Гүлім Рысқұл: Әкемді нағыз кәсіби маман деп айтар едім

Біз төрт ағайындымыз. Менен кейінгі інім Аңсар 18-де. Оның арман-мақсаты мүлде басқа, өз ойы бар. Біреу ренжіп қала ма, жоқ па деп қиналып жатпайды, тік сөйлейді. Қазір политехникалық колледждің 3-курс студенті. Болашақ мамандығы — техникалық бағдарламалаушы. Отбасымыздың еркесі Жансаяның жасы 10-да. Аңсар екеуміз оқыған №141 мектепте 5-сыныпта оқиды. Сабағы, жүріс-тұрысы тиянақты. Ерке болғасын ба, барлығымызға деген махаббаты ерекше. Ал кенжеміз Әмір Шах 2 жаста. Үйіміздегі еркеміз әрі бұзығымыз. Анамыз күліп: «Нағыз әкесіне тартқан бала», — деп отырады (жымиды).

Жарас Сәрсек
Жарас Сәрсек, қыздары Гүлім мен Жансая ©Дарын Шөкенов

Өзім әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдағанмын. Әкем де осы қара шаңырақты бітірген. Сол кісінің ізімен келемін. Бірақ әкемдей мықты емеспін (жымиып). Қазір Абай атындағы ҚазҰПУ-дың мәдениеттану мамандығында магистратурада оқимын.

Поэзия оқығанды жақсы көремін. Ал әкемнің өлеңдерін оқығанды одан да қатты жақсы көремін. Себебі… Себебін түсіндіру де қиындау. Оның жазғандарын жанымнан өткізе алатын сияқтымын. Әрине, бәрін түсінемін деп айта алмаймын, өйткені Жарас Сәрсектің өлеңдері ауыр. Әр жолында үлкен мағына жатыр. Өтірік ұйқасқа салмаған, өмірдің өзін үйлестіріп жазғандай әсер қалдырады. Жеңіл-желпі дүниелер жазбайтыны тағы бар.

Кез келген саланың маманы болады және ондай мамандар көп, ал кәсібилері аз болады. Әкемді поэзия әлемінде де, журналистикада да кәсіби маман деп айтар едім.

Гүлім әкесінің «Ертегіден келген қыз» өлеңін оқып берді: 

Білетіндеріңіздей, Жарас Сәрсек қазақ еліне ақын ретінде танылған адам. Бірақ мен журналистикада оқыған соң, әкем әртүрлі баспасөз беттерінде жарияланған өзінің материалдарын көрсетті. Әкеміздің тиянақтылығы сонша, техникалық мүмкіндіктер болмаған кезде жарияланған материалдарының журнал бетіндегі қиындыларын сақтап, жиыстырып қойған. Соларды теріп, жинақтау бақыты өзіме бұйырды.

Жарас Сәрсек
Жарас Сәрсек отбасымен©Дарын Шөкенов

Бізге бірінші курста ұстаздарымыз: «Кезінде журналистер бомждардың тағдырын жазу үшін бомж болып та көрген», — деп аңыз қылып айтқаны есімде. Сол аңызды жасаушылардың бірі менің әкем екен ғой. «Кезбе ғұмыр» деген материалын жазу үшін, шын мәнісінде солармен («бомждармен») сырлас, мұңдас болып танысқан. «Түрмедегі тіршілік» деген материалын жазу үшін түрмеге, тек қана қатаң режимде қылмысын өтеп жатқан әйелдердің бөліміне барады. Айта берсең, көп.

Мұнда айтқым келгені, Жарас Сәрсекті азамат ретінде барша қазақ сыйлап мойындайды, оның ақындығы қандай болса, журналистикасы да сондай мықты әрі тиянақты. Мен үшін әкем ғана емес, журналистикаға, шығармашылыққа бағыт беруші ұстаз — осы кісі.

Әкем өте қарапайым адам. Өтірік айтпайды, мақтанбайды. Көп адамдар өзінің кішкентай жақсылығын асырып, кемшіліктерін жасырғысы келеді. Ал Жарас Сәрсек ондай емес. Өтірікті және өтірік айтып тұрған адамды жек көреді. Біздің де содан аулақ болғанымызды талап етеді. «Ешқашан өтірік айтпаңдар. Біреуге мықты болып көрінбеңдер, мықты болыңдар. Мақтанбаңдар»,- дейді. Сосын үйде әкем жинаған кітапхана бар. Соларды оқытады. Кейде мені сынап: «Пәленбай деген автордың кітабы үйде бар ма еді?» — деп сұрап қояды. Онысы оқып, біліп жүр дегені. Ол үнемі көңілге қарап сөйлейді, кейбір дүниелерді мысалдап, мақалдап жеткізеді. «Көңіл қымбат па, көк дөнен қымбат па» дегендей, біз де ешкімнің көңіліне келетін сөз айтпауға тырысамыз. Қыз бала болған соң, «Жар таңдауда қателеспе»,-деп, әзілдеп алысқа кетпеуімді айтып отырады.

Аңсар Рысқұлов: Біз өзгелерге «Жарастың балаларымыз»

Жарас Сәрсек
Жарас Сәрсек, жары Үміт Қыдырмаева, ұлы Аңсар ©Дарын Шөкенов

Әкеміз жұмыста болғанда анамыз: «Дұрыс жүріңдер, сендер анау-мынау емес, Жарас Сәрсектің балаларысыңдар. Сендермен әкелерің мақтанатын болсын. Ұятқа қалдырмаңдар», — деп үнемі құлағымызға құйып отырады. Үйге менімен жасты, кейде үлкендеу жігіттер келіп әкемнен бата алып, ақылын тыңдайды. Тіпті әкемнің өзінен үлкен ағалар «Жарас аға» деп ақылын сұрап келіп отырғанда кеудемді мақтаныш кернейді. Алайда бұл — тәкаппарлық пен өзімшілдік емес, сондай адамның ұлы болғанымды мақтан тұту сезімі. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген мақал бар ғой, ес білгелі бері әкемнің жай ғана Рысқұловтар әулетінің перзенті емес, елдің адамы екенін түсініп, көріп келе жатырмын.

Әкемнің туған жері Сүмбеге жылына бір рет барып тұрамыз. Ол — Ұйғыр ауданындағы бірде-бір ұйғыры жоқ ауыл. Барған бойда әкеміз бізді бейіт басына апарады: марқұм Рысқұл атамыз бен Мейрамхан апамызға топырақ саламыз. Ауыл деген рахат: тап-таза, тыныш. Демалып қайтамыз. Әулетте де біз қарапайым балалар емеспіз – «Жарастың балаларымыз».

Отбасымыздағы басты адам ретінде әкем: «Адам бол. Қарапайым бол. Ақылды бол. Кітапты көп оқы. Түсініп оқы. Мың жерден байып, миллионер болып кетсең де, сен қарапайым Жарас деген азаматтың баласысың», — дейді.

Бірде ол бала кезіндегі әңгімесімен бөлісті. Таңғы сағат 5-тер шамасында марқұм Рысқұл атамыз әкемді оятып алып, астауға су құйдырады екен. Жарас Сәрсек – диқаншының баласы ғой. Сөйтіп шаруалары біткенде, үйге келіп әкеме самаурын қайнатқызады. Ондағысы Мейрамхан апамызға баласының ілтипатын, махаббатын көрсеткісі келгендіктен шығар деп ойлаймын. Әкем де «Аналарыңды сыйлаңдар» деуден еш жалықпайды. Үнемі айтып отырады. Мен де кейін балаларыма сөйтетін шығармын…

Әкем бізге себепсіз мүлдем ұрыспайды. Бірақ бір ашуланса, қатты айтады және үнемі дұрыс болады. Басында біз өз шындығымызбен бірбеткейленіп тұрамыз да, кейін біздің әңгімеміз күлкілі болып қалады. Бастапқыда ұрысқанда ақталуға тырысатынмын, қазір жай ғана тыңдап тұрамын.

Әкеміз — «Үркер» журналының бас редакторының орынбасары. «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім»,«Керуен көшіп барады», «Қастерлім», «Түнемел», «Жан – арымның жарығы» сияқты кітаптары жарық көрген ақын, баспа саласында көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан журналист.

Үйде әкем көзімізше бізді мақтамайды, бірақ анамыздың айтуынша, сыртта жүргенде үнемі бізбен мақтанып отырады екен. Анда-санда қатты риза болып кеткенде, ынталандыру үшін бір мақтайды да: «Қатты мақтанып кетпеңдер»,- деп қояды. Оның бізге деген махаббатын, жылуын сезінеміз. Сол үшін бақыттымыз!

Шабытым оянғанда дауысымды актерлер сияқты мәнерге келтіріп, әкемнің өлеңдерін оқимын. Техниканың тілін жақсы меңгергендіктен әпкем оқыған өлеңдерді де өңдеймін.

Жансая Рысқұлова: Мектепте барлығы маған қызығады

Жарас Сәрсек
Жарас Сәрсек отбасымен©Дарын Шөкенов

Мектепте «Әкем ақын, журналист»,- деп мақтанып отырамын. Барлығы маған қызығады. Еркін тақырыпта өлең жаттауға берген кезде, өз сыныбыма әкемнің өлеңін оқып беремін. Демалыс күндері оның кітабын алып, өлеңдерін оқып, жаттаймын. Бір газетке немесе журналға материалы шықса, анам үнемі алып, бізге оқытқызып, сақтап отырады.

Маған әкем: «Бес ал демеймін, біліп-түсініп оқы. Бүгін оқығаныңды екі жылдан кейін сұраса да, біліп отыратындай меңгеріп оқы»,- деп жиі айтады. Сосын: «Әпкең мен ағаңды тыңда, ініңе қамқор бол»,- деп ескертіп отырады. Бірақ маған ұрыспайды. Керісінше, көңіл-күйім болмай отырса, «Менің қызымды кім ренжіткен?»- деп еркелетеді (жымиды).

Жарас Сәрсек: Қазір ұрсып тәрбиелейтін заман емес

Өзім үлкен отбасында дүниеге келгендіктен, балаларыма көпшіл болуды үйретемін. Адаммен қалай араласу керек, кіммен қалай сөйлескен дұрыс, ағайын-туыспен, доспен қарым-қатынас жөнінде ақыл-кеңестерімді беріп отырамын.

Қазір біздің кезіміздегідей ұрып, ұрсып тәрбиелейтін заман емес. Балаларға бәрін сабырмен түсіндіру керек.

Жарас Сәрсек
©Дарын Шөкенов

Журналист, қаламгер болғандықтан, баспасөзде жарық көрген бала тәрбиесіне қатысты материалдарды оқытуға тырысамын. Баланың өзінің оқығаны, ойына түйгені сенің бір айтқаныңнан жүз есе артық. Осы жағына басымдық беремін.

Былай қарасаңыз, балаларым ақымақ та емес, сотқар да емес. Оларда адамды жүре тыңдау деген ұғым жоқ. Қанмен берілетін дүние шығар. Менің әке-шешем бізге жүріс-тұрысымен қандай өнеге көрсетсе, балаларым да әкесіне, шешесіне қарап үлгі-өнегені бойларына сіңіріп келе жатыр. Балаларым артық кетіп бара жатса, тыйым салуға тура келеді. Оның үстіне Алматы — ауыл емес, қала. Ауылдың жағдайында бүкіл ауыл баланы тәрбиелейді. Қалалық тіршілікте балаң артық кетіп бара жатқанда тыйым салмасаң, одан мүлде айырылып қалуың мүмкін.

Қалада баланы аула тәрбиелейді. Аулада не көреді, қандай әңгіме естиді, соның бәрін үйге әкеліп төгеді. Сондықтан аулада кімдермен ойнап, кімдермен сөйлесетіндерін қадағалайтын кездеріміз болады. Ыңғайға көнбей бара жатса, қатты айтуға тура келеді. Ал жақсы тірліктің барлығына рұқсатымды беремін. Мысалы, күні бойы қадалып компьютерде отырғанша, театрға, концертке, кітапханаға барамын десе, екі қолымды бірдей көтеріп, мақұл көремін. Ондай кезде ұстамаймын. Арандап қалады-ау деген күмән, күдік болмайды. Өйткені ол болашақ өміріне пайдасы бар, өзін тәрбиелейтін рухани ортаға кетіп бара жатқанын білесің.

Ұлым арманын маған, қызым анасына айтады. Анасы балаларымның не айтқанын менімен бөліседі. Сондай кезде ақылдасып отырып, бала-шағамыздың қай нәрсеге ыңғайы болса, сол ыңғаыймен жіберейік деген келісімге келгенбіз.

Балаларымыздың армандарына: «Жоқ, олай істеуге болмайды»,- деп, тыйым салған жоқпыз. Болмаса, әкелік парызға салып, үлкендік көрсетіп: «Сен олай жүрме, былай жүр»,- деп армандарына шектеу де қоймаймыз.

Мысалы, ұлым Аңсар о, баста футболшы болуды армандады. Қаршадайынан бастап футбол клубтарына апардық. Қалада балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол клубтары көп. Солардың арасынан болашағы бар, ертең Қазақстан намысын қорғайтындай футболшы дайындап шығаратын клубты таңдап, бардық. Қалалық, республикалық деңгейде жап-жақсы нәтижеге жетіп келе жатқанда, екі рет аяғынан жарақат алды: бір рет тобығын тайдырды, бір рет тізесі сынды. Сонымен футболшы боламын деген арманын қойды. Одан кейін IT саласына бейімі бар. Сол ыңғайымен жібердік. Ол компьютерге, жаңа бағдарламалар ойлап табуға құмар. Сол себепті 9-сыныптан кейін IT колледжге оқуға бердік. Қазір сонда оқып жатыр. Құдай қаласа, үмітіміз зор. Жақсы-жақсы жаңалықтар ашамын деп жүр. Құдай мұратына жеткізсін деп қолдап отырамыз.

Жарас Сәрсек
Жары Үміт Қыдырмаева, ©Дарын Шөкенов

Үміт Қыдырмаева: Мінезін өлеңдерінде ғана көрсетеді

Жәукең — балапандарымыздың тірегі, менің тірегім. Мінезі өте жұмсақ. Балаларға ұрыспайды. Ол — жақсы псиxолог. Қыздарын еркелетіп, ұлдарын қаталдау ұстауға тырысады. Бірақ, төртеуі де біз үшін кішкентай, біз үшін тең. «Өмірдің балаларға қандай сынақ дайындап тұрғанын білмейміз, бізге еркелемегенде кімге еркелейді?!»- деп отырады.

Гүлім мен Аңсар есейді, туған күндерге, отырыстарға барады. Жәукең олар келмейінше ұйықтамай күтіп отырады. Сосын, әр баланың неге қабілеті жететінін, мүмкіндіктерін менен бұрын байқайды. Біреудің көңіліне тиетін ауыр сөздер айтқанын көрмеппін. Жұмысы мен отбасымыздағы мәселелерді араластырмайды.

«Ақынның жары болу қиын» деп жатады, бірақ олай емес. Себебі Жәукең ешқашан оғаш қылық танытқан емес. Бір-бірімізді түсініп, сыйласып келе жатырмыз. Аллаға мың шүкір. Өзі айтпақшы, «бүкіл мінезін өлеңдерінде ғана көрсетеді». Үнемі айналасындағыларды түгендеп, жағдайларын сұрап отырады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!