Қалыптасқан стереотип пе, әйтеуір батыстың жастары мұнайшы болуды бала күннен армандайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де болашақ мұнайшы. Бірақ Еркебұлан Напиевтің арманы бөлек. Ол арнайы зерттеу жұмысын жүргізіп, мұнайды қалдықсыз өңдеуді қолға алмақ.

Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Еркебұлан әкесі секілді мұнайшы болуды армандайды. Арманына қанат бітірген болашақ мұнайшы “Атырау мұнай және газ” институты, “Химиялық технология және қоршаған ортаны қорғау” кафедрасына оқуға түседі.

“Екінші курстан бастап түрлі конференцияларға қатысып жүрдім. Кейін ғылыми жұмыстарға деген қызығушылығым оянып, өзім зерттеу жұмыстарымен айналыса бастадым. Осылайша, 2015 жылы қазанда “Мұнайды тасымалдау және сақтау” атты халықаралық конгрестің секциясына жазылдым. Алғаш рет  қазан айында халықаралық конгресске зерттеу жұмысымызды сырттай жіберіп, сыннан сүрінбей өттік. жүлделі 3-орынға ие болдым. Қазіргі күні “Мұнай қалдықтарын өңдеудің тиімді әдісі” тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмын. Ғылыми жетекшім Аманжан Төремұратұлы. Аталмыш жобаммен 2015 жылдың желтоқсанында Омскіде өткен онлайн конференцияға қатыстым. Сол кезде бірінші орын алып, қатты қуанғаным есімде”, – дейді Еркебұлан Напиев.

“Жетекшім осы жобаны патенттеп алды”

Еркебұланның айтуынша, зерттеу жұмысы болашақта маңызды ғылымға айналады.

Еркебұлан Напиев
Еркебұлан Напиев©Pricom.kz

“Көпшілігі бұл зерттеліп жүрген тақырып деп ойлауы мүмкін. Өйткені, бізге дейін де, бізден кейін де осы тақырып төңірегінде жүргізілген зерттеу жұмыстары көп. Сондықтан да Зерттеу жұмысымды қолға алмса бұрын, ғылыми жетекшіммен ақылдастым.  Менің зерттеу жобамдағы маңызды дүние – мұнайды қалдықсыз өңдеу. Өзіңізге де мәлім, мұнай қалдықтарының зиянды тұстары өте көп. Ендеше сол қалдықтарды жоюға тырыспай, керісінше пайдасын көруге ұмтылыс жасау керек. Ғылым бір орында тұрмайтындықтан, Болашақта бұл әдістің орнына жаңа әдіс келуі мүмкін”, – дейді ол.

Жас ғалым ғылыми жұмысын зерттеу барысында көбіне шетелдіктердің еңбегіне сүйенген. Жақында зерттеу жұмысы патенттелгенмен, Еркебұлан оны өз атына алмаған.

“Бізге университетіміз жобаларға қатысуға көп мүмкіндік жасап, Материалдық жағынан да көмек беріп отырады. Жұмысымыздың нәтижесін көру мақсатында, жақында ғылыми жетекшім патент алды. Оған ортақтаспадым. Өйткені, сол кісінің еңбегін бағаладым. Мені ғылым жолына әкелген ұстазым болғасын таласуға ешбір құқым жоқ деп ойлаймын. Бірақ, бұл зерттеу өзім үшін тәжірибе болғаны анық. Тапқан әдісімізді Атыраудағы “АНПЗ”, яғни Атырау мұнай өңдеу зауыты деген ұйымның бензиндеріне тексеріп көрдік. Енді олармен бірлесіп жұмыс жасауға сөйлесіп жатырмыз”, – дейді ол.

“Климат адамның мінезіне де әсер етеді”

Еркебұлан Атырау халқының “ерекше мінезін” климатпен байланыстырады. Оның айтуынша мұнайдың ауасы, шаң-тозаң, аптап ыстық климат адамның мінезіне де әсерін тигізеді.

Еркебұлан Напиев
2016 жылы Мәскеуде “New generation: Across the Universe” атты мұнай жане газ саласында жұмыс жасайтын мамандар мен студенттер форумы©Еркебұлан Напиевтің жеке мұрағатынан

“Жалпы, зауыт тұрған жерде халықтың басы ауырады. Ол жергілікті адамдардың психикасына әсер етеді. Байқасаңыздар, Атырау халқы туралы еліміздің өзге өңірлері “Тіке сөйлейді, шапшаң айтады, қылықтары ерсі” деп айтып жатады (күлді). Меніңше, мұның бәрі климаттың әсері. Ауа-райы адамдардың көңіл-күйін өзгертеді. Сырттай бақылап қарар болсаңыз біздің халық ашуланып жүреді. Әйтеуір, ашуын біреуден алғысы келіп тұрады. Меніңше, Мұның бәрі –  шаң-тозаң, аптап ыстық, сондай-ақ мұнай зауыттарының әсері. Мысалы, Еуропа халқы өте сабырлы”, – дейді жас ғалым.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Польшаның Леншо қаласындағы оқу орнында білім алып келген жас ғалым, еліміздегі білім беру бағдарламасына көңілі толмайды.

Еркебұлан Напиев
Франция мемлекеті, Лион қаласы©Еркебұлан Напиевтің жеке мұрағатынан

“Университет оқып жүргенімде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Польшада 6 ай білім алдым. Мүмкін, айтқаным дұрыс емес шығар, бірақ, еліміздегі білім саласына көңілім толмайды. Польшада студенттерге ғылыммен айналысуға толығымен жағдай жасалады. Барлық студенттер өздерінің ойларын лабороторияда жүзеге асырады. Мен Лешно деген қаланың университетінде болдым. Студенттердің атмосферасы қатты ұнады. Олар ойларын еркін жеткізеді. Студентті оқытушы да түсініп тұрады. Кейде оқытушыға қателігін тура айтуға болады. Польшадағы бағалау жүйесі мұғалімге байланысты. Бірі сабаққа қатысуды талап етсе, бірі сабаққа бармай-ақ емтиханға дайын болсаң сені жоғары бағалайды. Қатып қалған жүйе жоқ. Бағалу жүйесі әріптік жүйемен белгіленеді”, – дейді Еркебұлан.

“Шетелдегілер өмір бойы оқи береді”

Шетелдіктердің мәдениеті де Еркебұланды таңғалдырған. Өйткені, олардың еш алаңдамастан өмір бойы оқи беруге құлшыныстары зор екен. Тіпті, үкімет тарапынан жеңілдіктер де қарастырылады.

“Бұдан басқа өзгешелік ретінде олардың мәдениетін мысалға келтірейін. Неге екенін, шетелдік студенттер біздей емес, тек қана өздерін ойлайды. Өзгеге қарамастан, қалай да жоспарын жүзеге асыруға бейім. Біздегідей “жұмыс жасауым керек, ата-анама көмектесейін” деген сияқты ойлар оларды мазаламайды. Таңғалғаным, шетелдіктер 30-да болса да, оқи береді. Жұмыс істемесе де, көбі студент боп қалғысы келеді. Оларға тіпті, осы үшін жеңілдіктер беріледі. Кейбіреулер өмір бойы оқи береді”, – дейді ол.

Еркебұлан Напиев
2015 жылы Мәскеуде өткен ” VII Oil & Gas Horizons” атты халықаралық конгресс©Еркебұлан Напиевтің жеке мұрағатынан

Еркебұлан еліміздегі ғалымдардың статусының төмендігіне өкпелі. Сондай-ақ, лабороториядағы ғалымдарға жағдай жасалғанын қалайды.

“Бізде лабороторияда жасайтын ғалымдарға көмектесу керек. Ғылыми институттар қаржыландырылса, көп адам ғылыммен айналысар еді…Сосын бізде ғалымдардың статусы өте төмен. Ал негізінде төмен болмауы керек қой. Себебі, ғалымдар ерекше адамдар. Сенесіз бе, өз өмірінің 30-40 жылдарын ғылымға арнаған жандар да кездеседі. Олар елінің дамуына өз үлесін қосуда.Сондықтан, еліміздегі жоғары статусқа ғалымдар лайықты деп білемін”, – дейді жас ғалым.

Еркебұлан Напиев болашақта мұнай саласында арнай өңдеу жұмыстарымен айналысқысы келеді. Дегенмен ғылымға біржола бет бұруды ойлаған болашақ ғалымның бүгінгі мақсаты – оқу орнын үздік бітіру.

Сұхбаттасқан және суретке түсірген Айзада Жайыққызы

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.