жуамын, үй жинаймын, анама көмектесемін, сіңілімді бағамын. Әкем жұмыстан келгенде, шәйін құйып беремін. Отбасымызда 5 баламыз. 2 әпкем, ағам және сіңілім бар.

Болашақта актриса болғым келеді. Кезінде «Шаншар» театрында ойнаған Жұлдызай есімді актриса ұнайды. Бірақ болашақта театр емес, кино актрисасы болғым келеді.

Алина Махамбет
Алина Махамбет ©Айгүл Хожантаева

Спортпен айналысуыма анам қарсы болды

Бір жыл бұрын джиу-джитсуға өз қалауыммен келдім. Алғашында жаттығуға ағам ғана баратын. Кейін Жібектің қатысып жүргенін естіп, артынша мен де жазылдым. Әкем спортпен айналысуыма қарсы емес. Анам басында «қыз балаға бұл спорт түрі қиын болады ғой» деп қарсылығын білдірген. Бірақ қазір ойы өзгерді. Джиу-джитсудан бөлек дзюдо мен баскетбол ұнайды. Бос уақытымда достарыммен баскетбол ойнаймын.

Қарсыластарымнан қорыққан емеспін

Бір жылдың ішінде көп жарыстарға қатыстым. Алғашқы жарыстарымның бірінде жеңіліп қалдым. Жеңіске бір табан жақын тұрған едім, бірақ аяқ жағына қарай бір тәсілден түсіп қалдым. Ол қызда сары белбеу, ал менде әлі ақ белбеу болды. Жеңілуімнің себебі осы деп ойлаймын. Дегенмен осы жарыстан кейін қанжығама тек жеңістің медальдерін байлап келемін. Қазір 20-ға жуық медалім бар. Ата-анам:  «ешкашан да берілме, бұл сен үшін тәжірибе болды. Жеңіліс тапқан жағдайда да жылама», — деп айтып отырады.

Қарсыластарымнан қорыққан емеспін. Ұлдармен де күресіп жүрмін. Бірақ олардан жеңіліп көрмедім (күліп).

Жарыста қобалжып, сағатқа қарай беремін

Күрес үш минутқа созылады. Жеңіске жетуіңе үш минут берілетін болған соң, алаңдап сағатқа қарай береміз. Солай да біраз уақытымызды жоғалтып аламыз. Жарыстың алдында мені үнемі бапкерім Нұрсұлтан ағай шабыттандырып: «қорықпа, білгеніңді көрсет», — деп айтып отырады.

Алина Махамбет пен Жібек Құлымбетова
Алина Махамбет пен Жібек Құлымбетова ©Айгүл Хожантаева

Жарыста жіберген қателіктерімді жаттығу кезінде бапкерім ескертіп, оларды жөндеп отырады. Болашақта спортты тастамаймын. Алла бұйырса әлем чемпионы атанып, бапкерлікпен айналысып, спорт мектебін ашқым келеді.