Басты бетЖаңалықтарОңтүстік Кореяда...

Оңтүстік Кореяда тіл және домбыра үйірмесін ашу жоспарда бар — қазақ диаспорасы

Қандастарымыз 2012 жылы өз алдына «Томирис» атты қоғамдастық құрып алған. Оған таңғы самал елінде отбасын құрған немесе оқуға келген Қазақстан азаматтары да мүше. Әзірге бірлестікте 30-ға жуық адам бар. Барлығы қазақтың ұлттық мейрамдарын әркез бірге тойлайды.

«Былтырғы жылы жазда қазақ елі шақырып, бесінші құрылтайға барып келгенбіз. Сол уақыттан бері Кореяда бүкіл қазақтарды жинап, бас қоссақ деген ой туды. Әрбір адам өз үлесін қосып отыр. Сол алыста жүрсек те, қазақ елі жүрегімізде», — деді Кореядағы қазақ диаспорасының өкілі Есімгүл Түсіпбекова.

Ұлыстың ұлы күнінде Сеулдегі Жаһандық орталықтың мұрындық болуымен мерекелік дастарқан жайылып, концерт ұйымдастырылды. Қоғамдастық алдағы уақытта Оңтүстік Кореяда қазақ тілі мен домбыра үйірмесін ашуды жоспарлап отыр.

 «Қазақ тілі сабақтарын, өкінішке қарай, әлі өткізіп жүрген жоқпыз, мықты мамандар да шынымен жоқ әлі. Орыс тілін жүргізіп жатыр бірақ. Енді қазақ мектебін ашсақ, қазақи үйірмеден бастасақ па деген мақсатымыз бар. Домбыра сабағын өткізгенбіз, оған енді қазақтың азаматтары ғана емес, Корея азаматтары да көп қызығушылығын білдіріп отыр», — Кореядағы қазақ диаспорасының тағы бір өкілі Динара Қошқарбаева.

Дереккөз24.kz/kz