Елімізде құлағы естімейтін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 24 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде Алматыда-3, Шымкентте-2, Леңгерде-1 және әр облыста бір мектептен бар.

Орталық қалай құрылды?

Бұл орталықты ашуға баламның жағдайы әсер етті. Сәби кезінде алған үшінші АКДС екпесі кері әсер етіп, құлағы естімей қалды. Қазір балам отбасылы. Келінімнің де құлағы естімейді. Екі немеремнің біреуі есту қабілетінен айырылған, екіншісі естиді.

1993 жылы баламды мектепке апарған кезде «баламмен қалай тіл табысамын?» деген сұрақ мазалады. Осылайша, балалардың ата-аналарымен ақылдасып, ынталандыру топ аштық. Түрлі демеушілік көрсетіп, шаралар ұйымдастырдық. Ынталандыру тобы болып жұмыс істеу ыңғайсыз болған соң, 1997 жылы «Үміт» мүгедектерді қолдау орталығын аштық. Одан өзге, республикалық арналардан сурдаударма бөлімін аштық. 2000-2003 жылға дейін Алматы қаласында «Көгілдір құс» фестивалін өткіздік. Мақсаты — балаларды қоғамға көрсету, талантын ұштау болды. Соның арқасында балаларымыздың суреттері шетелге сатылып, аукциондар мен қайырымдылық шараларын өткіздік.

Біз 10 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Алайда елімізде құлағы естімейтін мүмкіндігі шектеулі балалардың саны азаймай тұр.

«Үміт» орталығы ©Дарын Шөкенов

Бізде құлағы естімейтін мүмкіндігі шектеулі балаларға берілетін білім сапасы өте төмен.

Олар бізге келген кезде сауатты түрде арыз жаза алмайды. Оқитын мектептерінің барлығы орыс тілінде сабақ өтеді. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы бір-бірімен жазбаша араласқанда да қате жазады. Мысалы, «я здесь буду 5 минут» деп жазады. Өмірінде құлағы естімейтін адамды көрмеген жан бұл жазбаны түсінбей қалуы мүмкін. Осы жағынан қиындау.

Біз жасқа шектеу қоймаймыз. Қоғамдық қор болған соң бәріне көмектесеміз. Еліміздің түкпір-түкпірінен көмек сұрап келетіндер көп. Оларға көмектесеміз. Баламның құлағы естімейтін болған соң, біздің үй құлағы естімейтіндердің жатақханасы деп айтуға болады. Себебі тұрғылықты жері жоқ жандар бізге келеді. Қазір «Үміт» орталығында 21 адам жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс алып, мүгедектерге «Ым тілінен» сабақ беретін кезде аудармашыларымыз көбейеді. Бірақ олар уақытша қызмет атқарады.

Аманбике Өсербайқызы сұхбат беру кезінде ©Дарын Шөкенов

Есту қабілетінен айырылу жағдайына жеткізетін себептер:

Есту қабілетінен айырылу жағдайына жеткізетін себептер өте көп. Мәселен, бала анасының ішінде жатқанда инфекциялық аурулармен, қаназдықпен ауырса, осындай жағдайға душар болады. Сондай-ақ, жүкті кезінде ішетін түрлі антибиотиктер, химиялық құрамдағы дәрілер баланы кемтар қылып тууға әсер етеді. Шетелде антибиотиктердің құрамын тексереді, жүкті әйелге қалай әсер ететінін байқайды. Ал бізде кез келген дәріні жазып береді. Дәрі әр адамға әртүрлі әсер етеді.  Мысалы, кішкентай балаға суық тиіп қалды делік. Анасы мен баласын емханаға жатқызады. Оларға толтырып антибиотик дәрілерді егеді. Өз кезегінде олар баланың есту қабілетін төмендетіп, мүлдем естімеу қаупін тудырады.

Біз кеше Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы өкілдерімен жолықтық. «Осындай жағдайларды біле тұра, неге ауру балаларға құрамында кері әсері бар дәрілерді береді?» деген сұрақ қойдық. «Бізге тендер бойынша қандай дәрі алып берді, сонымен емдейміз» деген жауап алдық.

Ым тілінің бейнелерін кітаптан көрсету кезінде ©Дарын Шөкенов

Қоғам оларға әлі дұрыс қарай алмай келеді

Қиындық тудыратыны — олар мектеп бітірген соң бірден жұмысқа орналасып кете алмайды. Өйткені, бітіретін мектептерінің өзі толық емес орта білім болып есептеледі. Сол үшін де колледжге ғана түседі.

Бізде Кеңес дәуірінен қалған «құлағы естімейтін жандар — көше сыпырушы, еден жуушы, тігінші, етікші деген кәсіптерді істеу керек» деген жаңсақ пікір бар. Қоғам оларға әлі дұрыс қарай алмай келеді. Мысалы, менің баламның мамандығы — шаштараз-стилист. Ал келінім Астанада аспаз мамандығы бойынша оқыған. Алайда екеуі де жұмыс таба алмады. Осы орталықтың негізінде балама шағын шаштараз да аштық. Бірақ бизнесі жүрмеді. Себебі құлағы естімейтін жандарға шашын ешкім сеніп тапсырмайды.

Қандай мәселе алаңдатады?

Біздің орталыққа келген жандардың анықтама қағазына құлағы естімейтін мүмкіндігі шектеулі, ІІІ топ деп жазып береді. Елімізде І, ІІ топқа берілетін тегін мүмкіндіктер өте көп. Олар тегін автобуста жүре алады, адвокат, нотариустарды тегін қолданады. Ал үшінші топтағыларды барлық жағынан алып тастаған. Ең аз төлемақыны да ІІІ топтағылар алады. Сол үшін де жұмысқа орналаса алмайды.

Ауылдық жерлерде бұл жағдай өте қиын. Оларға мүгедектік туралы анықтама да алып бермейді. Өйткені, оны тексеретін дәрігерлер жетіспейді. Алдымен мүгедектікке тіркелу үшін қалада тексеруден өту керек. Ал қалалық жерде тіркеуде болмаған адамға тексерудің өзі қымбатқа түседі. Бір тексерудің өзі 60 мың теңге. Сол үшін де ауылда «тамағын өзі тауып жүр, одан да осылай жүре берсін» деп қазақшылыққа салынып, ешкім көмектеспейді. Осы жағдай жүрегімді ауыртады.

Ым тіліне арналған «Үміт»қоғамдық қорының шығарған кітаптары ©Дарын Шөкенов

Қиындықтарымен қалай күреседі?

Есту қабілеті шектеулі жандарды діни ағымдар мен қылмыстық топтар жиі пайдаланады. Үйін банкке кредитке қойып, айырылып қалғандар өте көп. Біз 2006-2012 жылға дейін соттасып, 7-8 мүгедектің үйін қайтарып, алып бергенбіз. Сол үшін де «Каспий банктің» демеушілігімен 1 жыл бойы банк туралы сабақтар жүргізіп, кеңес бердік.

Олар отбасын құру, болашағын жоспарлау, өмірдегі кез келген жағдайда қалай іс-әрекет ету керектігін білмейді. Тіпті, қарапайым жер сілкінісі болған кезде қолданылатын іс-шаралардан хабарлары жоқ. Алайда мүгедектер демографияға үлкен үлес қосып жатыр.

Олармен қалай сөйлесу керек?

Бізде ата-аналардың өзі құлағы естімейтін балаларымен сөйлесе алмайды. Ал шетелде кез келген мектепке «Ым тілі» сабағы енгізілген. Сондықтан да олар қоғамдық орындарда не айтқысы келгенін еркін көрсетеді.

Ым тілінің бейнесі ©Дарын Шөкенов

Елімізде мұндай жандардың ата-аналары балаларымен телефондарына хабарлама жазып сөйлеседі. Бірақ балалардың басым бөлігі жазуды оқи алмайды. Біз Алматы қаласында тегін «Ым тілін» оқыттық. Бірақ ата-аналар үйренгісі келмейді. Одан да олар үйде «тамақ іштің бе?», «қайда болдың?» деп айқайлап сөйлескенді дұрыс көреді. Ал оны бала түсінбейді. Бала үйден жылу көрмегесін сырттан дос табады. Осылайша, түрлі діни ағымдар мен қылмыстық топтарға түседі.

Оралдың мектептерінде Ресей мектептерінің әдісін қолданады екен. Көбісі сауатты. Павлодар, Қостанай мен Өскемендегі жағдайда көңіл қуантарлық. Ал Талдықорған, Қызылорда мен Тараз, Шымкенттің жағдайы өте нашар.

Қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Құлағы естімейтін мүгедектерге Үкімет тарапынан түрлі жеңілдіктер жасалады. Оларға ноутбук, телефон, вибрациялық аппарат (яғни, екі құлағы естімейтін жас отбасында баланың жылағанын білдіретін аппарат), шала еститіндерге есту құрылғысы беріледі. Үкімет тарапы шала еститіндерге таңдау қояды: есту аппараты немесе 60 сағат тегін сурдаудармашы. Есту қабілеті сақталғандар аппарат алады. Ал кейбіреулері сурдаудармашыны таңдайды. Құдайға шүкір, көмектесетін демеушімілеріміз бар. Солардың арқасында қазір Америкадан 200 есту аппараты әкелінбек.

Сұхбат кезінде ©Дарын Шөкенов

Үкімет тарапынан «Ым тілінен» берілетін 60 сағат үлкен кісілерге жеткілікті. Олар зейнетақы алуға, дәрігерге баруға, коммуналдық төлемдерін төлеуге бір жылда 60 сағат молынан жетеді. Ал студенттерге аздау. Себебі, бір аптада лекцияның өзі 60 сағат. Сонымен бітіп кетеді.

Қазақстанда жағдай жасалса…

Бізде ота жасалғанымен оңалту бағдарламасы жолға қойылмаған. Отадан соң 9 сағат 35 минут бойы баламен оңалту бағдарламасын жүргізеді. Одан кейін 3 ай коррекциялық орталықта болады.

Менің немереме 1 жас 9 айда ота жасалған. 2 жасында оңалту бағдарламасымен орталыққа бардық. Ол жерде қағазды көрсетеді де, айқайлап айтады. Баладан өзінің айтуын сұрайды. 2 жастағы бала оны қайдан айтады? Сау адамның өзі шыққан дауысты фильтрлеп отырады. Ал дыбысты енді естіген бала барлық дыбысты қабылдай береді. Бірақ дыбыс пен сөз не жөнінде екенін ұқпайды. Оған бәрі шу болып естіледі. Одан кейін ми шаршайды, естігісі келмейді.

Құлағы естімейтіндерге сабақ беретін мұғалімдердің өзі «ым тілін» білмейді. Олар: «оқы, «жаз», — деп ұрысады. Оқитындар мұғалімнің не жазып жатқанын түсінбейді.

Орталық қызметкері ым тілінде сөйлесуде ©Дарын Шөкенов

Орталықтың жұмысымен Дубайда, Тайландта, Америкада болдым. Дүниежүзілік есту қабілеті шектеулі жандардың конференциясына қатыстым. Шетелде олар үшін қоғамдық көлікте, көпшілік орындарда таблица іліп қойған. Америкада болғанда, 50 штаттың 2 штатында ғана құлағы естімейтін жандардың мектеп-интернаты бар екен. Басқа жерлерде сапалы білім береді, құлағы естімейтін мүгедектің өзін сөйлетіп оқытады. Олардың қасында екі адам жұмыс істейді: жеке көмекшісі мен әлеуметтік педагог. Білім сапасы өте жоғары. Бізде де солай болса ғой деп ойлаймын…

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!