Кәсіп бастауға не түрткі болды?

Өзбекстанның территориясы болып есептелетін Бостандық ауданында өмірге келдім. Бұл жер бұрын қазақтарға тиесілі болғандықтан, қазірдің өзінде тек қазақтар қоныстанған. 18 жасқа дейін осы жерде өстім.

Қазақстанға 2006 жылы оқуға келдім. 2011 жылы Алматыға магистратураға түстім. Оқуды аяқтаған соң мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Ол кезде кәсіппен айналысу туралы ойымда да болмады. Кәсіпкер болу туралы мүлде армандамаппын.

Кәсіпкер
Жас кәсіпкер Рүстем Ермекбай ©Айгүл Хожантаева

Компаниядағы жұмысым жақсы болатын. Күн сайын үйімнен арнайы көлікпен алып кететін. Жалақысы да жоғары болды. Алайда, осы компанияда жұмыс істей берсем, алдағы 10 жылда қандай деңгейге жететінім туралы ойландым. Мүмкін, бір бөлімнің жетекшісі болар ма едім? Бірақ, маған оның қандай қажеттілігі бар? Мен жылдам жалығатын адаммын. Компанияның күнделікті тыныс-тіршілігі жалықтыра бастады.

Алғашқы кәсібім – ағылшын тілі курсы

Менің кемшілігім, мүмкін артықшылығым – ешкіммен ақылдаспаймын. Біреу өзінің жүріп өткен жолын, қателіктерін, жеткен жетісітігін үлгі етіп айтып жатады. Ал сол жолды өзі жүріп өткен адам ғана оны жақсы түсінеді емес пе? Сондықтан, біреудің сөзіне құлақ асудың керегі жоқ.

Қазақстанға алғаш келгенімде ағылшын тілінен “нөл” болатынмын. Тіл білетін адамның жерде қалмайтынын түсінген соң түрлі курстарды байқап көрдім. Курстардың барлығы бірдей. Өзіме ұнайтын, жылдам үйренетін жаңа әдіс-тәсіл ойлап табу үшін 3 ай уақытымды жұмсадым. Осылайша, ағылшын тілін өз методикам бойынша үйрендім. Кейін компаниядағы қызметімнен шығып, ағылшын тілін үйретуге арналған курс аштым.

“Сабыржан Айрин” киім брендінің “Анасы мен қызы” топтамасы ©Айгүл Хожантаева

Алғашқы капитал 15 мың теңге болды

ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) ашу үшін 100 теңге ғана керек. Egov порталында 15 минуттың ішінде ашуға болады. ЖШС тіркеген соң, достарымнан сайт жасауды үйреніп алдым. Сайт ашып, оған ағылшын тілі курсына адам қабылдау үшін алғашқы тегін шеберлік сағатын өткізетінім туралы хабарландыру бердім. Шеберлік сағатын өткізетін кеңсені жалға алу, жиналысты ұйымдастыру үшін шамамен 15 мың теңге қаражат кетті.

Алғашқы тегін сабаққа 60-қа жуық адам келді. Оларға өзім қолданған тіл үйрену әдісін түсінідіріп, бір аптадан соң курс басталатынын, алдын ала төлем жасайтындарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылатынын айттым. Келушілердің жартысы алдын ала төлемге ақша қалдырды. Жиналған қаражатқа бір аптаның ішінде сабақ өткізетін кеңсе жалдап, оқулықтар мен керек-жабдықтарды алып үлгердім.

Ағылшын тілін үйренем деушілердің саны күн санап арта берді. Сосын ағылшын тілі курсының екінші нүктесін аштым. Осылайша, білім саласында бастаған кәсібімнің тасы өрге домалады.

7 айлық бизнесімді 33 мың долларға саттым

Жылдам жалығатын адам екенімді жоғарыда айтып өттім ғой. Ағылшын тілін жақсы меңгеріп алған соң, көптеген адамдарға үйреткен соң кәсіптің басқа түріне бет бұрғым келді. Ашылғанына жеті ай ғана болған бизнесімді сатуға бел будым. Ғаламторға «дайын бизнес сатылады» деп хабарландыру бердім. Алғашқы бағасын 40 мың долларға белгіледім. Бір аптаның ішінде 8 адам хабарласып, бір кісіге 33 мың долларға саттым. 100 теңгемен ЖШС ашып, алғашқы капитал ретінде 15 мың теңге салған жеті айлық бизнесімнен осылайша мол пайдаға кенелдім.

Кәсіпкер
“Сабыржан Айрин” киім дүкенінің өнімдері ©Айгүл Хожантаева

Тапқан табысымды қандай жаңа іске салсам болады деп жүргенде, үй, жер мәселесінің Қазақстанда актуалды екенін аңғардым. Бұл саланы ұзақ зерттемесем де ипотека арқылы үй алып, қайта сату туралы көп естідім. Алайда, бұл іс менің қолымнан келмеді. Алғашқы кәсіптен түскен қаражаттың жартысынан көбін сәтсіз жобамен жоғалтып алдым.

Франшиза деген не? Киім өндірісі қалай басталды?

Отандастарымыздың көпшілігі базардан киінетіні белгілі. Бірде «Көк базарда» жаппай сатылым болып жатқан дүкеннің алдындағы ұзын сонар кезекті көрдім. Қарап тұрсам, қарапайым дүкен. Тауарларының барлығы шетелден келген. Киім өндірісінің сұранысқа ие екенін сол кезде түсіндім. «Көк базардағы» дүкеннің иесімен келісіп, франшизамен айналыса бастадым. Франшиза арқылы 6 айда 9 дүкен аштық.

Франшиза – қолданыста жүрген танымал брендтің, сауда белгісінің тауарын коммерциялық мақсатта таратуға рұқсат алу.

Отандық сауда айналымындағы әлемдік танымал брендтердің барлығы, оның ішінде қазақстандық маркалардағы тұтыну тауарлары, киім-кешек, автокөліктер, азық-түлік, тіпті компьютер ойындары мен кинофильмдер франшизаға жатады. Бір сөзбен айтқанда келісімшарт арқылы жергілікті кәсіпкерлер шетелдік және отандық өнімді отандық нарықта сата алады.

 «Сабыржан Айрин» киім бренді қалай қалыптасты?

Әйелім жүкті болған кезде болашақ баламызға ерекше есім іздедік. Оны кейін брендтік атауға айналдыру ойда болды. Алайда, ол кезде киім өндірісімен айналысатынымызды білмедік. Қыз бала болғандықтан, есімін Айрин деп қойдым. Әкемнің аты – Сабыржан. Сабыржан Айрин – қызымның аты-жөні.

Қызым бір жасқа толғанда, отбасылық фотосессия жасамақ болдық. Суретке түсу үшін отбасы мүшелеріне арналған бірдей киім іздедік. Отандық өндірісте мұндай өнім болмағандықтан, Оңтүстік Кореяның киімдерін кидік. Өзім Өзбекстан жерінде туып-өскеніммен, үнемі қазақы нақыштағы киімдерді аңсайтын едім. Қазақстанға келсек те ондай өнімдерді таба алмағанымыз өкінішті болды. Отандық киім брендін ойлап тауып, қазақы нақыштағы күнделікті киімдерді шығару туралы ой осыдан келіп туындады.

Кәсіпкер
Рүстем Ермекбай “Сабыржан Айрин” компаниясының қызметкерлерімен ©Айгүл Хожантаева

Қазақстанның 8 қаласында 10 дүкеніміз бар

«Сабыржан Айрин» отандық киім бренді бүкіл отбасыға арналған киімдер топтамасын шығарумен айналысады. Біз күнделікті тұрмысқа арналған жейделер, спорттық киімдер, көйлектер мен сырт киімдер де өндіреміз.

Киім өндірісімен айналысқанымызға үш жыл болды.  Қазір Қазақстанның 8 қаласында 10 дүкеніміз бар. Жақында 11-дүкеннің ашылу салтанаты өтеді. Соған қызу дайындық үстіндеміз. Компания 28 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Сабыржан Айрин» басқа қаладағы кәсіпкерлерге ешқандай өтемақысыз серіктестік түрін ұсынады. Егер өз қаласында дүкен ашып, біздің өнімдерімізді тұрғындарға сатумен айналысқысы келетін кәсіпкерлер болса, біз дайын бизнес-жоба мен өнімдерімізді ортақ пайдалануға дайынбыз.

Қазірдің өзінде Алматы, Астана, Семей, Талдықорған, Павлодар, Ақтау, Жаңаөзен, Қызылорда қалаларында дүкендеріміз бар. Шымкент пен Қарағанды қалаларынан да серіктестер тауып, келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Жылына 1 миллион жейде шығарамыз

Алдағы үш жылда отандастарымыздың он пайызын отандық киім өнімдерімен қамтамасыз еткіміз келеді. Кез келген қазақстандық жыл сайын орта есеппен үш жейде тоздырады. Биыл алдымызға 1 миллион жейде шығарамыз деген мақсат қойып отырмыз. 2017 жылы 110 мың жейде шығарғанбыз. Демек, биыл өнімдеріміз он есеге өспек. Мұның бәрі сатылып кете ме, босқа шығын болмай ма деген сауалға жиі ұшырасып жатамыз. Менің ойымша, кәсіпкер деген – тәуекелге бара алатын шебер. Сондықтан, жаңа мақсаттар мен жаңа жоспарлардан ешқашан қорқуға болмайды.

Кәсіпкер
Рүстем Ермекбай: “Жылына миллион жейде шығарамыз” ©Айгүл Хожантаева

Үш бірдей Түркияның киім бренді қазақстандықтардың тарапынан жыл сайын 50 миллиард теңге табыс табады. Қаншама қаражат шетелге кетіп жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Сабыржан Айрин» шетелдік киім брендтерімен терезесі тең деңгейге жетіп, отандық нарықтан өзгелерді ығыстыру үшін жұмыс істеп жатыр. Былтыр біздің компания «Қазақстандағы қарқынды даму» номинациясы бойынша I орын жеңіп алды.

Шетел нарығына шығу ойымызда бар

Жақында Facebook әлеуметтік желісінде қазақстандық киім брендін қалай қалыптастырғанымыз туралы, өнімдеріміз жайлы пост жазып едім қолданушылар арасында қызу талқыланып, бөлісушілердің саны күрт артып кетті. Осыдан кейін шетелдіктерден көп ұсыныс түсіп жатыр. Атап айтсақ, Израиль, Швейцария, Ресей, Түркия, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Канада мен Америка Құрама Штатттарындағы қазақтар біздің өнімдерімізге қызығушылық танытып, Қазақстандағы дүкендерімізді арнайы іздеп келіп жатыр. Олар қазақстандық киім дүкенін өз елдерінде ашқысы келеді. Алайда, біздің компания үлкен нарыққа арналған өнімдер шығаруға қауқарлы болмай отыр. Алдағы уақытта аталған сұраныстарды қанағаттандыру жолында жұмыс істейтін боламыз.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!