Дүйсенбідегі жаттығулар қиын болады. Залға іштей дайындықпен жетеміз. Үйден шығарда, ауруды сездірмейтін арнайы дәрілерді ішіп аламыз. Бұл күні ауыр салмақтарды бағындыруымыз керек.

Нұрлыбекова Арай, ауыр атлетика
© Дарын Шөкенов

Ата-анам алғашында қарсы болды. «Әлі кішкентайсың», «қыз баласың» деген сөздерді жиі естідім. Содан мені хоккейге берді.

Лондон Олимпиадасын теледидардан көрдім. Ауыр атлетика сол сәттен баурап алды. Бұл спорт менікі екенін сездім. «Дегеніме жетемін» деп іштей мақсат қойдым. 

2015 жылы зілтеміршілердің залына құрбым ертіп апарды. Өзі осы спорт түрінен дайындалатын жалғыз қыз еді. Мені де тартты. Үй-ішімді ақыры дегеніме көндірдім.

Нұрлыбекова Арай, ауыр атлетика
© Дарын Шөкенов

Ең алғашқы жаттықтырушым, Мақсат ағай, физикалық күшім болғаннан кейін, бірден ұнатып қалды. Одан кейін техникамды қойып берді. Осылайша, Республикалық дарынды балаларға арналған спорт-мектебіне қабылдандым.

Басында «70-90 киллограмм — мен бағындыра алатын максимум салмақ» деп, өзімді бір жарым жыл шектеп жүріппін. Республикалық спорт колледжіне келгеннен кейін, ағайларым техникама баса назар аударды. Бостау жерлерімді қатайтты. Қазір өзімді күнде жігерлендіріп отырамын. Мотивациялық видеоларды үзбей көремін. Әсері көп.

Нұрлыбекова Арай, ауыр атлетика
© Дарын Шөкенов

Бізге газдалған сусындарды ішуге болмайды. «Буындарды әлсіретеді» деп, тыйым салған. Тәртіпті қатаң сақтауымыз қажет.

Таңертең екі сағат, кешке екі жарым сағаттай жаттығу жасаймыз. Кейде ол үш сағатқа дейін жалғасады. Таңғы 7-де тұрамыз. Жарты сағаттан кейін сабақ басталады. 9-да сабақтар аяқталған соң, таңғы асымызды ішеміз. Одан кейін түскі 12-ге дейін жаттығамыз. Салқын душ қабылдап, түскі асымызға барамыз. Қайтадан сағат төртке дейін сабақ оқимыз. Кішкене демалып алған соң, кешкі жаттығуды бастаймыз. Одан сағат сегіз жарымда шығып, кешкі асымызға барамыз. 22.30-да ұйықтау керек. Бұл — алты күн бойы үздіксіз қайталанатын режим.

Нұрлыбекова Арай, ауыр атлетика
© Дарын Шөкенов

Жақында ҚР чемпионы атандым. Әзірге ірі жеңісім — осы. Алғашқы қадам. Қызылордадағы жарысқа небір мықты қыздар келді. Ағайларым жақсылап жігерлендірді. Соның арқасында өз-өзімді тез жинап алдым. Нәтижесінде жұлқа көтеруден 85, серпе көтерден 113 киллограмды бағындырдым. Дәл жарыс үстінде әдеттегіден жақсырақ шықты. Бірақ бұл — шектеулі салмақтар емес. Бұдан да ауырыр салмақтарды көтеруіме болады. Алайда, осы жолы «чемпион боламын» деп ойламаған едім. «Күтпеген жерден орын алдым», — десем, «еш нәрсе кездейсоқ болмайды», — деп ағайларым жігер қосты. Бұл жарыс өзіме деген сенімділігімді арттыруға көмектесті десем болады.

113 киллограмды көтерген соң, Анджела Чалкарова деген спортшы шықты. Бұл салмақ оған бағынбады. Жеңістің енді менікі екені анық еді. Ештеңе түсінбей қалдым. Бірден анама қоңырау шалдым. Ол айқайлап, қуанышын жасыра алмады. Үйдегілердің барлығы жеңісімді ерекше қуанышпен қабылдады. Есімде жоқ, менің де көзіме жас келді-ау деймін.

Нұрлыбекова Арай, ауыр атлетика
© Дарын Шөкенов

Ауыр атлетикада мінез үлкен рөл атқарады. Бұл қасиет бойымда бар деп есептеймін. Әкемнен, Бауыржан Нұрлыбековтен дарыған болса келсе керек. Ол — еркін күрестен спорт шебері. Кеңес Одағының атынан шығып, түрлі жарыстарды ұтқан.

Жарыс алдында ата-анам қоңырау шалып, дайындығым жайлы сұрайды. «Құдай қаласа, барлығына жетесің» деп ылғи демеп отырады. Бұдан артық қолдау болмас. Бәрі сәтімен болса, 2024 жылғы Олимпиадаға баруды жоспарлап отырмын.

Әр адамның өз мақсаты болады, сонымен өмір сүреді, талпынады. Ал менің мақсатым — зілтемірді бағындыру. Қыз болсам да, ауыр атлетиканы жақсы көріп таңдадым. Енді бұл спортты еш тастағым келмейді. Тіпті жасым отызға жетіп жатса да, осы спортпен айналысамын деп ойлаймын.

Нұрлыбекова Арай, ауыр атлетика
© Дарын Шөкенов

Айбол Кульбаев, Алматы қаласының аға жаттықтырушысы: Қызылордада 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Сол кезде 1-орын алып, Арай бізді қатты қуантты. Екінші, үшінші орын алған қыздар мықты еді. Бірі — Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Олардан қалыспайтынымызға сенімді болдық. Бірақ ұтып кету ойда болмады. Арай үмітті ақтады.

Қазақстан қазіргі уақытта дисквалификацияда. Сол себепті қазан айына дейін ешқандай жарыстарға шыға алмай отырмыз. Арайды Ұлттық құрамаға алу жоспарда бар. Спортшымыз — Олимпиададан көрінетін атлеттің бірі. Өйткені, өте тиянақты, еңбекқор. «Залдан шық» демейіңше, дайындала береді. «Демалу керек» дегенді түсінбей де қояды.

Шыны керек, бұл спортта қыздармен жұмыс істеуге іштей тартынамын. Себебі, қыздар — болашақ ана, оларға нәзіктік қажет. Жаңадан бастайтын қыздарды қабылдамаймын. Алайда, бірнеше жыл осы спортпен айналысып келген, жарты жолдан асып кеткен спортшылардың бетінен қақпаймыз. Хақымыз жоқ. Олардың мақсаты айқын.

Даниэл Есмағамбетов: Арайдың зілтемірге деген ниеті ерекше. Нағыз ауыр атлетке қажет мінезі бар. Жаттығуларды бар күшін салып орындайды. Болашағынан зор үміт күттіреді.

Соңғы кездері ауыр атлет қыздардың саны күрт артты. Бұрын ҚР чемпионаттарына саны төрттен артық қыз қатыспайтын еді. Қазіргі бәсекелестік мүлде бөлек. Бір салмақ дәрежесіне  17-18 қыздан таласады. Әлем бойынша да соңғы 10 жылда әйелдер арасындағы ауыр атлетика бұрын-соңды болмаған танымалдылыққа ие болып отыр. Қазір бір салмақ дәрежесіне 50-ге жуық қыз бақ сынасады.

Медицина дәлелдеді: қыздардың ауыр атлетикамен айналысуы олардың денсаулығына зиян әкелмейді. Бастысы, техниканы дұрыс меңгеру қажет. Осы жолда сүренбей өтетін қазақ қыздарының арасында спортшымыз Арай суырылып алға шығады деген сенімдеміз. Өйткені ол соған лайық жұмыс істейді.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.