Басты бетЖаңалықтарДанат Жумин:...

Данат Жумин: Әрбір екінші студент мемлекет есебінен білім алады

Партия өкілі өз сөзінде бес әлеуметтік бастаманың басым бөлігі жастарға бағытталғанын және жоғары білім мен жатақхананың суперқолжетімді болатынын атап өтті.

«Президент қазіргі 54 мың білім грантына тағы 20 мың гранттың қосылатынын хабарлады. Өткен жылы Қазақстан мектептерін 136 мың бала бітіріп шыққан. Демек, 74 мың білім грантымен Қазақстандағы әрбір екінші студент жоғары білімді тегін ала алады. Жоғары білім жай ғана қолжетімді емес, суперқолжетімді болады. Себебі, түлектердің бір бөлігі шетелге кетеді, колледжге түседі немесе әскерге кетеді. Бұл тұрғыда, әрине жастарға үлкен мүмкіндік ашылғалы тұр», — деді Данат Жумин «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында Елбасының бес әлеуметтік бастамасын талқылауға арналған сарапшылар кездесуінде.

Сонымен бірге, Д. Жуминнің айтуынша, қосымша бөлінетін 20 мың білім гранттарының қай ЖОО-ларға берілетініне баса мән беру қажет.

«Қосымша білім гранттары қай өңірге, қай ЖОО-ға беріледі деген сұраққа кеше министр «Мектеп түлегі қай оқу орнын таңдаса, грант сонда беріледі» деп жауап берді. Мұның дұрыс әлде бұрыс екенін білмеймін. Мәселен, бізде жастар мен еңбек күшін маман қат өңірлерге көшіретін «Серпін» бағдарламасы бар. Елбасы бастамасымен бөлінетін қосымша гранттарды да жастарға қажеттілік туындап отырған аймақтарға бөлу қажет есептеймін. Әрине, жатақханаға да сұраныс Астана, Алматы қалаларында жоғары. Себебі мұнда пәтерақы қымбат, адам көп. Бірақ, біз жастардың қай жерге көбірек барғанын қаласақ, сол жердің жағдайын жақсартуымыз қажет. Себебі бұл — үлкен ақша және дәл осы үлкен қаражаттың басты саяси мақсаттарымызға жұмсалуы маңызды», — деп өз сөзін түйіндеді Данат Жумин.

Еске сала кетсек, Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария етті. Осы орайда үшінші бастама жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға арналды.

«2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Дереккөзkazinform.kz