Басты бетЖаңалықтарСанкт-Петербургте Құрманғазы...

Санкт-Петербургте Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы аталып өтті

Ресейдің мәдени астанасында өткен салтанатты шараны жергілікті қазақтардың «Атамекен» ұйымы мен Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы бірлесіп өткізді. Шараға Атырау облысының әртістері де арнайы барып, өнер көрсетті.

Петербор қазақтары үшін биыл қос қуаныш қатар келді. Жергілікті қандастарымыз Әз-Наурызбен бірге күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойын бірге атап өтті. Салтанатты кеш Санкт-Петербургтегі «Ресей — менің тарихым» атты ең жаңа, ең үлкен мұражай кешенінде ұйымдастырылды. Үлкен зал ұлттық өнерге сусындаған көрерменге лық толды.

Наурыз — жыл басы, береке бастауы. Бұл мерекені Петербургтегі қазақтар 92-інші жылдан бері үзбей тойлап келеді. Ондағы мақсат — жат жұртта жүрген өскелең ұрпақты ұлттық тамырынан ажыратпай, салт-дәстүрді жастайынан санаға сіңіре беру.

«Осында жүргендіктен өз тілімізді, мәдениетімізді мадақтағымыз келеді. Сондықтан, Наурызбен қоса Құрманғазының 200 жылдығын атап өтіп жатырмыз», — дейді Санкт-Петербургтегі «Атамекен» қоғамдық ұйымының президенті Сәрсенғали Құспанов.

Петербургтегі алуан ұлттың өкілі өзара тату тұрады. Сондықтан, түрлі диаспора өкілдері бір-бірін қолдап, кез келген шараны бірлесіп өткізеді. Сол себепті, бұл кешке жергілікті қазақтар мен студенттер ғана емес, өзге ұлт өкілдері де молынан келді.

Ленинград облысындағы Достық үйінің директоры Владимир Михайленконың айтуынша, Ресейдің Қазақ елімен қарым-қатынасы ерекше. Себебі, кезінде Ленинград қоршауда болғанда, қаланы қорғаймыз деп қаншама қазақтың жан тапсырғанын білеміз. Сондықтан, Наурыз біздің де мерекеміз. Петербургтің орысы да, еврей мен татары да бұл күнді бір кісідей тойлайды. Себебі, Наурыз біздің жақындастыра түседі.

«Өте тамаша, жақсы өтті. Көңілімізден шықты. Осында тұратын көптеген халықтар, қазақ халқы жиналды. Өте ризамыз. Осындай шаралар әлі де көбірек болып тұрса дейміз», — деген тілегін білдірді Санкт-Петербург қаласының тұрғыны Гүлшат Ниеталина.

Биыл күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына — 200 жыл. Осы мерейтойға Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау олыстық филармониясының әртістері арнайы келді. Дәстүрлі әндерді айтып, Құрманғазының көпке танымал күйлерін орындаған өнер ұжымы жұрттың ықыласына бөленді.

Атырау облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сағымпазұлының пікірінше, Құрманғазының шығармалары тек қана ұлы даламызда, мәңгілік елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өзінің орны болатынына ешқандай күмән болмауы тиіс.

Атамекеннен алыста жүрсе де ауызбірліктен ажырамаған ағайын, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын үнемі ұлықтап жүреді. Мәселен, бұған дейінгі жылдары Санкт-Петербургте Жамбыл Жабаев пен Мұхтар Әуезовтің мерейтойлары өткен. Барша қазаққа қастерлі мейрам — Тәуелсіздік күнінің де ескерусіз қалған кезі жоқ.

Дереккөзkazinform.kz