Басты бетЖаңалықтарДенис Никиша...

Денис Никиша шорт-тректен әлем чемпионатында үздік ондыққа енді

Қостанай облысында туып-өскен Д.Никиша 1500 метр қашықтықта бесінші орынға ие болса, 500 метрлік бәсекеде жетінші сатыға табан тіреді. 1000 метрлік жарыста ширек финалдан аса алмағанымен, көпсайыс қорытындысында тоғызыншы орынға көтерілді.

«Әлем чемпионатына Қазақстаннан Денис Никиша екеуміз ғана бардық. Ерлерден Нұрберген Жұмағазиев пен қыздардан Ким Йонг А қатысуы керек еді. Канада елшілігі Мәскеуде, виза алу үшін он бір күндей уақыт қажет. Екеуі виза алып үлгермеді. Соған қарамастан, Денистің көпсайыста тоғызыншы орын алуы — жақсы нәтиже. Өткен жылы 21-орынды қанағат тұтқанбыз. Әлем чемпионатына сақадай сай болу үшін кемінде бір апта бұрын келу керек. Канада, АҚШ пен Қазақстан арасындағы уақыт айырмашылығы — 11 сағат. Сондықтан күні бұрын келіп, мұндағы ауа райына бейімделу де үлкен рөл атқарады», — деді шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.

Сондай-ақ, ол алда ерлер мен әйелдер арасында көпсайыстан Қазақстан чемпионаты өтетіндігін де айтты.

«Осымен маусым бітеді. Содан кейін жаңа құрама жасақтап, келесі Олимпиадаға дайындық жұмыстарын бастаймыз», — деп түйді бас бапкер.

Дереккөзkazinform.kz