Жалғыз өзім саяхаттаймын деп жоспарламадым. Достарыммен бірге барамыз дегенбіз, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты соңында жалғыз өзім қалдым. Басында жалғыз баруға қорықтым. Өйткені шетел дегенде тек Қытайға ғана, оның өзінде 17 адаммен бірге барып көрдім (күліп). Енді бұрын-соңды аяғым тиіп көрмеген Еуропа елдеріне жалғыз кету шынымен қорқынышты еді. Сол кезде Ақниет деген құрбым мені өте жақсы жігерлендірді. Керісінше, дәл қазір осындай мүмкіндігім болғанына қуану керек екенін айтты. Солай тәуекелге бел будым.

Таңшолпан Төлеген
Таңшолпан Төлеген сұхбат барысында ©Дарын Шөкенов

Саяхат бағыты

Жоспарым бойынша, төрт елге бару керек едім. Олар: Венгрия (Будапешт), Австрия (Вена), Чехия (Прага), Франция (Париж). Бірақ көптеген достарымнан «Парижде ұрлықшы көп, сақ бол» деген әңгімені естідім. Сол сөзден кейін Париж мені тартпай қалды. Оның үстіне қымбат қала. Ақша көп кетеді. Мәселен, менің маршрутым бойынша, Прагадан Парижге ұшып барып, одан Будапешт арқылы елге қайтуым керек еді. Бірақ есептесем, Парижге бір күнге баруға 100 мың теңге қажет екен. Ал пойызбен немесе автобуспен барсам, жолға 24 сағатым кетеді. Мен үшін ол тым ұзақ. Сосын тізімнен Парижді сызып тастадым да, қалған үш елді армансыз аралау туралы шешім қабылдадым.

Будапешт

Бірінші Будапештке бардық. Wizz Air деген авиакомпания бар. Билет бағасы өте арзан. Астанадан Будапештке 5,5 сағат ұшады. Ішінде тамақ бермейді, ішкіңіз келсе, сатып аласыз.

Бұл қалада бес күн болдым. Бірінші күні венгрлердің ұлттық тамағын берді. Ол — қызыл бұрыш қосылған картоп. Өте ащы. Нан қоспай жей алмайсың.

Будапешт менің – Еуропада табаным тиген алғашқы қала. Күн жылы болды. Халқы өздерін мадьяр деп атайды. Адамдары сондай мейірімді. Жол сұрасаң, қашан сені дұрыс бағытқа салып жібергенше, жаныңда жүреді. Көшеде кетіп бара жатқанда полицеймен көзің түйісіп қалса, «Hello», «Have a nice day» дей салады. Сосын олар өте стильді, ашық түсті киінеді екен. Әсіресе, жігіттері өздеріне қатты қарайды. Сақал-мұрт, шаш қою стиліне де мән береді. Қыздары біз сияқты киінеді.

Қала екіге бөлінеді: Буда және Пешт. Мен Пешт жағында тұрдым. Оны толығымен жаяу аралап шықтым. Жалпы қаланы төбесінен қарау үшін биіктігі 235 метр болатын Геллерт тауына шыққан жөн. Өйткені қалада биік ғимарат екеу-ақ. Олар: Парламент үйі мен Стефан ғибадатханасы. Паралмент үйі мадьярлардың осы жерге көшіп келуіне 1000 жыл Толу құрметіне салынған. Құрылысы 19 жыл бойы жүріпті. Биіктігі – 96 метр. Қаладан одан биік ғимарат тұрғызуға тыйым салынған екен.

Осында бірінші рет шіркеуге кіріп көрдім. Музейге кіргендей әсер қалдырды. «Алтынмен аптап, күміспен қаптап» салынған. Сиынып отырғандардың көбі – үлкен кісілер. Жастар өте аз. Қалғандары – туристер.

Бұл қалада мүсін мен музей өте көп. Әр он қадам сайын мүсін тұр. Ғимараттар бір-біріне ұқсайды. Сыртынан қарасаң, бәрі театр, музей сияқты.

*** 1-фотодағы мүсінді бұзық балақай деп ойлап қалғанбыз ғой. Жоқ. Ол «Кішкентай ханшайым» екен. Архитектор Ласло Мантона мүсінді короналарды сəндегенді жақсы көретін қызы Эвикемен бірге жасапты. Түпнұсқасы Венгрияның ұлттық музейінде тұр. 1972 жылы ұлттық премия берілген мүсін бұл. 2-фотода Starbucks-қа кіре берістегі джентлмэн;) *** Ортадағылар мадиярлардың атақты адамдары. Венгерлер өзін мадиярмыз дейді. Венгер дегенді түсінбейді. Орыс тілділер ғана оларды солай атайды екенбіз, айтпақшы. Венгер деп. *** Будапештте мүсін өте көп. Венгрияны құрған жеті тайпа батырларынан бастап бүкіл қала бойынша мүсіннен көп нəрсе жоқ. Ғимараттарының төбесіне дейін мүсін ғой. Бірақ сондай əдемі!

A post shared by Tangsholpan Begalykyzy (@t_tolegenova) on

Сосын бомждар өте көп. Менің хостелімнің кіре берісінде үш-төрт бомж болатын. Бірақ олардан ешкім қорықпайды. Сондағы танысымның айтуынша, олардың ешкімге зияны жоқ. Мұндай жағдайға түсулеріне алкоголь себеп болған екен.

Өмірімде бірінші рет гомосексуалды жұпты көріп, мәдени шок алып қайттым. Олар үшін бұл – қалыпты жағдай.

Будапеште бір украин қызымен таныстым. Ол талай рет саяхаттаған қыз екен. Мұнда екінші рет келіпті. Маған: «Бірінші Венаға, екінші Прагаға, соңынан Будапештке келуің керек еді»,-деді. Себебін сұрасам, Будапештен кейін қалған қалалар онша емес болып қалады екен. Айтқаны келді. Басқа қалалар Будапешт сияқты әдемі емес. Осы саяхатымда бірінші орынға Будапешті, Пражский град, Карлов көпірі, қызыл-сары шатырлы үйлері үшін екінші орынға Праганы, үшіншіге — Венаны қоямын.

Прага

Бұл жерде үйлердің шатыры әдемі: қызыл, сары, көз тартады. Бірақ оны туристер «қара қала» деп атайды. Өйткені көптеген ғимараттары, шіркеулері қара түсті.

Қызық оқиғасы: Прагадан Будапештке қайтқан кезде автобусыма үлгермей қала жаздадым. Оның билетін FlixBus-тан алдым. Бекетін «гугл мап»-тан іздеп, көрсеткен жерге келдім. Автобус жүруден екі сағат бұрын барып алдым. Содан күтіп-күтіп, жүруге жарты сағат қалғанда қарасам, тек пойыздар ғана тоқтап жатыр. Айналамда кімнен сұрарымды білмедім – бәрі туристер. Полицейге билетімді көрсетіп, автобус бекетіне қалай жетуге болатынын сұрасам, ағылшынша түсінбейді. Біреуді шақырып келді, ол да түсінбейді. Сөйтсем, бір станциядан кейін автобустардың бекеті бар екен. «Сол жаққа барасыз»,-деді, бірақ билетімде олай жазылмаған. «Жарайды»,-деп олар көрсеткен бекетке бардым. Ол кезде автобустың жүруіне 15 минут қалған. Метромен жаңағы жерге 1 минутта бардым. Ондағы қызметкерлерге билетімді көрсетсем, «Бізде бұл автобус жүрмейді»,-дейді. Басқа автобусқа билет сұрасам, бітіп кетіпті. «Мүмкін үлгеріп қалармын»,-дедім де, қайтадан артқа қайттым. Метроға түссем, пойыз 4 минуттан соң келеді деп тұр. Автобустың жүруіне тура 4 минут қалған. «Біттім» деп ойладым. Бірақ үмітім үзілмеді. Бір жігіттен: «Flixbus қайда тоқтайды білесіз бе? Мені сонда апарыңызшы, автобусымның жүруіне 1 минут қалды»,-деп едім, «Апарам-апарам»,-деп мені бір жерге ертіп апарды. Сөйтсем, ол кісі де дұрыс білмейді екен. Мені автобустардың кестесі жазылған тақтаға әкеліп тұр. Оның пойыздыкі екенін айттым. Автобус жүретін уақыттан 2 минут өтіп кеткен. Сөйтіп жүріп автобустар тоқтайтын жерді таптық, әйтеуір. Бірақ барлық автобус жолдың мен тұрған жақ бетінде де, менікі арғы бетте екен. Жүрейін деп тұр. Жолдың арғы бетінде өтетін жолақ жақын маңда жоқ. Жол арасы бір метрлік темірмен бөлінген. Кешіктім деп ойладым. Сонда ол: «Жоқ, үлгересіз. Біз жолды кесіп өтеміз»,-деп, қолымнан тас қылып ұстады да, жүгіріп отырып, жолды кесіп өттік. Мен, тіпті, елде олай істемейтінмін. Көліктер өте қатты жылдамықпен жүріп жатыр. Біреуі мені қағып кете жаздады. Andrew (жігіттің есімі) болмағанда, аман қалмайтын ба едім? Ақыры автобусыма үлгердім (жымиды).

Вена

Венаны «ақ қала» деп атайды екен, себебі ғимараттарының көбі ақ. Әрі таза қала. Будапештегі танысымның айтуынша, Вена осымен қыздарға ұнайды екен, бірақ маған ұнаған жоқ. Біріншіден, ол — қымбат қала. Мұнда 1,5 күн болдым. Осы уақытта 35 мың теңге жараттым. Екіншіден, Венаға түскен күні Еуропада суық басталды. Жаңбыр жауып, күн бұлтты болып кетті. Есімде қалғаны: қатты жаурадым және аспан сұр болып тұрды. Халқы да суық түсті екен. Бәрі жұмысбасты болып көрінді.

Венада бір кісіден метроның қай жақта екенін білу үшін: «Кешіріңіз, сізден сұрасам бола ма?»-десем, бетіме қарап тұрды да: «Жоқ»,-деді (күліп). Одан кейін біреуден бір нәрсе сұрауға бетім қайтып қалды.

Бұл қалаға қайтып келмес едім.

Таңшолпан Төлеген
Таңшолпан Төлеген сұхбат барысында ©Дарын Шөкенов

Еуропадағы туристер Қазақстан туралы көп білмейді. Олардың ойынша КСРО тарағанда тек Ресей мен Украина бір-бірінен бөлінген. Басқа елдер туралы хабары жоқ. Сосын еліміздің картасын көрсеттім. Таң қалып: «Сондай үлкен жерде тұрады екенсіздер»,- деді.

Тілді pre-intermediate деңгейінде білу жеткілікті

Еуропада жалғыз саяхаттап жүрген көп адамдарды кездестірдім. Қазір де интернет арқылы араласып тұрамын. Олар Жапониядан, Қытайдан, Кореядан, Испаниядан, Украинадан, Германиядан келген. Бәріміз ағылшынша сөйлестік. Саяхаттау үшін ағылшынды жетік білу міндетті емес екен. Бәрі қарапайым сөздер: «Мен хостел брондап қойған едім. Нөмірімді беріңіз»,-деп ақшасын төлей саласыз. Оны мобильді аудармашының көмегімен де айтуға болады. Сол себепті тілді pre-intermediate деңгейінде білу жеткілікті деп ойлаймын.

Транспорт

Еуропада транспортына қатты қызықтым. Өте жақсы дамыған. Олар адамдардың уақытын бағалайды.

Мысалы, мен Алматыда жұмысқа барып-қайтуға 2 сағатымды жұмсаймын. Автобустардың жүру уақытының арасы өте ұзақ. 7 минут деп көрсетіп қойғанымен, ол 15, 20, 30, 40 минутта әрең келеді. Ал Еуропада автобус дәл уақытымен жүреді. Тек Прагаға бара жатқан кезде пойыз 15 минутқа кешікті. Бұл – олар үшін күтпеген жағдай. Адамдар шулап, естері шығып қалды. Ал елге келгенде Астанадан Шымкентке шыққан пойызымыз 2 сағатқа кешікті. Ешкім ештеңе деген жоқ. Бізде солай болуы қалыпты жағдай болып кеткен.

Еуропада кептеліс деген атымен жоқ. Автобустарда жүруге арналған карталар бар. Соны сатып алып, бір күн бойы тегін жүруге болады. Сонымен бірге жеңілдік карталары бар. Мұнда мүлдем билет тексермейді. Бәрі адамдардың адамгершілігіне, арына қалдырылған.

FlixBus деген сайт бар. Адамдар бір елден екінші елге билеттерді көбінесе осы сайт арқылы алады. Сосын байқағаным, онлайн алсаң, арзан екен. Егер кассадан алсаң, қымбаттау. Мысалы, Венадан Прагаға билетті 17 еуроға алдым. Егер соны пойызға мінерде төлейтін болсам, 22 еуроға шығады екен.

Таңшолпан Төлеген
Таңшолпан Төлегенмен сұхбат барысында ©Дарын Шөкенов

Хостелдер

Хостелдерімді Booking.com деген сайттан брондап қойдым. Будапештке баратын кезде Instagram желісіндегі «Сәлем, Қазақстан» парақшасынан бір қызды тауып алдым. Будапеште екен. Одан қандай хостелге баруға болатынын сұрадым. Соның айтуымен Essential hostel-ге баруға кеңес берді. Бірден соны алдым. Барлық хостелдерді алдын ала төлемсіз, ақшасын барған кезде төлейтін етіп алдым. Міндетті түрде әйелдер бөлмесі болуы керек. Орналасқан жері қаланың орталығына, әсем жерлеріне жақын болғаны дұрыс. Таңғы асты қосып брондаған жөн. Себебі оны кафеден ішсеңіз, қымбатқа шығады. Сондай-ақ, жеке заттарыңды салуға құлыпталатын ағаш жәшіктер береді.

Хостел таңдаған кезде адамдардың пікірлерін оқыдым. Сол арқылы көп нәрсені білуге болады. Мысалы, Венадағы хостелді таңдарда бір адамның «Душтары онша емес» деген пікірін оқыдым. Шынымен, душтары онша емес болып шықты. Бірақ таңғы асы керемет, өте тойымды болды.

Прагаға барғанда Advantage хостеліне бардым. Өткен екі хостелде адамдар тек асханада ғана жиналатын. Ал мұнда интерьері әдемі, компьютері тегін, интернеті, адамдарға арналған қонақ бөлмесі бар. Бірақ төсектері ыңғайсыз болды: өте тар, отыра алмайсың. Сонда телефонымның қуаттағышын сындырып алдым. Душтары да онша емес. Есігі жабылмайды. Хостел алғанда соның бәрін алдын ала ескеру керек.

Еуропада мұсылмандар үшін тамақ жағы қиындау

Бүкіл саяхатымда түрік асханаларынан тамақтандым. Өйткені басқа жерлерде ет халал емес. Ал Прагада түрік асханасы өте аз екен. Сол себепті KFC-дан тамақтанып жүрдім. Прагада жүргенде қатты жаңбыр жауып, күн суық болды. Күнімнің жарты бөлігін KFC-да өткізуге мәжбүр болдым.

Құжаттарды даярлау

Өмірімде бірінше рет виза жасаттым (жымиды).

Негізі solo Trip жасардан бұрын көпшілікпен бірге бірнеше рет саяхаттап алу керек. Сол кезде виза жасату, құжат жинаудан қиналмайсыз.

Шенген визасын Венгрияның елшілігіне барып алдым. Бір танысымыз билетті Шығыс Еуропадан алған арзанға түсетінін айтты. Шынында да арзанға шықты. Біз билетті екі ай бұрын алдық.

Визаны жасатарда сайтты толығымен оқып алу керек. Онда визаны өткізетін және алатын уақыт бөлек болады. Венгрияның сайтында құжат өткізетін уақыт түстен кейін 14.00-16.00 аралығы, ал құжат алу 12.00-13.00-ге дейін. Қандай құжат сұрайды, соны апарып беру керек.

Ең көп күніңді Еуропаның қай елінде өткізсең, сол елдің елшілігіне барасың. Бұл туралы бір жерден оқып алдым. Сосын Чехияға 3 күн, Будапештке 3 күн қалдырдым. Бірақ мен Чехияға бірінші барамын. Құжатты Венгрия елшілігіне өткіздім. Сөйтсем, олар маған: «Чехия елшілігіне барыңыз»,- дейді. Екеуінде де үш күн болатынымды айтсам, «Есесіне, сіз Чехияға бірінші барасыз»,-деді. Сонда қай елде көп боласың, егер барлық жерде бірдей күн болсаң, бірінші қайсына барасың, сол елшіліктен виза алу керек екен. Сөйтіп біраз уақыт жоғалтып алдым. Қайтадан күндерімді реттеп, Будапештке бірінші барып, сол елде көп қалатын болдым.

Құжаттарды мұқият оқу керек. Онда хостелдерді брондағаның туралы ағылшын тіліндегі құжат керек екен. Басында оны оқымай, төрт елге брон жасағанмын. Біреуі ағылшынша, біреуі орысша болды. Жұмыстан шығып, құжаттарды енді тапсырайын деп жатқанда ағылшынша нұсқасы керек екенін білдім. Қа-а-айтадан ағылшынға аударып, кішкене жүйкемді құрттым (күліп).

Таңшолпан Төлеген
Таңшолпан Төлеген сұхбат барысында ©Дарын Шөкенов

Елшілікте қанша ақшаң бар екенін сұрайды. Ол үшін банктен екі анықтама апару керек. Біріншісі шотыңдағы ақша көлемін көрсетеді. Осы жерде бұл анықтаманың кей банктерде ақылы екенін ескеру керек. Мен «Банк Центр кредиттен» алдым. Білуімше, «Каспий банкте» тегін. Екінші анықтама – картаның соңғы үш айдағы қаржы ағымы. Ол картаның жұмыс істеп тұрған-тұрмағанын білу үшін.

Егер құжаттарда бір нәрсе дұрыс болмаса, елшіліктің Астанадағы басты кеңсесіне барып, не болғанын білу керек. Сондықтан бәріне мұқият болған жөн.

Одан кейін кіммен бара жатқанымды сұрады. Жалғыз екенімді айта салдым. Венгрияда танысымның бар-жоғын сұрады. Танысым жоқ екенін мойындаймын, бірақ «бар» дедім. Өйткені жоқ болса, тағы бір мәселе шыққалы тұрды. Сол танысымның шынымен Венгрияда екенін растайтын құжат керек екен. Таныстарымнан іздестіріп жүріп, сол жақта оқып жатқан Ернар деген жігітті таптым. Оған жағдайымды түсіндіріп жазып жібердім. Ернарға бір риза болатыным, құжаттарын айтылған уақытқа әзірлеп жіберді.

Жалғыз саяхаттағанның кемшіліктері

Саяхатқа шығарда ештеңе ойламаппын. Бастысы, фотоаппаратым, телефоным бар деп жүре беріппін. Оларды қосатын USB, адаптер, ноутбук, WiFi – ештеңе алмаппын. Сөйтіп фотоаппаратқа түсірген суреттерімнің бірде-біреуін әлеуметтік желілерге жариялай алмадым. Негізі оған арналған Canon connect деген мобильді қосымша бар екен. Сол арқылы фотоаппараттағы суреттерді телефонға жүктеп алуға болады. Бірақ ол қосымша менің фотоаппаратымның моделіне (Canon 600 D) келмейді екен. Бұл туралы бір жапон жігіті айтты. Осылайша, дым дайындықсыз бардым.

Біреуден суретке түсіріп беруін өтінсем, кадрға мені ғана алады да, артымдағы ғимараттар ілінбей қалады. Сол жақта танысқан 19 жастағы жапон жігітінен осы мәселені қалай шешіп жүргендерін сұрасам, өздерімен бірге штатив алып жүреді екен. Сосын фотоаппараттарын таймерге қойып, суретке түседі.

Таңшолпан Төлеген
Таңшолпан Төлегенмен сұхбат барысында ©Дарын Шөкенов

Саяхаттар алдында нені білу керек?

Саяхаттарда не суық, не ыстық жаққа бару керек екен. Сонда қандай киім аламын деп қиналмайсың. Заттарың да аз болады. Әйтпесе, мынау да керек болып қалар, анау да керек болып қалар деп бәрін салып алып, соңында ауа райы сен күткендей болмай шықса, қиналып қаласың.

  • Менің бір танысым магистратураға Еуропада өтетін екі апталық тағылымдама үшін түскен. Бұлай істеудің қажеті жоқ. Шығынның жартысын университет көтергенімен, келгенде оның есебін бір тиынын қалдырмай өткізуің керек. Олар тек тағылымдамаға қатысты дүниелерге жұмсалуы тиіс. Ал басқа шығын өз қалтаңнан. Одан да ақша жинап, өзің барған тиімді.
  • Ақшаны Қазақстаннан еуроға ауыстырып шықтым. Кейін әр елдің валютасына еуродан ауыстырып отырдым. Осылай жасаған тиімді. Мысалы, менің осы 10 күндік саяхатыма барлығы 300 мың теңге кетті (билет пен визаны қоса есептегенде).
  • Бүкіл жерде кез келген қызмет үшін чек береді. Магниткаларды сумкаға емес, қалтаға салып өткен жөн. Әйтпесе, ұшаққа мінерде тексергенде оның не екенін көрсетуді сұрайды.
  • Саяхаттауға кроссовки киіңіз. Еуропада барлық жер асфальтталған. Басқа аяқ киім ыңғайсыз.
  • Еуропада free walking жобасы бар. Ол арқылы қаланы тегін гидтің көмегімен топ болып аралауға болады.
  • Бір жаққа барар кезде адамдардың пікірлерін оқыңыз. Бір ғимаратқа кірерде де солай істеу керек. Себебі ол төлеген ақшаңа лайықты әсер қалдыра алмауы мүмкін.

Мына нәрсені әлі түсінбей жүрмін. Жақын уақытта Қырғызстан, Өзбекстан сияқты туризмді жолға қоя алмайды екенбіз, тым болмаса туристік аймақтар, нысандарға баратын жолды жөндеп қоюға болады ғой. Мысалы, Алматы облысындағы Шарын шатқалы қандай әдемі жер! Бірақ жолы нашар. Алматыдан 4 сағатта барып, 4 сағатта қайтасың. Турист келуі үшін сол жолды 2 сағатқа қысқарту керек. Өз елім туралы айтып бергенде, туристердің келгісі келіп, қай жерлерге баруға кеңес беретінімді сұрайды. Сонда осы Шарынды, Қайыңдыны, Бурабайды айтайын десем, жолы есіме түсіп, айтсам ба-айтпасам ба, деп екі ойлы болып қаламын.

Solo Trip артықшылықтары

Маған жалғыз саяхаттаған өте қатты ұнады. Ертеңгі күнге еш нәрсе жоспарламауыңа да болады. Біреудің көңіліне қарап жүрмейсің. Егер жаныңда адамдар болса, бір жаққа бару үшін оның барғысы келетінін-келмейтінін сұрауың керек қой. Жалғыз жүрсең, саяхатыңа «өзің би, өзің қожа» боласың.

Таңшолпан Төлеген
Таңшолпан Төлеген ©Дарын Шөкенов