Кәсіпті “нөлден” бастау оңай емес

Қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 4 курсында оқимын. Болашақ мамандығым – ғарыштық техника және технологияларды дайындау. Қосымша айналысып жүрген кәсібім мамандығыммен тығыз байланысты. Болашақта әуе кемесін дайындайтын болсақ, қазір құрлықтағы көлік түрлерінің қыр-сырын меңгеріп жүрмін.

Адамдар қателесуден қатты қорқады ғой. Мен де кәсіп бастамас бұрын жүз ойланып, мың толғандым. Өзім техникаға қызығамын. Алайда, техниканың ауқымы кең. Қай саласын қолға алсам екен деп барлық саланы зерттеп шықтым.

Астана қаласынан автодүкен ашу туралы идеяға келіп тоқтағаныммен, студентте кәсіп бастауға қажет қаражат қайдан болсын? Кез келген нәрсені “нөлден” бастау қиын ғой. Әсіресе, сауда-саттық саласында алғашқы капитал маңызды рөл атқарады. Сондықтан, ойға алған идеяны жүзеге асыру үшін бір жыл бойы дайындалдым.

Кәсіпкер
©baribar.kz

Ең маңыздысы – сенімді серіктес

Кәсіп бастай салу оңай іс емес. Ол үшін қаншама құзырлы мекемеден құжат жинап, рұқсат алу керек. Бұдан бөлек, дүкенді жалға алу, тауар әкелу, бағасын белгілеу, тұрақты тұтынушы табу сияқты машақаты көп.

Бизнесте “серіктес” деген ұғым бар. Серіктесі сенімді, мықты адамдардың ғана тасы өрге домалайды. Алғаш кәсіп бастағанда арқасүйерім де, ақылшым да әпкем мен жездем болды. Әлі оқуымды аяқтамағандықтан, көп уақытым оқу орнында өтеді. Дәл қазір диплом жұмысын жазып жатырмын. Осы кезде әпкем дүкенге бас-көз болып отыр. Кәсіпте ең маңыздысы – сенімді серіктес.

Тегін нұсқаулық береміз

Нағыз молдалар қырық жыл оқуы керек екен. Бірақ, қазір 4-5 жылдық біліммен де молда болуға болады. Көліктерді танып-білу де сол сияқты. Алғашында дүкенге келушілерде “20 жастағы жігіт көлік туралы не білер дейсің?” деген ой болатыны заңды. Адамдардың бәрі инженер болуға міндетті емес. Алайда, көлік тізгіндеп жүрген нәзікжандыларды қойып, ағаларымыздың өзі көлік құрылысы туралы біле бермейді.

Кәсіпкер
©baribar.kz

Біздің автобөлшектер сататын дүкеннің ерекшелігі – тегін нұсқаулық беруінде. Маған көліктерді зерттеген қызық. Дәрігерлердің барлығы адамның іш-құрылысын білуге міндетті. Ақ халатты абзал жан атына лайық болу үшін мен асқазанды ғана, бауырды ғана емдей аламын деп науқасты өлімнен арашаламай қарап тұруға болмайды ғой. Көлікте де сол сияқты. Бір жерінен ақау шықса, басқа бөлшектеріне де зақым келеді. Сондықтан, дер кезінде “аурудың” алдын ала білу керек.

Автодүкендегі сатушы білімді, жан-жақты, елгезек болуы керек. “Мен тек қана қажетті май мен құрал-сайманды сатумен айналысамын, не керек екенін техникалық жөндеу орталығынан сұрап-біліп келіңіз. Міне, дөңгелек, өзіңіз ауыстырып алыңыз” деп отыратын сатушыларды көргенде ашуым келеді. Қазір, шүкір, қазақстандықтардың жағдайы жақсы. Түрлі-түрлі көліктер мінеді. Әр көліктің өз ерекшелігі болады. Бәрін зерттегім келеді. Осының арқасында аз уақыттың ішінде тұрақты тұтынушыларымыз пайда болды. Негізі, автодүкеннің ашылғанына алты айға жуық қана уақыт өтті.

Автобөлшектер мен майлардың барлығы дерлік шетелден келеді. Біз оны доллардың құнымен сатып аламыз. Алайда, доллардың бағамы күн сайын өзгеріп отыратыны белгілі. Осы тұста ұтып та, ұтылып та жатамыз. Бірақ, бағаны бірқалыпта ұстап отыру өте маңызды.

Кез келген кәсіпкерде қаржылық сауаттылық болуы керек

Қателесетін адамдарды ұнатпаймын. Өзім де кәсіп бастарда қателеспеу үшін барлық жағынан дайындалдым. Қазір кәсіп бастаймн деген адам өзін жан-жақты дамыта алады. Ол үшін ешкімнің ақыл-кеңесі де, тренингтерге қатысудың да қажеті жоқ.

20 жастағы жігіт нені білсін? Құжаттармен жасалатын маңызды жұмыстарды былай қойғанда, дүкен ашу үшін атқарылатын ұсақ-түйек шаруалар да жетерлік. Оның бәрін айтып оқырмандарды қорқытпай-ақ қояйын. Салық төлеу, жалға орын алу, тауарларды тасымалдау, қарапайым коммуналдық төлемдерді есептеу үшін кез келген кәсіпкерде қаржылық сауаттылық болуы керек. Оны ғаламтор арқылы да, тәжірибе арқылы да меңгеріп алуға болады.

Кәсіпкер
©baribar.kz

Тауардың құнын қолжетімді етуге тырысамын

Астанада автодүкен көп. Бастысы өз аудиторияңды қалыптастырып алу керек. Ол үшін келген адам сенің дүкеніңнен өзіне қажетті заттың бәрін таба алуы керек. Демек, дүкенді кеңейту, қажетті заттармен толық қамтамасыз ете білу керек.

Өзім де көлік тізгіндеп жүргендіктен бұрын автодүкендерге жиі бас сұғатынмын. Әр дүкенде баға әртүрлі. Қазір өзім саудамен айналысып жүрген соң, бағаны тым асқақтатып қоятындардың көп екенін түсіндім. Салық, дүкенді жалға алу, коммуналдық төлемдер мен тасымалдау құнын қосқанның өзінде тым артық баға қоятын дүкендерді көргенде халықтан өзім ұялатын болдым. Сондықтан, автодүкендегі бағаларды барынша қолжетімді етіп қоюға тырысамын.

Адамдардың алданудан қорқып қалғаны қынжылтады

Келушілердің көпшілігі күдікпен қарайды. Адамдар бір-біріне сенуден қалып барады. Мені осы жағдай қатты қынжылтады.

Автодүкенде арзан тауарлар өтімді болып келеді. Бірақ, олардың жарамдылық мерзімі ұзақ емес. Сапалы тауарлар қымбат тұрады. Дегенмен, арзан, қымбат, орташа бағадағы тауарларды да алып қоямыз. Келушіге айырмашылығы мен пайдасын түсіндіруге тырысамыз. Бизнестің басты мақсаты пайда табу болғанымен, мен сапаға жұмыс істегенді дұрыс деп білемін.

Қарапайым адамдар нарық заманында алданып қалудан қатты қорқып қалған. Қымбат заттың өзін күдікпен сатып алады. Арзан затты алған тұтынушылар араға ай салып алдыма келіп тұрады. Тауарлардың сапасына қатты мән беремін. Мысалы, антифриз сатып алған адам көлігім қатып қалды деп келіп тұрса, біздің дүкеннің атына сын. Шүкір, осы күнге дейін мұндай оқиғаға тап болған жоқпыз.

Кәсіпкер
©baribar.kz

Машинаға да махаббат керек

Сіздің өміріңізде автокөліктің рөлі қандай? Біреулер көлікті тек қатынас құралы ретінде, кейбіреу мақтан ретінде пайдаланады. Темір тұлпар көп күтімді қажет етеді. Ол да бала сияқты. Қарапайым көзбен қарасақ, екі дөңгелек бірдей, екі бірдей майдың да сыртқы көрінісі ұқсас болып көрінеді. Әр көліктің өзіне лайық құрал-сайманы болады. Олардың айырмашылығын нағыз маман ғана біле алады.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!

Пікір қосу