Шаш — қыздардың визиткасы

Жігіттер қыздардың алдымен шашына назар аударады. «Шаш — әйелдің визиткасы» деген сөздің жаны бар. Қолаң шашы беліне төгілген, күнге шағылысатын жылтыр шаш кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмасы анық. Кеңес Одағы кезінде қысқа шаштар сәнде болса, бүгінде қыздар шашын өсіріп, көп күтім көрсетеді.

Қыздардың табиғаты қызық қой. Шашы жібектей түзу қыздар бұйра шашты болуды, ал шашы бұйра қыздар сусылдаған сұлу шашты армандайды. Қазіргі сән индустриясы адамдардың барлық арманын орындай алатын сиқырға ие. Ұзын тырнақ, найзадай кірпік, қиылған қастан бөлек, шаш үлгісі мен күтіміне қатысты түрлі жаңалықтар пайда болып жатыр.

Солардың бірі — кератинмен түзеу. Бұл үрдістің Қазақстанға келгеніне бес жылға жуық уақыт болса да, аз уақыт ішінде танымал болып үлгерді.

©Айгүл Хожантаева

Кератин пайда болмай  тұрғанда әйелдер қауымы химиялық түзулеудің көмегіне жүгінетін. Алайда, аты айтып тұрғандай, мұнда химиялық қоспалар қолданылады. Химиялық түзулеуден кейін шаш күйеді. Ал кератинмен түзеудің мұндай зардабы жоқ.

Кератинді түзеу дегеніміз не?

Кератинмен түзеу тек бұйра шаштарға ғана емес, зақымдалған, түссіздендірілген шаштарды қалпына келтіру үшін, күнделікті шаш күтімін жеңілдету үшін де жасалады. Су тисе, ауадағы ылғалдылық мөлшері болса шашы қобырап, «арыстан» болып кететін қыздар да бар. Олар күн сайын арнайы шаш үтіктеуге арналған құралдарды пайдаланады. Шашқа арналған үтіктің температурасы тым жоғары болады. Көптеген адамдар термоқорғаныс құралын қолданбағандықтан, шаш күйіп, зақымданады. Бұдан бөлек, күн сайын шашты үтіктеу көп уақыт алады және шаштың түсуі жиілейді. Осындай күнделікті әурешіліктен құтылу үшін қыздар кератинді түзеудің көмегіне жүгінеді.

©Айгүл Хожантаева

Кератинді түзеу алғаш Бразилияда пайда болған. Бразилиялықтардың шаштары қандай болатыны өздеріңізге мәлім шығар (күліп). Қазір Қазақстанда да қызметтің бұл түріне деген сұраныс жоғары. Кератинді түзеуді Мәскеудің педагог-технологтарынан үйрендім. Бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Сән индустриясына келгеніме үш жыл болды.

Кератинді түзеу процесі шашты ылғалдандыру, қалпына келтіру, байыту арқылы жүргізіледі. Кератин дегеніміз адамның шашында, тырнағында, терісінің кейбір бөліктерінде болатын ақуыз. Күнделікті қолданатын сусабын мен сабындардың құрамынан кератин деген сөзді жиі кездестіруге болады. Оның не екенін көпшілігіміз түсіне бермейміз. Кератин қорғаныс қабатын түзу үшін керек. Аталған ақуыздың құрамындағы аминқышқылдары шаштың беріктігін қамтамасыз етіп, ақуыз молекулаларының шашқа орнауына әсер етеді. Демек, кератинмен байытылған шаш қайратты, жеңіл таралатын болады. Мұндай шашты кез келген шаш үлгісіне оңай келтіруге болады.

©Айгүл Хожантаева

Кератинді түзеу процесін бастамас бұрын алдымен тұтынушының шашын арнайы сусабынмен жуып, кептіріп, табиғи қалпына келтіреміз. Кез келген тұтунышыға кератиннің жеке құрамын дайындаймыз. Ол шаштың бұйралығына немесе толқындылығына, қайраты мен зақымдану дәрежесіне байланысты дайындалады. Құрамды шашқа толықтай жаққан соң, жарты сағатқа қалдырамыз. Бұл уақыт аралығында шаш кератинді қоспаның құрамындағы қажетті заттарды сіңіреді. Содан соң қалыпты жағдайда шашты салқын фенмен кептіреміз. Кератинделген, кепкен шашты шаш үтіктеуге арналған құралмен түзейміз. Бұл кезде температураның аса жоғары болмауын қадағалау керек. Температураны шаштың қалың немесе жұқалығына қарап таңдаймыз. Ең максималды көрсеткіш +230 градус болады. Шашты үтіктеп тұтынушыға ұнайтын қалыпқа келтірген соң, қайта жуып тастаймыз. Жуудан кейін де шаш түзу, әдемі, жылтыр қалпын сақтап қалады.Бір реттік түзеудің әсері 3-6 айға дейін сақталады. Қызметтің бұл түрін алғаш қолданғандарда кератиннің әсері ұзаққа сақталмауы мүмкін. Процедураны қайта қабылдаған сайын оның шыдамдылық уақыты ұзара түседі. Кератинді түзеу нәрлендіргіш және ылғалдандырғыш әрекет болғандықтан, шашты жуғанда да, кептіргенде де, үтіктегенде де қалыпты температураны сақтау шарт.

Түзу, жылтыр шаштың бағасы қанша?

Кератинді түзеудің бағасы шаштың ұзындығы мен қалыңдығына байланысты. 10 мың теңгеден басталып 30 мыңға дейін барады. Бағаны кератинді қоспаның құрамы мен көлеміне қарап есептейміз. Кейбір тұтынушылар қызметтің бағасын қымбатсынып жатады. Алайда, бұл шашыңызды сауықтыратын, нәрлендіретін, күтімін жеңілдетіп, уақытымыңызды үнемдеуге көмектесетін ескерсек, өте ыңғайлы баға деп айта аламын.

Шаш күтімі
©Айгүл Хожантаева

Кератинді түзеуден кейін сульфатсыз сусабын қолдануға кеңес береміз. Оның бір құтысы 1 литр. Бағасы 5-10 мың теңге шамасында болады.

Процедурадан кейінгі шаш күтімі

Кератинді түзеуден кейін әсері ұзақ сақталу үшін сульфатсыз сусабындар қолдану керек. Жалпы, шашыңыздың саулығын ойласаңыз, сульфатсыз сусабын алуға кеңес береміз. Мұндай сусабындар қатты көпіршімейді, бірақ, шаштың сынғыштығын азайтып, күтім көрсетуде көмекші бола алады.

Кератинді түзеуден соң арнайы сусабынмен қатар бальзам-маскаларды да қолдануға кеңес береміз. Олардың құрамында сульфат болмайды. Сондықтан, кез келген түрін пайдалана беруге болады. Бальзам мен маскалар шаштың түзу әрі сау қалпын ұзақ уақыт сақтауға септігін тигізеді.

Кератинді түзету
©mail.ru

Процедурадан кейін 3-4 күн шашты сульфатты сусабынмен жууға, шашқыстырғыш, басқа да құралдарды пайлануға болмайды. Шаш кератинді толық сіңіріп, қалпына келмейінше мұндай заттар зиянын тигізуі мүмкін.

Кератинді түзеуден кейін шаш бұйралауға бола ма?

Кератинді түзеуден кейін шашыңыз түзу, жылтыр болады. Алайда, қыздар үнемі өзгерісті қажет етеді. Түзеуден кейін шаш бұйралауға бола ма деген сауалмен жиі ұшырасамыз. Бұйралауға болады. Алайда, бұйра шаштың тұру ұзақтығы кеми түседі.

Кейде түзу шаш ұнамай қалатын адамдар да кездеседі. Мұндай жағдайда шашты сульфатты сусабынмен он рет жусаңыз, шашыңыз бұрынғы қалпына келеді.

Кератинді түзеуден соң шаш қобырамайтын, «тілалғыш» болады. Мұндай шашты кез келген шаш үлгісіне келтіру оңай. Бірақ, шаш бұл кезде көлемін жоғалтып алады. Кейбір тұтынушылары төбедегі шаштарының көлемді болып тұрғанын, тек шашының ұзындығы ғана түзу болғанын қалайды. Біз мұндай жағдайда кератинді қоспаны шаштың түбіне жақпай, тек ұзындығына лайықтап жағамыз.

Шаш күтімі
©Айгүл Хожантаева

Кератиннен кейін шашты бояуға бола ма?

Екі апта өткен соң шашты аммиаксыз бояумен бояуға болады. Құрамында аммиак бар бояулар шашты күйдіруі мүмкін. Ал аммиаксыз бояулар шашты ылғалдандырады. Шашыңызды боятар алдында шаштаразға бұрын кератинді түзеу жасатқаныңызды ескертуді ұмытпаңыз. Себебі, кератин шаштарды бояу кезінде маман қоспаны өзгертуі мүмкін. Шашты түссіздендіруге тек бір айдан кейін рұқсат етіледі. Қатты зақымдалған, күйген, бұрын боялған немесе түссіздендірілген шаштарға ботокс-кератин жасатуға болады.

Ер адамдар да кератинді түзеудің көмегіне жүгінеді

Сән салондарының қызметін әйелдермен қатар, ер адамдар да пайдаланады. Макияж, маникюр, шаш алдыру сияқты қызмет түрлерінен бөлек, кератинді түзеудің де көмегіне жүгінетін ер азаматтар бар. Ер адамға ол не үшін керек деген сұрақ бәрімізді мазалайтыны рас. Алайда, қазіргі таңда еш нәрсеге таңқалуға болмайды. Ер адамдардың шашы да бұйра, қалың болады. Олардың шашы көбінесе күнге күюден зардап шегеді. Сондықтан, кератинді түзеу ер адамдарға да тән.

Бізге хабарласып, кератинді түзеуге жазылған ер адамдардың көпшілігі белгіленген уақытта келмей қалады. Оған себеп — менталитет. Ер адамдар сұлулық салонына тек әйелін, анасын немесе қызын алып кету үшін келуі керек деген қатып қалған қағида жоқ қой. Мұны бәрі бірдей түсіне бермейді.

Шаш күтімі
©Айгүл Хожантаева

Бірде орта жастан асқан ағамыз хабарласып, кератинді түзеу қызметіне жазылды. Мейлінше салонда адам аз болатын уақытты белгілеуімізді сұрады. Салондарда таңертеңгілік уақытта келушілер аз болады. Ағамыз келіп, шашына кератинді түзеу қызметін жасатты. Біздің қызметімізге, түзеуден кейінгі нәтижеге қатты қуанды. Адамдардың бәрі сұлу болуға, өз-өзін күтуге лайықты. Шашты кератинді түзеу технологиясының өзін ойлап тапқан шаштараз-технолог ер адам болған. Сондықтан, жас-кәрі, әйел-ер, қазақ-орыс деп бөлудің қажеті жоқ.

Кератиннің жүкті әйелдерге ғана қарсы көрсеткіші бар. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, жүктілік кезінде әйел адамның организмінде түрлі өзгерістер орын алады. Сондықтан, оларға кератинді түзеу жасамаймыз.