Қарағандыда Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде мұнай өңдеу зауыты мен жанармай станцияларының желісін салу жобасы ұсынылды. Оның жалпы құны 300 млрд теңгеден асады. Аталмыш жобаны қаржыландыруға сингапурлық инвесторлар дайын екендерін жеткізді.
Қарағанды облысының әкім Ерлан Қошанов ауқымды жобаны жүзеге асыру жолдары туралы жиналыс өткізді. «Абылайхан» компания тобы мен R Way Solution PTE Ltd сингапурлық серіктестер келісімшартқа қол қойды.
«Біз Қазақстанға тікелей мұнай кластерін алып келеміз. «Новонежинское» кен орны Қостанай облысында орналасқан. Атасу кентінде жылына 1 млн тонна мұнай өңдей алатын шағын тоннаджы МӨЗ салынатын болады. Соныман қатар «Юрта» жанар-жағармай құю станциялар желісі мен жол маңайындағы қызмет көрсету нысандарын салу жоспары бар», — деп мәлімдеді баспасөз мәжілісі кезінде «Абылайхан» компания тобының басқарма басшысы Әмір Ысмағұлов.
Оның айтуынша, жобаны алдағы үш жылда жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Есеп бойынша зауытты салуға 3000-ға жуық құрылыс мамандығының жұмыскерлері қажет болады.