Оқушылар арасында робот құрастырудан байқау өтті

Жасөспірімдердің шығармашылық белсенділіктерін арттыру, білім саласындағы роботехниканы насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 11 мен 17 жас аралығындағы 160-тан астам үміткер қатысты. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Сүлейменованың сөзінше, бүгінгі таңда өңірде шамамен 119-ға жуық робототехника сыныптары жұмыс істейді.

Инновациялық идеялар байқауының нәтижесі бойынша мектеп оқушылары арасында бірінші орынды Көкшетау қаласындағы «Роботрек» клубының «Роботрек» командасы иеленді. Ал, колледждің білім алушылары арасында бірінші орынға Степногорск қаласындағы №2 Индустриялдық-техникалық колледжінің командасы лайық деп танылды.

Байқау жеңімпаздарын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтады.

«Өткен жылғы байқаумен салыстырғанда биыл қатысушылардың саны екі есеге көбейгені жастарымыздың робототехникаға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Жуырда ғана біз Астанадағы ЭКСПО қалашығымен меморандумға отырдық. Біздің ақмолалық оқушылар басқа облыстардың жас зерттеушілерімен тәжірибе алмасуы үшін келесі байқауымызды осы  ЭКСПО қалашығында өткізуге ұсыныс білдіргім келеді», ­- деді облыс әкімінің орынбасары.

Дереккөзkazinform.kz