14 наурыз — Көрісу күні

14 наурыз күні жасы кішілер ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді. Татулыққа бастайтын бұл жол ислам қағидаттарына да өте жақын.

Бұл мереке Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді.

Көрісу — қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Бұл мерекені Маңғыстау өңірінің жұрты Амал мерекесі деп те атайды.

Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді. Мәселен, биыл алғаш рет Қызылорда облысында осы мереке тойланбақ.

Сондай-ақ, бұл күні әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Бір ерекшелігі — Көрісу бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

Дереккөзkazinform.kz