Кондуктор саласында жүргеніме 13 жыл болды

Мен Шығыс Қазақстан облысы, Семей өңірі, Мақаншы ауданының тумасымын. 1995 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы кентіне көшіп келдік. Ол кезде балаларымыз кішкентай әрі жас аралықтары да жақын еді. Жолдасымның жалғыз табыс көзі қажеттіліктерімізді өтеуге жетпегендіктен, жұмыс істеуіме тура келді. Сөйтіп, автобус кондукторы қызметі бойынша жұмыс таптым. Міне, биыл «Қарғалы – Алматы» жол бағытындағы автобуста кондуктор болып қызмет атқарып жатқандығыма 13 жылдың көлемі болды.

Балаларым бастапқы кезде намыстанатын еді…

Алғашында балаларым, жолдасым бұл жұмысыма қарсы болды. Бірақ жолдасымның тапқан қаражаты жеткіліксіз болғаннан кейін, үйде бей-жәй қарап, отыра алмадым. Дәл сол кезде енеммен тұратын едім. Ол кісі де жұмыс істеуіме келісімін берді. Туған-туыстарымның тарапынан «бұл жұмысты не істейсің?», «басқа жұмысқа тұрып алсаңшы» сынды пікірлерін жиі айтады. Бірақ отбасылы жандар үшін балаларының қамы бірінші орында. Сондықтан таңнан — кешке дейін шапқылап, тыным таппаймыз.

Негізгі мамандығым – сатушы-кеңесші. Кондукторлық жұмысқа келместен бұрын базарда сатушы болып жұмыс істедім.

Кондуктор
©Қаракөз Дәуренқызы

Кондуктор болудың да өз машақаты мен міндеті бар

«Үлкен шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін қандай жұмыс?» деп сұраса, ойланбастан кондуктор қызметін айтар едім. Сырт көзге оңай әрі елеп-ескере бермейтін жұмыс болып көрінгендіктен, көп адам еңбегімізді жете түсіне бермейді. Халықпен жұмыс жасағандықтан, олардың көңілдерін аулап, тілдерін табу қажет. Таңның атысы, кештің батысы күйбеңдеп, тізе бүкпей, тұрғындарды қажетті жеріне жеткізумен қатар, олардың қауіпсіздігіне де жауап береміз. Басында қатты қиналдым, бірақ уақыт өте келе етім үйреніп кетті.

Адамдардың барлығы бірдей бола бермейді. Әрқайсысында мінез бар. Дөрекілік танытып, ашуға бой алдырып жататын сәттерде өзімді сабырлы болуға шақырамын. Әртүрлі жағдайлар да болып тұрады. Кейбіреулері «ақшам жетпей тұр» десе, біреулер тіпті азын-аулақ жол ақысын төлемей түсіп кетеді. Өз басым мұндай жағдайда түсіністік танытуға тырысамын. Он үш жылда біреумен жаға жыртысып, айғайласып көрмеппін. Әр саланың өз мәдениеті болады. Ал бұл мамандықтың ерекшелігі – әрдайым халықпен сыпайы қарым-қатынаста болу, ықыластарына бөлену .

Кондуктор
©Қаракөз Дәуренқызы

Ауысыммен жұмыс жасаймыз

Жұмыс уақыты таңғы 05:40-тен басталып, кешкі 19:30-ға дейін жалғасады. Қарғалы мен Алматы арақашықтығы 45 километр. Бір күнде үш рейс жасаймыз. Екі күн істеп бір күн немесе бір күн істеп екі күн демаламыз. Автобустың қалаға бет алуы әр жарты сағат сайын жүреді. Адамдар саны да уақытқа байланысты болып тұрады. Таңғы және кешкі уақытта көп мінсе, түскі уақытта азайып қалады. Мұндай жағдай біздер үшін тиімсіз.

Нәпақамызды жалақы ретінде емес, күнделікті қолымызға санап аламыз. Еңбекақымыз бұрындары 2000 теңге болса, соңғы 2-3 жылда 3500 теңгеге көтерілді.

Қазақ қызының автобуста кондуктор болғанын қаламаймын

Соңғы екі-үш жылда бұл салада нәзік жандылардың саны көбеюде. Қазірдің өзінде «Қарғалы-Алматы» бағытындағы кондуктор әйелдер саны — алтау. Негізі бұл қыз бала үшін ауыр жұмыс. Әйел адамның организмі, ер адамдарға қарағанда жаман энергияны тез қабылдап алады. Сегіз сағат дамылсыз екі аяқпен қақайып тұру, қаншама қуатты талап етеді. Дегенмен жұмыстың ауырлығына қарамастан, күнделікті қажеттілікті өтейтін қаражат қажет болғандықтан істеуімізге тура келеді.

Ер адамдар қызу қанды болып келеді ғой. Адамдармен сыйыспай, жаға жыртысып жатады. Ал қыз балалар істеріне тиянақты әрі жауапкершіліктері жоғары болады. Барлық келеңсіз жайттарды ақылмен шешуге тырысады. Қанша жерден жолаушының іс -әрекеті дұрыс болмай тұрса да, сабырға шақырады. Сол себепті ер адамдарға қарағанда, қыздарды жұмысқа көп алады.

Адал жасаған істің ғұмыры ұзақ болады

Жолаушыларға, әсіресе жастарға айтарым: қоғамдық көлікке отырған кезде қоқыстарыңызды қалдырып кетпей, тазалыққа мән берсеңіздер! Өйткені, автобустың тазалығына біз жауаптымыз. Әрине, біз де жолаушыларды түсінеміз. Жұмыстан шаршап, сіркелері су көтермей келе жатады. Дегенмен, сіздер, жұмыс істеп келе жатсаңыздар, біз жұмыс жасап тұрмыз. Осы жайтты ескерсек, арамызда түсініспеушілік болмайды.

Жалпы, қандай да жұмыс істесек те, мейлі қара жұмыс немесе мемлекеттік жұмыс болсын, адал жасаған істің ғұмыры ұзақ болады. Жүргізушілер мен кондукторлар қызметінің қоғамда алатын орны орасан зор. Сол себепті, жұмысымыз дәріптеліп, еңбегіміз бағаланса деген тілегіміз бар.

Кондуктор
©Қаракөз Дәуренқызы

Аллаға шүкір, бақытты отбасылардың біріміз. Балаларым жоғары оқу орындарында оқып, білім алды. Үлкен қызым шетелде білімін шыңдап жатыр. Ата-аналық парызымды өтеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, құда-құдағи атанып отырған жайымыз бар. Бес немеренің әжесімін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!